Қазақ аңыз-ертегілері негізінде құрастырылған Ермек батыр туралы комикс алғаш рет АҚШ нарығындағы Amazon платформасында сатылымға қойылды. Құны - 1,99 АҚШ доллары.
Tengri Сomics баспасын құрған Мәдибек Мұсабеков пен Бекзат Мырзахметов студент кезден бері таныс екен. Баспаның идеялық жетекшісі әрі суретшісі, сценарисі Мәдибек болса, өнімнің ұйымдастыру және қаржылық жұмыстарымен Бекзат айналысады.
Комикс сюжетінде ұзақ саяхаттан соң еліне оралуды мақсат еткен Ермек батырдың ерлігі баяндалады. Қазақ хандығы дәуіріне тұспа-тұс келген оқиға тарихи фэнтези жанрына құрылған.
– Шығарма көлемі ауқымды. Кішкентай әңгімеден басталған әңгіме жаңа кейіпкерлермен толыға түседі, қазір 1000 бет шамасында. Жұмыс әлі жалғасады, – дейді Мәдибек.
Қос жігіттің жұмыс контентін платформа бақандай 3 ай тексеруден өткізген. Осылайша 2018 жылы 24 қаңтарда Ermek the Batyr сайтта жарық көрді. Бекзаттың сөзінше, АҚШ стандартымен жұмыс істеу оңай болмаған.
– Біздің мақсатымыз – комикс-өндірісінің ірі ойындарына шығу. Болашақта біздің комикстеріміз туралы фильм түсірілсе деп армандаймыз. Қазір Голливудта идея жетпейді, жаңа әңгімелер қашан да сұранысқа ие. Біздің аңыздарымыз бай әрі әрқилы, – дейді ол.