19 Қараша, 2011

«SPORT» газеті. Кеше, бүгін және ертең

1532 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазақ елінің Тәуелсіздігіне 20 жыл толып отырған толайым күндері әр істің, әр саланың тарихының еске оралатыны заңды құбылыс. Сондай ұмытылмас істердің бірі – Қазақстан спорт баспасөзінің тұңғышы – республикалық «Спорт» газетінің дүниеге келуі. Алдағы есік қағып тұрған 2012 жылдың 1 қаңтарында бұл оқиғаға тура 53 жыл толады. Осы жарты ғасырдан асқан уақыт аясында қазақ спорттық баспасөзі үлкен өзгерістерге ұшырады. Елімізде спорттық баспасөздер қатары өсті, олар алуан түрде өз оқырман, тыңдарман, көрермендеріне жетіп те жатыр. Бірақ сол бүкіл істің алтын бастауы болған тұңғыш спорттық баспасөзіміз – «Спорт» газетінің жөні басқа. Рас, арадағы 53 жылда «Спорт» газеті де көптеген сапалық, маз­мұндық өзгерістерге ұшырады: газеттің көлемі өсті, аты, құрыл­тай­шылары өзгерді... бірақ газеттің жан-жүрегі, өмір-өзегі болар оқыр­маны, сіздер өзгерген жоқсыздар! Газеттер небір қиын кезеңді басынан өткізді. Тәуелсіздік алған жылдардың басында қиын экономикалық жағдайға орай газеттердің жылдап шықпай қалған да кездері болды. Одан бергі аралықта да газетіміз қамқорлықсыз қалып, сіздермен уақытша қауышпаған сәттері болды. Бірақ, бір жақсысы, бәрі артта қалды. Әсіресе, қазақ тіліндегі «Спорт айдыны» аталған газетіміздің 2010 жылдың басынан 2011 жылдың екінші жартысына дейін шықпай қалуы елім, ұлтым деген сезімі бар әрбір басшы азаматқа сын болғанын жасырмай айтамыз. Спорт газеті жаңаша бой түзеп, Алматыдан Астанаға көшіп, аттарын өзгертіп, енді қайта тоқтамастай болып шығып жатыр, қадірлі оқырман. Газетіміздің қазақ тіліндегі атауын да спорт қойып, тек оны латын қаріптерімен өрнектедік, яғни аты – «Sport». Мақсатымыз сол баяғы ұлттық сезімге байлауды – қазақ оқырманына, қазақ баласына ел, әлем спорты құпияларын жеткізіп, жеткіншек ұрпақтың қиялын ояту, тәрбие беріп, спорт әлеміне шақыру. Газетімізде ұлтымыздың саңлақ спортшылары, әлем спортының жұлдыздары жайлы қызықты мақалалар жарияланбақ, небір қызықты ұйымдастыру шаралары болмақ. Мысалы, келесі жылы газет ұзақ жыл жүргізіп келген «Бір атаның балалары футбол ойнайды» атты отбасылық шағын футбол турнирлері өз жалғасын таппақ, газет атынан өзге де жарыстар өткізілмек. Біз өз назарымызды әсіресе қазақ ұлты көбірек шоғырланған ауылдық жерлерге бұрмақпыз. Сондықтан да сіздердің шаңырақтарыңызда келесі жыл бойы «Sport» газеті жатса деген арман бар бізде. Ол үшін сіздер «Sport» газетін республикалық каталогтың 59-шы бетінен тауып алып бір жылға жазылуларыңыз керек. Катологтың бетіне дейін айтып, тәптіштеп жатқанымыз – газет 2 жылдай шықпай қалды, сондықтан республикалық каталогтен түсіп қалды, сіздер де ол жіптің ұшын таппай қаласыздар ма деген алаңдау. Біздің республикалық каталогтегі индексіміз 64190 және 14190 (ұжымдар үшін). Несіп ЖҮНІСБАЕВ, «Sport» газетінің бас редакторы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.