Лозаннада өткен отырыста Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) қысқы Ойындарға қатысу үшін Корей Халық Демократиялық Республикасына (КХДР) айрықша түрде квота берді. Солтүстік Корея спортшылары 5 дисциплина бойынша үш спорт түрінен сынға түседі. Нақтырақ тоқталар болсақ, шаңғы жарысы, тау шаңғысы, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және әйелдер хоккейі.
Бір ерекшелігі Олимпиаданың салтанатты ашылуында КХДР мен Оңтүстік Корея спортшылары «Біртұтас Корея» туының астында шығады. Туды қос мемлекеттің бір-бір спортшысы ұстап шығады. Ал әнұранның орнына «Ариран» әні шырқалады. Бұл ұсынысты ХОК қабыл алды. Екі елдің спортшылары бір тудың астында соңғы рет он екі жыл бұрын, яғни 2006 жылы Туринде өткен қысқы Олимпиадада шығыпты.
ХОК басшысы Томас Бахтың айтуынша КХДР делегациясында спортшылардан бөлек 24 шенеунік пен 21 БАҚ өкілі болмақ. Ал Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Пенчангқа 550 адам жіберу туралы шешім қабылдады. Оның қатарында 230 жанкүйер, 140 музыкант пен әртіс, 30 таэквандошы (презентация үшін) бар. Ал қалғандары – лауазымды тұлғалар.
Сонымен қатар біріккен әйелдер хоккей командасының құрамына Оңтүстік Кореяның 23, ал КХДР-дың 12 хоккейшісі енді. Әр матчта мұз айдынына кем дегенде үш солтүстіккореялық хоккейші шығуы тиіс.Осыған дейін Олимпиадаларға Солтүстік Корея атынан квалификациялық іріктеуден сүрінбей өткен екі мәнерлеп сырғанаушы қатысып келген. Мәнерлеп сырғанаушылар биылғы Ойындарға уақытында тіркеуден өтпеген. Дегенмен ХОК олардың да қатысуына мүмкіндік берді.
Пхеньян наурыз айында өтетін Паралимпиада ойындарына да спортшыларын жіберуді жоспарлап отыр.
Бәрі қалай басталды?
КХДР басшысы Ким Чен Ын жаңажылдық құттықтауынан кейін Пенчангтағы қысқы Ойындарға Солтүстік Корея спортшыларын жіберу жағын қарастырып жатқанын айтты. Ал Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин бұл істі жылы қабылдап, мәселені талқылау үшін келіссөз өткізуді ұсынды. Келіссөз 9 қаңтар күні сәтті аяқталды.
«Оңтүстік пен Солтүстік Пхенчхандағы Олимпиада ойындарын да, екі ел арасындағы қарым-қатынасты жақсарту туралы маңызды мәселелерді де талқылай алады», деді Корей Республикасының ұлттық қауымдастық істер министрі Чо Мен Гюн.
Өз кезегінде қысқы Ойындарды ұйымдастыру комитетінің басшысы Ли Хи Бём КХДР спортшыларының қатысуы мүмкін екенін естігендегі қуаншын жасырмады. Тіпті, «Бұл жаңа жылға арналған сыйлық секілді», деді ол.
Солтүстік Корея спортта қаншалықты мықты?
Бәлкім, бұл ақпарат спорттан хабары аз жандарды таң қалдырар. Солтүстік Кореяда белгілі бір спорт түрінен әлемдік көшбасшылар бар. Мысалға жазғы Олимпиада ойындарын алайық. Командалық жалпы есепте солтүстіккореялықтар осыған дейін 54 медальға ие болған. Бұл Үндістан, Нигерия секілді ірі мемлекеттердің жетістіктерінен көбірек. Мәселен, Рио-де-Жанейрода өткен Ойындарда бас-аяғы жеті медальға қол жеткізген. Оның екеуі алтын. Командалық жалпы есепте КХДР тізімнің ортасынан көрінді.КХДР Олимпиадада негізінен ауыр атлетикада көзге түсіп келеді. Солтүстіккореялықтар осы спорт түрінен үш әлемдік және екі олимпиадалық рекорд орнатқан.
Футбол. Солтүстік Кореяның әйелдер құрамасы ФИФА нұсқасы бойынша рейтингте 11-орында келеді. 2019 жылғы әлем чемпионатына жолдама ала алмағанмен, өткен жылдың желтоқсан айында Шығыс Азия кубогын жеңіп алды. Оған дейін жастар құрамасы 2016 жылғы Әлем кубогында жеңіске жеткен.
Өкінішке қарай 2011 жылы футболшы қыздардың қанынан рұқсат етілмеген дәрілер құрамы анықталды. Бұл бұрымдыларға айтарлықтай зиянын тигізді.
