Аймақтар • 25 Қаңтар, 2018

«Қазақваген» құрастырған

733 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осыдан біраз уақыт бұрын әлеуметтік желілерде әулиеата­лық азаматтың «Қазақваген» көлігін жасағаны туралы жа­зылғ­ан болатын. Қарапайым қой­шының бұл жетістігі бір күнде оны өнертапқыш ретінде танытты.

«Қазақваген» құрастырған

Әдетте «Гелендваген» көлігін жұрттың бәрі біледі. Оның бағасының да қымбат, мүмкіндігінің де жоғары екені белгілі. Ал мына бұрын жұрт естіп-көрмеген «Қазақваген» көлігінің құрастырылуы шынында да елді елең еткізді.

Көлікті ойлап тапқан өнер­тап­қыштың аты-жөні – Төлеген Юсупов. Талас ауданының тумасы. Қарапайым қойшы үш дөңгелекті мотоциклден көлік жасап, оның атын «Қазақваген» деп қойыпты. Алғашында Төлегеннің бұл көлігіне қызыққан көрші­лері оны видеоға түсіріп алып, әлеуметтік желілерге жариялап жіберген. Содан бері «Қазақваген» көлігін қызықтаушылар да, оған тамсанушылар да көп. 

Бір қарағанда «Гелендваген» көлігіне келетін «Қазақваген» сағатына 80 шақырым жыл­дам­дықпен жүреді. Тағы бір артықшылығы, 100 шақырым қашықтыққа 1 литр жанармай жағады екен. Бұл көлік негізінен күн батареясымен жұмыс істейді.

«Қазақваген» жол талғамайды. Үш адам сыятын орны мен жүк салғышы бар. Төлеген Юсупов бұл көлікпен мал бағып, тіпті жа­қын­дары мен достарының тойы­­на да баратынын айтады. Ал атал­ған көлікті өнертапқыштың қалай жасап шығарғанын білгісі келетіндер де көп. Әуелі өнер­тапқыш үш дөңгелекті мотоцикл­ге қозғалтқыш пен руль ор­нат­қан. Одан кейін сыртын алюминиймен қаптапты. Өзі көлікті құрастырып шығаруда ешқандай шығын болмағанын айтады. Оның ішінде қуаттағыш, пеш, кондицио­нер де бар екен. Дауылда да, жауында да, аяз бен аптап ыстықта да жол талғамайтын «Қазақваген» көлігіне біраз азаматтар тапсырыс беріп қойыпты.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы