Үкімет • 30 Қаңтар, 2018

Бүгін Үкіметте қандай мәселелер талқыланды?

316 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экономикалық саясаттың 2018 жылға арналған негізгі бағыттары, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру жайы, бәсекелестікті дамыту мәселелері қаралды.

Бүгін Үкіметте қандай мәселелер талқыланды?

Экономикалық саясат қандай болмақ?

Жиында еліміздің экономикалық саясатының биылғы жылға арналған негізгі бағыттары туралы Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов пен Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев баяндады. Т.Сүлейменовтің айтуынша, Үкімет пен Ұлттық банктің мәлімдеме жобасы жұртты еліміздің макроэкономикалық және ақша-кредит саясатының 2018 жылға арналған басымдықтары туралы ақпараттандыру мақсатында әзірленген. Онда макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау, қолайлы бизнес ахуалды қамтамасыз ету, экономиканы цифрландыра отырып дамыту, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту бағыттары бар.

Мамандардың мәлімдеуінше, Үкімет пен Ұлттық банк жүргізетін экономикалық саясат жылдың соңында инфляция деңгейін 5,0-7,0 пайыз дәлізінде қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Осы мақсатты қамтамасыз ету инфляцияны 2020 жылдың соңына қарай 4 пайызға дейін біртіндеп төмендетуге мүмкіндік жасайды деп болжанған.

«Үкімет азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар бағаларының, монополистер қызметтері тарифтерінің негізсіз өсуіне жол бермеуді басты назарда ұстайды, сондай-ақ жасанды тапшылық, бағаға ауызбайластық және жосықсыз бәсеке құру мүмкіндігі жойылады», деді Т.Сүлейменов.

Бюджет саясаты 2018 жылы экономиканың өсуіне, мемлекет-жекеменшік әріптестігін дамытуға және мемлекеттік қаржы тұрақтылығын сақтауға жәрдемдесуге бағытталады. Бұл ретте мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері толық көлемде орындалатын болады. Ал экономика салаларын дамыту мақсатында Индустрияландыру картасы жобасының жобалық қуатына шығуды қамтамасыз ету, сондай-ақ жоғары технологиялы өндірістер үлесін ұлғайту арқылы индустрияландыру саясаты жалғасады. Яғни, 3D-принтинг, Big data және бұлтты технологиялар сияқты «Индустрия 4.0.» элементтерін енгізуді ынталандыру бойынша жұмыс жүргізілмек.

2018 жылы инновацияларға, технологиялар трансфертіне және өңдеу өнеркәсібін цифрландыруға жәрдем беруге назар аудара отырып, «цифрлы дәуір» өнеркәсібінің қалыптасуына бағытталған индустрияландырудың үшінші бесжылдығын әзірлеу басталады.

Агроөнеркәсіптік кешенде ауылшаруашылық кооперациясын одан әрі дамыту есебінен, егіс алаңдары құрылымының әртараптандырылуын және қайта өңделген ауылшаруашылық өнімдері экспортын арттыру бойынша жұмыстар жалғасады. Сондай-ақ көлік-логистикалық инфрақұрылымның одан әрі дамуына «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыруды жалғастыру ықпал ететін болады.

АӨК-ті цифрландыру қалай жүзеге асады?

Үкімет отырысында агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру барысы туралы Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев баяндады. А.Евниевтің айтуынша, АӨК-ті цифрландырудың мақсаты – цифрлы технологияларды енгізу және бизнесті ауыл шаруашылығына арналған АТ-шешімдерді дамытуға тарту арқылы өнімділік пен тиімділікті арттыру.

Агроөнеркәсіптік кешенге цифрлы технологияларды енгізу мақсатында бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігі цифрландыру кеңсесін құрған. Ал қазірдің өзінде бұл салада ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік, астық қолхаттары, несиелік өтінімдерді жинау және басқару жүйесі, ауылшаруашылық техникасының есебі, малды, оның ішінде асыл тұқымды малды есепке алу, су және жер ресурстарын басқару сияқты үрдістер автоматтандырылған. Жалпы, Ауыл шаруашылығы министрлігі 101 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді екен, оның ішінде бүгінде көрсетілетін 62 мемлекеттік қызмет ішінара автоматтандырылған. Алдағы екі жылда 89 мемлекеттік қызмет толық автоматтандырылады деп көзделген.

Өткен жылы несие мен лизинг алуға арналған өтінімдерді электронды түрде қабылдау іске асырылды. Сондай-ақ өтінімдерді уақытылы қарауды бақылау қамтамасыз етілген. Биыл субсидиялаудың 10 бағыты бойынша, 2019 жылы қалған бағыттар бойынша толық автоматтандыру іске асырылмақ. Бұл өтінімдерді қарау мерзімін орта есеппен 2,5 есеге қысқартып, сыбайлас жемқорлық қауіптерін төмендетеді, дейді вице-министр.

