19 Қараша, 2011

Ұшағы бар ауыл

349 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
«Егемен Қазақстанның» арнайы жобасы: Жасампаздық жемістері Жиырма жылдың ішінде атқарылған игі істердің арқасында әрбір өңіріміз өзгеріп, өміріміз жақсарып келеді. «Егемен Қазақстан» газеті осындай өркенді өзгерістерді бейнелейтін материалдарды тұрақты жариялап тұрады. Төменде Павлодар облысындағы Шарбақты ауданының Орловка ауылынан фоторепортаж беріліп отыр.  Облыстағы Орловка деп аталатын ауқатты тұрмыста өмір сүріп жатқан бұл ауыл Шарбақты ауданында орна­лас­қан. Ауылда әртүрлі ұлт өкілдері тұрады. Ал, осындағы «Победа» деп аталатын серіктестікті Александр Поляков басқара­ды. Биыл шаруашылық елімізде бірінші бо­лып, ауылшаруашылық жұмыс­тарына пай­да­лану­ға арналған  СМ-2 «Синтал» мар­калы екі орындық шағын ұшақ сатып алды. Шаруашылығыңды дөңгелентіп, мол табыс тауып, пайдасын көрген деген осы, ауыл үшін ұшақ сатып алу да түк емес екен, ол да трактор, мәшине, комбайндар секілді, ауылшаруашылық техника­лары­ның бірі ретінде шаруашылық жұмыс­тарына қаты­са­ды. Серіктестікте 88 трак­тор,  61 комбайн, 70 мәшине бар. Ша­мамен 450 кило жүк көтеретін, саға­ты­на 160 шақы­рым­ды алатын жылдам­дығы бар, ай­наласы 100 метр қарато­пырақты жерден ұшып-қона алатын Ре­сей­дің  Рязань қаласында  шыға­рыл­ған С-2 «Синтал» ат­ты ұшағы Алек­сандрға бір көргеннен-ақ ұнапты. «Син­талдың» ауыл­шаруашылық алқаптарына шашатын хи­мия­л­ық сұйық­тық құятын  125 литрлік құтысы бар және осы сұйық­тық­ты шаша алатын қондырғы орнатылған. Ұшақтың бағасы 10 миллион теңге. Әрине, ұшақты сатып алмай тұрып, біз оның  серіктестікке қандай пайда әкеле­ті­нін әбден есептеп алдық. Ал, қазір пайдасын  көрудеміз. Жалғыз ғана сұйықтық шашу үшін емес, басқа да жұмыстарға пайда­лану­ға ыңғайлы, дейді Александр. Ұшқыш Виктор Девтьеров пен механик Сергей Каляку бұл жұмыстардың барлығын ойдағы­дай атқарады. Александрдың өзі де ұшақпен ұшып, бүкіл алқаптарын биіктен қарап көріп шығуға мүмкіндік алды. Негізгі бағы­ты мал және егін өсіру болып келетін серіктестікте  ауылдың 400-дей адамы жұмыс істейді. Бұл күндері 37 мың гектар алқабы бар болса, оның 25 мың гектарына егін өсіреді. Бидайдың элиталық 4-5 түрі бар. Мал тұқымын асылдандыру жұмыстарын қолға алуда. Мал соятын қасапхана ашыл­ды. Тонналаған ет пен сүт күнделікті облыс орталығына жіберіледі. Алып астықкеп­тіргіш жұмыс жасап тұр. «Победа­лық­тар» күнбағыс майын өздері өндіреді. Және ауылдың әлеуметтік өміріне де Александр көмектеседі. Серіктестік өз есебінде тұрған мәдениет үйін, балабақшаны ауылға тегін қайтарып берді. «Ақботада» бүгінде 50 бүлдіршін тәрбиеленуде. Былтыр Орловка ауылында тұратын, серіктестікте жұ­мыс жасайтын Денис пен Ольганың от­басында болашақ ауыл иелеріндей болып, Татьяна, Игорь, Наталья атты үшемдер дүниеге келді. Арнайы бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газеті­нің Павлодар облысындағы меншікті тілшісі Фарида БЫҚАЙ.