26 Қаңтар, 2018

Қазақтың қаймағын сыпырған

994 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Адамзат тарихында нақ жиырма­сын­шы ғасырдай әрі ұлы, әрі дү­лей ғасыр сирек кездескен-ақ шы­ғар. Осынау алапат ғасырда демо­графиялық тұрғыдан алғанда дәл қазақтай шығын көрген халық жоқ екендігін жаны жаннатта болғыр бас демограф-ғалымымыз Мақаш Тәті­мов ағамыз да әркез ізерлеп айтып отырушы еді. Халқымыздың саны ғана еселеп кеміп қойған жоқ, сапасы да құлдырады. Әсіресе 1937-38 жыл­дардың сүргіні қазақтың ақыл-ойына, зиялысына келген ғаламат зауал болды. 

Қазақтың қаймағын сыпырған

1915 жылы Ахмет Байтұрсынов: «Әлхәм­дулла, 6 миллион қазақ бармыз!» деп шүкіршілік айтатын Алаш қауымы Ұлы Отан соғысы аяқталған 1945 жылы өзінің демографиялық ең төменгі шегіне – 2 миллион 650 мыңға ойсырап түскен екен. Тағы да табиғи даму заңдылығы бойынша 30 жылда кемінде екі есе көбеюдің орнына екі есе артығымен кеміп кеткен. Ал енді мұндай кепиет атқыр кесапаттарда халықтың халықтық қасиеттері шайқалмағанда қайтпек?

Ертеректе мынадай бір әңгіме ес­ті­генім бар еді: егер Францияның, айта­лық, ең мықты деген 50 мемлекет қай­раткерін, 50 физигін, 50 математигін, 50 әскербасысын, қысқасы, әр саланың сорпа бетіне шығар елу адамын жоқ қылып жіберсе, онда біраз уақытқа дейін Франция Франция болуын, мемлекет ретінде өмір сүруін тоқтатады, француздар ұлттық кемелділігімен қоштаса тұрады. Осындай «аз ғана» шығынмен-ақ Франция сияқты алпауыт елдің өзін мүсәпір кейіпке түсіру мүмкін болса, қазақ сияқты ұзын-ырғасы екі жүз жылдық отарлық тепкіде болған саны аз халықты елдігінен айыру үшін әр саладан 10-15 азаматтан «теріп» әкету жеткілікті болғаны ғой. 

Қызыл қуғын-сүргіндер уақтысында біз­дің буыны жаңа бекіген жас ұлттық интеллигенциямыздың тартқан тақсыре­тін, көрген қорлығын, баудай түсіп, қыршындарынан қиылғанын ойлағанда, осы қасақана қастандық емес пе екен деп еріксіз секем аласың. Қазақ зия­лыларының дүркін-дүркін толассыз қудаланып қиянат шегуінде әлдебір сұмдық сыр, зымиян қысастық жатқан жоқ па екен, әйтпесе неге қайта-қайта... деп кеудеге күмән толтырады екенсің. «Сила народа в его интеллигенции» дей­тін Чехов тәмсілі де осындай шерлі пікір­ге жетелейтіндей.

ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ зиялыларының азаматтық, интел­лектуалдық деңгейі аса жоғары болғаны жалпыға мәлім ақиқат. Кеңестік шығыста түркі халықтарының ішінде қазақ зия­лылары ең мықтысы болғандығына ешкім таласа қоймас. «Біздің Әлекеңмен (Әлихан Бөкейхан болар) екі сағат сөйлесуге жараған Ленин де сабаз екен!» дейтін сөздің шығуы да сол мықтылықтан ғой. Осы дегдар парасат иелеріне, қазақ­тың ақыл-ойының қаймағына келген зауал аса қатты болуы, арыстарымызды шетінен жусатып кетуі қарапайым халық­тың өзін де әбден үркінді, запыс қылып шошындырып тастаған-ды. Әлбетте мұндай жағдайда елде – ие, жерде кие қалмайтыны белгілі. Кеңестік залым саясаттың көздегені де, көксегені де осы болса керек. Осындай зұлым пиғылдан саяси зұлматқа ұласқан қазақтың қаймағын сыпыру науқаны аса қарқынды жүргізілуінің астарлы себебі де сол демеске әддіміз жоқ. 

Қызыл үкімет 1929 жылдан бастап бұрынғы Алашорда қайраткерлеріне шүйлікті. Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов сынды нағыз Алаш арыстары аласталды немесе жер аударылып сотталды, белсенді өмірден шеттетілді. Ал ежовщинаның қылышынан қан тамған 1937-38 жылдары атылғандардың көбі большевиктер. Осы ретте адамның жа­нын түршіктіретін оқиға – 1938 жыл­дың 25 ақпанынан 13 наурызға дейін Алматыда 631 адамның атылуы. Бұл қазақ үшін – азалы ақпан, налалы нау­рыз. Қызыл саясаттың осы қандықол қылмысы аяулы азамат Санжар Оразұлы Жандосовтың ізерлеуімен, «Әділет» қоғамының ыждағаттауы арқасында Мәскеуден алдырған құнды құжаттар негізінде анықталып, әшкереленген болатын. Күн сайын орта есеппен 43 адамды атып отырған. Сөйтіп қанды қасапты «стахановтық» екпінмен он бес күнде аяқтап шыққан. Осы кезде мұндай зұлматты қасап бойынша Қазақстан бо­йынша қызу қарқынмен жүргізіліп жатқан болатын. 
Бұлардың бәрі тікелей Мәскеудің пәрменімен, КСРО Жоғарғы соты әскери коллегиясы көшпелі сессиясының үкімі­мен атылған адамдар. Осыншама қазақ зиялысын тып-типыл етіп, қанға бөктіріп қа­сап жасау үшін Орталық бір ғана өкі­лін, диввоенюрист Горячевті жіберуді әб­ден жеткілікті деп тапқан.

Жендет желкесін қиған 631 адам­ның 80 пайызға жуығы қазақ зиялылары. Айталық 1938 жылдың 25 ақпанында С.Аспандияров, Қ.Жұбанов, Т.Жүргенов, Ұ.Қараманов, С.Меңдешев, С.Сейфуллин, І.Қабылов, Б.Майлин, Ж.Шанин, 27-сі күні З.Темірбеков, 28-і күні О.Жандосов, 3 наурыз күні М.Масанши, А.Розыбақиев, Ә.Досовтар атылған. 

Осыдан 80 жыл бұрын қазақ халқы­ның зиялыларына келген қанды қырғын осылай жалғаса берген. Ұлт қаймағын сыпырған осы қызыл қылмысқа бүгінгі ұрпақтың қарғыстан басқа айтары жоқ.

Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»