Іс-шараға Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева және Талғат Мұсабаев, Дархан Кәлетаев сынды комитеттің бірқатар өкілдері қатысты.
Халық қалаулылары заманауи оқу орнындағы кафедралардағы зертханаларды аралады. Қазіргі таңда білім ордасында оқытудың жаңа тәсілдері мен үлгілері жүзеге асып жатыр. Мәселен жаңа зертхана графикалық, мәтіндік және мультимедиалық ақпаратпен жедел алмасуға, жұмыс картасын жүргізіп, әскери құрылымдарды басқару жөнінде шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар депутаттар университеттегі кітапхана қорымен танысты. Онда әскери салалардың түр-түріне арналған заманауи әлемдік монографиялар, ғылыми мақалалар, оқу құралдары бар. Білім ордасының басшылығы кітапхананың жыл сайын толығып, жаңарып отыратынын айтады.
«Біздің Қарулы Күштеріміз – жаңа қару-жарақпен қамтамасыз етілген заманауи әскер. Салаға цифрлы жүйе мен жаңа технологияны енгізуіміз керек. Бүгінде әскерді цифрландырудың маңызы зор. Еліміз бұл жолға енді түсіп келеді, әйтсе де қазірдің өзінде көкжиегіміз кең екені байқалады. Ал бұл университет заман талабына сай білім береді», деді Сенат депутаты Талғат Мұсабаев.
Университет басшылығының айтуынша, оқу орнында тәлім алатын студенттерге барлық жағдай жасалған. Оларды заманауи біліммен қамтамасыз ету үшін ағылшын тілі курсы да ұйымдастырылыпты. Білім ордасында магистратура, докторантура деңгейін алуға мүмкіндік бар.
Сенат депутаттары әскери ғылыми-зерттеу орталығының жұмысымен де танысып, еліміздің қорғаныс-өнеркәсіптік кешенін әзірлеу барысын бақылап қайтты. Шара соңында комитет төрағасы Д.Назарбаева Құрмет кітабына өз тілегін қалдырды.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»