Өнер • 29 Қаңтар, 2018

Чюрленистің «жұмағы»

337 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Чюрленистің «жұмағы»

Литваға келген саяхатшылардың:

– Сәті түссе, Чюрленистің картиналарын көрер ме едік, – деген тілегін есті­генде экскурсия жетекшісі едәуір ой­ла­нып қалды.

Содан соң:

– Біз қазір Вильнюсті аралап жүрміз ғой, – деп жымиды. – Ал Чюрленистің мұражайы Каунас қаласында.

Сөйтіп...

Біз ертеңіне Вильнюстен жүз шақы­рым­дай жердегі Каунасқа қарай тартып кеттік.

Жол бойы – сыңсыған ағаш, шоқ-шоқ тоғай, қалың орман. Екі күннің бірінде жаңбыр сіркіреп өтетіндіктен, далада бір түйір шаң жоқ. Аспан ашық. Ауа таза. Көк жүзіндегі шөкім-шөкім бұлттар жел ұшырған мақтаға ұқсап әр тұсқа бір ілініп қалған сияқты.

Әрі кетсе, екі сағатқа жуық жол жүрген болармыз. Алдымыздан біз келе жатқан қаланың қақпасы айқара ашыл­ғанын білдіріп, «Каунас» деген жазу көзге шалынды.

Міне, Чюрленистің мұражайына да келіп жеттік. Бірінші қабатта лит­валықтар мақтаныш тұтатын сурет­ші-композитордың музыкалық шығар­маларын тыңдауға арналған шағын зал бар екен. Онда М.Чюрленистің «Теңіз» атты симфониялық поэмасы жазылған күйтабақ ойнап тұр. Қызғыш түспен көмкерілген қаракөлеңке залдың ішінен баяу қалықтап шыққан нәзік әуен өзінің бір кездердегі қалың тыңдарманын іздейтіндей...

Иә, Чюрленис тек суретші ғана емес, композитор ретінде де өте құнды шығармалар жазған үлкен талант иесі. Литва халқының дарынды перзенті. Ұлттық мақтанышы. Күнделікті күйбің-күйбің тіршіліктен қолы босамайтын мынау әлемді жарқ еткізіп, күркірете тіліп өткен найзағайдай қысқа ғана ғұмыр кешкен ұлы суреткер.

Микалоюс Чюрленис 1875 жылы 10 қыркүйекте Неман өзенінің жағасындағы Друскеники елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі жергілікті шіркеуде орган ойнайтын Константинас деген кісі болыпты. Ал шешесі Регенсбургтегі католиктерден қысым көріп, осы жаққа қарай жер ауған евангелистердің отбасында туыпты.

Жас баланың музыкаға деген ерекше қабілетін ерте байқаған атақты композитор, князь Михаил Огинский (әйгілі «Огинский полонезінің» авторы) оны өзінің Плунгенадағы музыкалық мектебіне қабылдайды. Оны аяқтап шыққан соң, Варшавадағы музыка институтына түсуіне көмектесіп, арнайы стипендия төлеп тұрады. Сөйтіп, Микалоюс Чюрленис 1899 жылы жоғары оқу орнын тәмамдап, қолына диплом алған күні бүтіндей бір пианиноны сыйға тартады.

Чюрленистің «Орманда» деп аталатын алғашқы симфониясы, шын мәнінде, Литва еліндегі тұңғыш симфониялық шығарма болып есептеледі.

Бұдан соң ол Лейпциг консерваториясына оқуға түседі. Бірақ, арада бір жыл өткенде ұлы композитор, қамқоршы князь Михаил Огинский дүние салып, стипендиясыз қалған Чюрленис оқуын одан әрі жалғастыра алмай, еліне қайтуға мәжбүр болады.

Бірақ, өнерге деген құштарлығы зор талантты жігіт сол жылы күзде Варшаваға барып, Я.Каузиктің сурет мектебінен және К.Стабровскийдің көркемсурет училищесінен дәріс алады.

Ал 1908 жылы Петербургте «Салон» деп аталатын көрме өтетін болып, Сергей Маковский бұрын жұртшылыққа белгісіздеу болып келген жас сурет­ші Микалоюс Чюрленисті соған шақырады. Мұнда келген соң ол біраз суретшілермен танысып, «Өнер әлемі» атты бірлестікке мүше болып кіреді. Сол жылы қаңтар, ақпан айларында осы бірлестік ұйымдастырған көрмелерде оның 125 картинасы жұртшылық назарына ұсынылады.

Әйткенмен, Петербургтегі күндер оның көңіл күйіне, денсаулығына кері әсерін тигізіп, мазасыз күй кеше бастайды. Себебі, бұл істің болашағы бұлдыр, мақсаты түсініксіз еді. Бірлестіктегі суретшілер бейнелеу өнерінің биік мұраттарын тәрк етіп, жұртшылыққа көптен таныс пейзаждарды ғана салумен шектеледі. Ал Чюрленистің мақсаты басқа... мүлде басқа еді. Себебі, ол Б.Леман айтқандай: «Өте анық көретін және көп сырды білетін», суретші болатын.