А.Евниевтің айтуынша, цифрландыру салаға инвестициялар тарту үшін жаңа қаржы құралын енгізуге мүмкіндік береді. Ол үшін тиісті заңнамалық акті қабылданғаннан кейін 2019 жылдан бастап электронды аграрлық қолхаттар енгізіледі. 2018 жылы жүйені дамыту аясында қауіпсіздікті арттыру мақсатында шетелдік сатып алушылардың астықты сатып алуға қатысуына мүмкіндік беретін «блокчейн» технологиясы, астық тасығышқа онлайн-тапсырыс беру, онлайн-трейдинг жүйелері енгізілетін болады. 2020 жылдан бастап электронды сауданы толық форматта енгізу жоспарланған.

Саланы цифрландыру мақсатында қолға алынған шаралар туралы жиында одан әрі Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев баяндады. Министр 2021 жылға қарай 19 970 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желілерін орнатып, 1249 елді мекенді жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын атап өтті. Бұдан өзге, ауыл шаруашылығы саласына ақпараттық технологияларды енгізуді жылдамдату аса маңызды іс болып отырғанын, бұл бағыттағы оң қадамның бірі – ауыл шаруашылығы үшін мамандарды цифрлы технологиялар бойынша жаппай оқыту екенін жеткізді.

Аграрлық саланы ақпараттандыру жайында сондай-ақ «ҚазАгро» холдингі басқармасының төрағасы Нұрлыбек Мәлелов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, «Амиран» Қазақ тағамтану академиясы зауытының бас директоры Жангелді Әбжаппаров, «Атамекен Агро» АҚ директоры Кентал Исламов сөз сөйледі. Мәселені талқылау қорытындысында Премьер-Министр Б.Сағынтаев Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын экономиканың драйвері ретінде атап көрсеткенін еске салды. Аталған міндетті жүзеге асыру үшін агроөнеркәсіп кешенін жоғары технологиялық, инновациялық секторға айналдыру керек. Премьер-Министр АӨК-ті цифрландырудың тиімділік көрсеткіштерін қайта қарауды, сондай-ақ 2020 жылға қарай «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жол картасына енгізілген ауылдық елді мекендерді кең жолақты интернетпен қамтамасыз етуді тапсырды.

Бәсекелестікті қалай дамытамыз?

 Үкімет отырысында сондай-ақ экономикалық бәсекелестікті дамыту жайы талқыланды. Бұл ретте Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов пен «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметов баяндама жасады. Мәлім болғандай, 2017 жылы бәсекелестікке кедергі келтіретін нормаларды анықтау тұрғысынан 108 заң мен 972 заңға тәуелді актіге ревизия жүргізілген. Көрсетілген заңнамалық актілерге жүргізілген ревизия нәтижесінде бәсекелестікке кедергі келтіретін 144 норма анықталған.

2016 жылы Қазақстанның монополияға қарсы органы ЭЫДҰ-ның Бәсекелестік жөніндегі комитетіне қатысушы ретінде қабылданғаны белгілі. Соған байланысты биыл Қазақстанның монополияға қарсы заңнамасына енгізілген өзгерістердің практикалық қолданылуына талдау жүргізу мақсатында ЭЫҰД сарапшыларының елімізге сапары жоспарланып отыр. Ал 2019 жылы Қазақстан Республикасының бәсекелестік заңнамасы мен саясатына ауқымды шолу жүргізіледі.

Олимпиада ойындарына дайындық қалай?

Отырыста сонымен қатар енді санаулы күндерден кейін Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында басталатын XXIІІ қысқы Олимпиада ойындарына ел спортшыларының дайындығы туралы сөз болды. Дайындық барысы туралы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы баяндады. Олимпиада ойындары 2018 жылдың 9-25 ақпаны аралығында өтеді. Әлемнің 80-ге жуық елінен 5000-нан астам спортшы мен ресми тұлғалар қатысады деп жоспарланған. А.Мұхамедиұлы атап өткендей, алдағы Олимпиада ойындарына біздің ұлттық құраманың 9 спорт түрі бойынша 57 лицензиясы бар.

Министр Олимпиада ойындарының басталуына дейін қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық командалар оқу-жаттығу жиынымен және лицензиялық жарыстарға қатысумен қамтамасыз етілгенін айтып өтті. Жоғары нәтижеге қол жеткізудің маңызды факторы ретінде спортшыларды сапалы құралдармен және жабдықпен қамтамасыз ету мәселелері шешілген.

«Олимпиадалық делегация алдындағы міндет – Сочидегі Олимпиада ойындарының қорытындысынан төмен емес нәтиже көрсету», деді А.Мұхамедиұлы.

Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»