29 Қаңтар, 2018

Ауғанстанға тыныштық керек

1456 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әлемдік бейбітшілік пен тұрақ­тылыққа кері ықпал жасап отырған факторлардың бірі – Ауған­­стан Ислам Республи­касын­дағы жағдай. Се­бебі Ауғанстаннан тыныштық кеткелі 40 жылдан асты. Жер көлемі Қазақ­станның үштен біріндей болатын бұл елде 35 мил­лиондай адам өмір сүруде. 

Ауғанстанға тыныштық керек

Олардың 50 пайыздан астамы – пуштундар. Елде тәжік, өзбек диаспораларымен аралас түрікмен, қазақ, хазар, белудж этностары бар. Сүннит мұсыл­мандар – діндар халықтың 85 пайызы. Халық біртұтас ұйыспаған. Этнос­аралық татулық нашар. Діни радикалды Тали­бан қозғалысы билік үшін күресін жал­ғас­тыруда. Түрлі террористік күштер Ауған жерін паналауда. Бұған қосымша әлем­дік басым державалар өз геосаяси мүд­делерін тықпалауда. Ауған халқы олар­дан адам айтқысыз зардап шекті.

Бейбіт Ауғанстанды құруға көмектесу – өркениетті елдер міндеті. Қазақстан осы ізгі іске өз үлесін қосып келеді. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше ретінде Қазақстан Ауғанстан мәселесін Орталық Азия аумағындағы бейбітші­лік пен ынтымақ мәселесі контексінде көтеру­ді көздейді. Ең алдымен, соғыстан және ішкі қайшылықтардан титықтаған Ауған­станға донор мемлекеттердің инвес­тицияларын тарту маңызды. Халықара­лық қаржы ұйымдарының, трансұлттық корпора­ц­иялардың назарын осы елге аудару қажет. Ауған мәселесіне қатысты дебаттар шеңберінде Ауғанстанға қаржы салу елдегі бейбітшілікті нығайтып, әлем тыныштығына қосылған үлес бола­тын­­дығын Қазақстан әлемдік қоғам­дас­тыққа жеткізуде. Ол үшін Ауған­станның үлкен әлеуеті бар, оның сауда-экономикалық байланыстарға дайын мемлекет ретіндегі имиджін қалыптастыру маңыз­ды. Бейбіт шаруашылық инфрақұ­рылы­мын жасауға көршілес елдер қол созбақ. Қазақстан бұл елге сапалы ұн беруде. Көлік, энергетика салаларында ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнауда. Қазақстан 700-ден астам ауған студенттерін тегін оқытуда. Бұл елге әлемдік қоғамдастықтың қамқорлығы мен гуманитарлық көмегі жеткіліксіз. Халықтың негізгі топтарын шаруа­шылыққа, бизнеске, кәсіптік дайын­дыққа тартуды ұйымдастыру өз деңгейінде емес. Тек есірткі өнімдерімен айналысу ауған халқының болашағына балта шабу екен­дігін әрбір азаматтың түсінуі маңызды. Әлем­дік наркотрафиктің 40 пайыздайын иеленіп отырған елде түбегейлі эконо­мика­лық реформалар жасау өте қиын. Дегенмен әртараптанған экономика жасау шараларын бастамай болмайды.

Қазіргі кезеңде Ауғанстан үкіметі саясатының бағыт-бағдары АҚШ пен Батыс мемлекеттеріне тәуелді. АҚШ-тың ірі әскери корпусының ауған жерінде тұруы ішкі қайшылықтарды тежеуші фактор болып отырғаны да шындық. Соны­мен қатар ауған басшылығы көрші­лес Пәкістан, Иран, Үндістан, Орталық Азия мемлекеттерімен сауда-экономи­калық байланыстарын күшейте бастауы оң құбылыс. Мысалы, Қазақстан 2017 жылдың бірінші жартысында Ауған­станға 196 млн доллар көлемінде тауар экспорт­таған. Бұл – ел қазақ ұнын ең көп тұтына­тын ел. Екі ел саудасы бір жылда 10 пайызға өскен. Бірақ, ауған экспорты 0.66 млн доллар көлемінде ғана. Алдағы уақытта көлік-логистика саласын дамытуға көмек беру жоспарлануда.

Қазақстанда 2014 жылы «Дамуға ресми көмек туралы» заң қабылданған. Осы заңға сәйкес Елбасы «2017-2020 жылдарда дамуға ресми көмек саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі бағыттары туралы» Жарлығына қол қойған. Осы құжат Қазақстанның Ауғанстанның бейбіт даму жолына көмек беру мүмкіндіктерін айқындайды. Әрине, көмек беру Қазақстанның мүдделеріне бір мысқал да зиянын тигізбеуі тиіс. Бұл елдің тұрақты дамуы наркотрафик пен тер­ро­ризм қаупін төмендетіп, Қазақстанға да өзінің позитивті ықпалын тигізеді. Екін­ші­ден, қазақ тауарлары үшін бұл ел тұ­рақты нарық алаңына айналады. Үшін­шіден, Орталық Азиядағы мемлекеттер ынты­мағы нығая түседі. Сондықтан, Ауған­станның әлеуметтік-экономикалық дамуы­на мүдделілік, көмектесу шараларын іске асыру жоспарланған. Бейбіт шаруа­шы­лықты ұйымдастыру, өзара сауда-саттықты жандандыру кажеттілік болып есептеледі.

Сөзден іске көшудің тиімді шараларын Қазақ-ауған үкіметаралық комиссия­сы жүзеге асыруда. Қазақстан бизнесі бір­тін­деп Ауғанстан нарығына кіре бас­тады. Университеттер ауған жастарын түрлі мамандықтар бойынша оқытуда. Әлбетте, Қазақстан Ауғанстан мәселесін жеке өзі шеше алмайды. Біздің елдің ынтымақ пен көмек үлгісі басқа елдердің Ауғанстанға қол созуына ықпал ететіні ақиқат. Әлемдік қоғамдастықтың қуатты әлеуеті, трансұлттық корпорациялардың мол қаражаты ұзақ жылдар қиналған ауған халқына бағытталса үміт ақта­лары сөзсіз. Елдің бір орталыққа бағы­натын тиімді билігін нығайту, экономика­сын ұйымдастыру арқылы ғана нарко­мафиялық топтарға соққы беруге болады. «Исламдық жиһад» идеясымен улан­ған террористік топтарды залалсыздандыру шаралары да халық бейбіт өмірге бет­бұрыс жасаса ғана жүзеге аспақ. Халық «мен пуштунмын», «мен тәжікпін», «мен өзбек­пін» деп бөлінбей, «біз ауғандықпыз» деп бірегейленіп, ұйысса ішкі тартыс­тар тоқталып, сыртқы жаулар шегінері шын­дық. Қазақстанның Ауғанстанға бағытталған ізгілік миссиясының мәні осында.

Сайын  БОРБАСОВ,

саяси ғылымдар докторы, профессор