Қазақстан • 30 Қаңтар, 2018

Еңбек ардагері: Ат тергеудің астарында ұят бар

405 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Еңбек ардагері: Ат тергеудің астарында ұят бар

Ел газеті «Егеменді» жата, жастана оқитын көп апаларыңның бірі боламын. Бұл басылым әулетіміз үшін қымбат саналады. Құдай қосқан жарым марқұм Балғабек Қыдырбекұлы аталмыш газетте ұзақ жыл қызмет атқарды. Айтайын дегенім, газеттің 25 қаңтар күнгі санынан «Ат тергеудің астарында ұят бар» дейтін тұшымды дүние оқыдым. Біздің жас кезімізде ат тергеу дейтін ұғым болды.

Мына бір оқиға әлі күні есімнен кетпейді. Менің туған жерім Ақтөбе өңірі-тін. Тәңірдің бұйырығымен Алматы облысы Ұзынағаш өңіріне келін болып келдім. Бір күні енем жарықтық «қарағым, Сапура қайда барып келдің?» дегені, ойымда түк жоқ «Жамбыл музейіне бардым» дей салдым жайбарақат. Енем: «Жамбыл деп атын атайтындай ол сенің балаң ба еді» деп қатты шүйлікті және бұдан былай үлкендердің атын атама, деп ескертті. Қазір жасым 85-те. Күні бүгінге дейін аталарымыздың атын атамаймын. Қазақтың осы бір құнды дәстүрін жаңғыртқан дұрыс деп ойлаймын.

Сапура СЕЙДӘЛІҚЫЗЫ,
еңбек ардагері

Соңғы жаңалықтар

Еріктілер күш біріктірді

Волонтер • Бүгін, 10:51