Қазақстан • 30 Қаңтар, 2018

Дін саласындағы заң жобасы таныстырылды

531 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы өтіп, онда Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев заң жобасының негізгі ережелерін кеңінен түсіндірді. 

Дін саласындағы заң жобасы таныстырылды

Мәжіліс депутаттары мен мемлекеттік органдардың басшылары, діни және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар қауымы қатысқан жиынды ашқан Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы 4 қыркүйектегі VI шақы­ры­лымдағы Қазақстан Республи­касы Парламентінің үшінші сессия­сының ашылуындағы тапсырмасын орындау мақсатында әзірлен­ген заң жобасының және діни қыз­мет саласындағы қоғамдық қатынас­тарды жетілдіруге бағытталған заңнаманың өзектілігін атап өтті.

Ал таныстырылымда баяндама жасаған Н.Ермекбаев заң жобасын әзірлеудің негізгі мақсаты мемлекеттік-діни қатынастарды жетілдіру, діни қызмет субъек­тілерінің құқықтары мен міндет­терін айқындау, сондай-ақ дін саласын реттеу болып табылатынына тоқ­талды. Сондықтан да заң жобасы аясында 12 нормативтік заңнама­лық актіге 53 өзгеріс пен толық­тыру енгізу көзделген. «Заң жоба­сының ең маңызды нормалары дінді деструктивті мақсаттар­да пайдаланудың кез келген мүмкін­діктерін болдырмауға, мемлекеттік органдардың құзыреттілігін кеңейтуге және діни бірлестіктердің қызметін жеңілдетуге бағытталған», деді Н.Ермекбаев.

Заң жобасында қоғамдық орындарда адамның бет-бейнесін тұмшалайтын киім түрлерін киюге, деструктивті діни ағымдарға жататын киім түрлерін және сыртқы атрибуттарды қолдануға тыйым салуды көздейтін бірқатар нормалар да бар. Сонымен қатар аталған заңнамаға «деструктивті діни ағым» және «діни радикализм» ұғымдарының анықтамасы енгізіледі.

Сондай-ақ Дін істері және аза­маттық қоғам министрі ендігі жерде елімізде ең болмағанда базалық діни білім алмаған азаматтардың шетелге барып діни оқуға түсуіне шектеу енгізу көзделіп отырғанын да атап өтті.

Н.Ермекбаевтың бұл сөзін нақ­ты­лай түскен ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз мұн­дай талап шетелде діни білім алуды құқықтық реттеу ретінде бағала­нуы тиіс деген ойын білдірді. «Біз үшін маңызды мәселелердің бірі – діни білімді беруді және діни уағыз-насихатты міндетті түрде діни бірлестіктің құқығы бар азаматтар, яғни білікті мамандар ғана жүргізуі қажет деген ұстанымды қолдаймыз. Ол аса маңызды. Өйткені елімізде заңнамаларды негізге ала отырып, жұмыс істейтін 2600-ден астам мешіт, сондай-ақ ондаған білім беретін оқу орындары бар», деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, діни білім­ді жетік меңгермеген адамдардың өз көзқарасын айтып, насихат жүр­гізіп немесе теріс ағым мүшелері­нің кейбір пәтерлерде топ құрып, сол жерлерде дәріс өткізуіне қа­тысты осы заң жобасында тиісті ше­шім қарастырылған.

Жалпы, заң жобасын әзірлеуші ма­мандардың пікіріне сүйенсек, мұн­да мемлекеттік қызметшілердің және бюджеттік ұйым қызметкерлерінің де дінге қатысты іс-әрекетін реттеуге бағытталған бірқатар түзе­ту­лер ұсынылған. Сол сияқты діни бірлестіктердің қаржылық қызме­ті­нің ашықтығын қамтамасыз ете­тін арнайы нормалармен де толық­ты­рылған. Сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы діни ілімді таратуды заңнамалық негізде реттеу тәртібі тиянақталған.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»