Иә, Чюрленис картиналарын көр­генде, олардан бұ дүниенің ғана емес, о дүниенің де құпия сырлары қылаң бергендей ерекше күй кешетініңіз рас. Оны тек, көретін көз, сезетін көңіл болса деңіз...

Айталық, мынау «Жұмақ» атты картинасына зер салып қараңызшы. Біз білмейтін мүлде жұмбақ әлем емес пе!..

Әрине, қандай да бір фантастикалық немесе мистикалық дүние адам бала­сы­ның ой-қиялы жететін кеңістіктен алыстап кетсе, мүлде түсініксіз болып қалары хақ.

Сондықтан, Чюрленистің картина­сын­дағы теңізді бірден байқай­тыныңыз даусыз. Бірақ, оның мына дүниедегі басқа теңіздерден мүлде бөлек, бөтен әлем болып көрінетініне іштей қайран қаласыз. Сондай-ақ, оның жағалауы да біз көріп жүрген жағалауларға ұсамайды...

Аспандағы бұлттары да сондай. Көңіл көзі тек осы дүниедегіні ғана көрумен шектелмейтін ерекше бір талант иесінің түйсігінен туған дүниелер.

Адам қиялындағы мұндай бас айналдырар биіктерге көтерілу ол кезде Чюрленистің айналасындағы әріптестерінің ойына да келмеген сияқты.

1910 жылдың көктемінде оның жүйкесі сыр беріп, денсаулығы күрт нашарлап, Варшаваның маңындағы Пустельники елдімекеніндегі жүйке ауруларын емдейтін ауруханаға түседі.

Келер жылы наурыз айында аз-кем есін жиып, туған жерін сағынғанын айтып, ата-анасына жаз айларын Друсни­киде өткізгім келеді деп хат жазады. Бірақ... оның маңдайына жазылған тағ­дыр­дың бұйрығы басқа екен. 10 сәуір күні аяқ астынан дерті қайта қозып, бұл дүниемен қош айтысып кете барады...

Мұражай қызметкері айтқан осы бір әңгіменің әсерінен айыға алмаған күйі біз қабырғадағы М.Чюрленистің суретіне үңіліп, ұзақ қараймыз.

Өңі жүдеу. Өмірде көп қиыншылық көрген жан секілді. Бәлкім, тіршілік тауқыметінен гөрі шығармашылық азабы ауыр тиген болар...

Біз мұражайға ілінген картиналарға жағалай көз салып, олардың астындағы жазуларды іштей күбірлеп оқып келеміз: «Күн сонатасы», «Көктем сонатасы», «Теңіз сонатасы», «Жұлдыздар сонатасы», «Жыландар сонатасы», «Пира­ми­да­лар сонатасы», «Мұң», «Менің жолым» және «Жұмақ» т.б.

Мына картиналардың сюжетінен, расында да, музыка естіліп тұрғандай болады.

М.Чюрленистің замандастары жазып қалдырған естеліктерге қарағанда ол ақ көңіл, ашық-жарқын, өз ойын жасырмай тіке айтатын адам болғанға ұқсайды. Өзін өте қарапайым ұстайды екен. Дегенмен, оның бойындағы бір тылсым қасиет ерекше байқалып тұратын көрінеді.

Сол жылдардағы ағылшын консулы­ның әйелі Галина Вельманның ес­телігінен: «Чюрленис ортамызда бол­ған кезде, біз өзімізді үнемі жақсы қы­ры­­мыздан көрсетуге тырысатынбыз. Өйткені, оның жанында жаман адам да, жаман ой да болмауға тиісті еді. Ол айналасына жарық сәуле шашып тұратын», деген жолдарды кездестіреміз.

Ал М.Чюрлернистің шығарма­шы­лығы хақында айтқан Б.Леманның:

«Чюрленистің бойына бірте-бірте тереңдей беретін көріпкелдік қасиет дарытып, ақыр соңында «Жұмақ» секілді таңғажайып картина жазуға итермелеген құдіретті күштің екпінін біз еміс-еміс қана шамалай аламыз. Шындығында, ол басқа жұртқа беймәлім нәрселерді анық көріп, тылсым құпиялардың сырын түсіне білді», деген сөзі көп жәйттен хабардар етеді.

Бар-жоғы 35 жыл ғана өмір сүрген талантты суретші өзінің жан дүниесіндегі құбылыстар мен көз алдындағы таң-тамаша көріністерді барша адамзатпен бөлісуге асыққандай...

* * *

Қазіргі кезде М.Чюрленистің «Жұмақ» деп аталатын картинасына қарап тұрып, кім-кімнің де басына: «Ол, бәлкім, өзі көрген жұмақтың ішінде жүрген болар», деген ой келері күмәнсіз.

Нұрғали ОРАЗ,

«Егемен Қазақстан»