Ал ерлер құрамасы екі мәрте әлем чемпионатына қатысқан. Команда 1966 жылы Англияда өткен әлем біріншілігінде жартылай финалға дейін жеткен. Ал 2010 жылы Оңтүстік Африкада топтық кезеңмен шектелді. Қазір рейтингте 126-орында келеді. Бас бапкері – норвегиялық Йорн Андерсен. Соңғы рет КХДР халықаралық ойында Қытай құрамасымен кездесіп, 1:1 есебімен тең түсті.
Енді бір қызығы Солтүстік Корея Пенчангтағы қысқы Олимпиадаға демонстративті түрді таэквондошыларын жібермекші. Көпшілікке белгілі КХДР спорттың осы түрінен ерекше дамыған. Мәселен, жақында Пхеньянда өткен халықаралық жарыста Солтүстік Корея спортшылары 22 алтын ұтып алған.
Бір өкініштісі солтүстіккореялық таэквондошылар Халықаралық таэквондо федерациясының қарамағында өнер көрсетеді. Ал оңтүстіккореялықтар Дүниежүзілік тхэквондо федерациясына қарайды. Тиісінше, ол жазғы Олимпиаданың бағдарламасына енген.
Солтүстік Корея спорттың осы түріне баса мән беріп келеді. Дегенмен бұл елде спорттың кез келген түрінен таланттар бала күнінен анықталады. Оларға барынша көңіл бөлініп, жағдайлары жасалады. Халықтың тұрмыстық деңгейі төмен болғанмен, спортшылары заманауи техникамен жабдықталған залдарда жаттығады.
Ал қысқы Олимпиадаға тоқталар болсақ, Солтүстік Кореяның жетістіктері жазғы Ойындармен салыстыруға келмейді. КХДР қысқы Ойындарда небәрі екі медальға ие болған. 1964 жылы Австрияда конькимен жарысудан күміс, ал 1992 жылы Францияда шорт-тректен қола жүлдеге қол жеткізді.
Оңтүстік пен Солтүстік
Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея әлі күнге дейін араз елдер. Соңғы жылдары екі мемлекет бірнеше рет бейбіт диалог орнатпақ болған. Олардың көбіне Сеул тарапы бастамашы болды. Алайда сәтті аяқталуына Пхеньянның ядролық бағдарламасы кедергі келтіріп жүрді. Себебі өткен жылдың өзінде Пхеньян алты рет ядролық сынақ өткізді.
Биылғы жаңажылдық құттықтау сөзінде Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ын ядролық қарудың түймешегі ылғи да қолында жүретінін айтты. Бұған қоса, ол өз елін «бейбіт және ядролық держава мемлекет» деп атауды ұмытпады. Сонымен қатар Оңтүстік пен Солтүстік арасындағы қарым-қатынас биыл Олимпиадаға байланысты жақсаруы мүмкін екенін де жасырып қалмады.
«2018 Оңтүстік үшін де, Солтүстік үшін де маңызды жыл болмақ. Солтүстік өзінің құрылғанына 70 жыл толғанын атап өтеді, ал Оңтүстік қысқы Олимпиада ойындарын ұйымдастырады. Біз екі ел арасындағы байланысты реттеуіміз керек», деді Ким Чен Ын.
Хен Сон Воль
Бірер күн бұрын Солтүстік Кореяның атақты әншісі, «Моранбон» тобының жетекшісі, Ким Чен Ынның сүйіктісі ретінде танылып жүрген Хен Сон Воль жеті адамнан тұратын КХДР делегациясына жетекшілік етіп, Сеулге іссапармен барды. Мұнда делегация мүшелері олимпиадалық нысандарды аралап шықты.
Бір қызығы, осыдан бес жыл бұрын Оңтүстік Кореяның БАҚ өкілдері Хен Сон Вольдің ату жазасына кесілгені туралы ақпарат таратқан еді. Мәліметтер бойынша оған сол кезде Інжіл кітабын сақтағаны және ұятсыз фильмдердің тарауына жол бергені туралы айып тағылған.
Сеулден кейін делегация мүшелері Каннын аймағына барды. Олимпиада кезінде бұл жерде хоккей, мәнерлеп сырғанау, коньки, шорт-трек, керлинг спортынан жарыстар өтеді. Осы үшін бас-аяғы бес спорт кешені тұрғызылды. Бұдан бөлек, олар ашылу салтанатының бағдарламасымен танысты. 9 қаңтарда өткен келіссөздер бойынша Хен Сон Воль 140 әртіс әкелуге міндетті (жоғарыда айтылған).Солтүстік Корея мүшелері бұл елде екі күн аялады. Осы уақыт аралығында олар БАҚ өкілдеріне сұхбат беруден үзілді-кесілді бас тартты.
Жоғарыда айтылғандай Ким Чен Ынның бұл қадамы Оңтүстік Кореямен байланысты реттеудің бір жолы болса керек. Себебі КХДР делегациясы Оңтүстікке төрт жылдан бері ат ізін салмаған.
Дайындаған
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»