Шараға Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов, «ТКШ Қазорталығы» АҚ басқарушы директоры Руслан Кулов және Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің басқарма басшысы Әзімбек Нәлібаев қатысты.
Шара барысында М.Жайымбетов 2015-2018 жылдар аралығында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2 695 км жылу, сумен жабдықтау және су тарту желісі, 21 қазандық, 70 сорғы стансасы, кәріз жүйесі мен су тазарту қондырғылары және басқа да нысандар салынғанын айтты.
«Елбасының Жарлығымен 2015 жылғы 6 сәуірде бекітілген «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасында жылумен, сумен қамтамасыз ету және су бұру жүйесін жаңғыртуға айтарлықтай қаржы бөлінді. Мемлекеттік бағдарлама бюджеттік несие беру және субсидиялау арқылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғыртуды қарастырады. Бағдарламадағы инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесі бойынша 2020 жылға дейін келесі нәтижелерге қол жеткізу жоспарлануда. Олар жылу, сумен қамтамасыз ету, су тарту желілерінің тозуын 67%-дан 53%-ға дейін түсіру және тұтынушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту, шекті тариф қағидаттарын қолдану және мақсатты инвестициялық трансферттерді бюджеттік несиелермен және жеке капиталдармен алмастыру есебінен саланы коммерцияландыру процесін іске қосу, саланы бірыңғай техникалық стандарттарға көшіру», деді М.Жайымбетов.
Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы сөзін қорытындылай келе, министрлік бағдарламаны іске асырудың барысына тұрақты бақылау жүргізетінін, жергілікті атқарушы органдардың қаржыландыру жоспарында көрсетілген мерзімді бұзуына жол бермеу бойынша уақтылы шаралар қабылдайтынын атап өтті.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»