Осы істі қолға алған жергілікті орман шаруашылығымен айналысатын «Орман аймағы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қалдықтардан ағаш түйіршектерін даярлауда.
Ағаш қалдықтары демекші, жақында бір украиналық өнертапқыш ағаш түйіршектерін жағу арқылы жеңіл автокөлік қозғалтқышын іске қосатын құрылғы ойлап тапқаны жөнінде бір қызықты хабар көрдім. Бір салғаннан елу шақырымды еңсеретін әлгі авто көлік иесінің өнертапқыштығына таңдай қаққанымыз да рас. Сөйтсек, таланттар өзімізде де жетіп артылады екен. Ағаш ұңтақтарын өндірістік көлемде өндіріп келе жатқан «Орман аймағы» ЖШС еліміздегі экологиялық таза отын өндіретін бірден бір кәсіпорын.
Негізінен алғашқы зауыт Петропавловск қаласында іске қосылыпты. Ал Бурабай ауданындағы зауыт тек 2017 жылдың қарашасында ашылған. Дей тұрғанмен, кәсіпорын осыншама аз ғана уақыт ішінде салмағы 500 тоннаға жететін ағаш ұңтақтарын өндіріп үлгерді. Жалпы зауыттың жылдық қуаты 3000 тонна отын өндіруге жететіндігін айта кеткен орынды. Компания басшысы Андрей Петроченконың сөзіне қарағанда, ағаш қалдықтарын отын ретінде пайдалану еуропалық елдерде, АҚШ, Жапония және Ресейде кеңінен қолданылса, оның пайда болғанына да 60 жылдан асыпты.
– Ағаш ұңтағы – ол құнарлылығы жоғары отын. Оның пайдалы әрекет коэффициенті 95 пайызға жетеді, бұл ретте көмірдікі шамамен 50 пайыз болса, газ небәрі 30 пайызға бара бар. Негізінен ағаш ұңтағының екі тоннасын жаққандағы жылулығы көмірге сәйкес келетін болса, сол сияқты ағаш отын қымбат тұратын дизелдік отынның тоннасын немесе сығымдалған газды алмастыра алады, – деп атап өтті А.Петроченко. Қазіргі таңда бір тонна биоотынның құны 35 мың теңгені құрап отыр. Компания басшысының айтуынша, аталған отынға деген сұраныс күн сайын артып келеді. Экологиялық таза өнімнің еліміз аумағында ғана емес, сонымен бірге Қытай рыногына көптеп шығарылуы сөзімізге нақты дәлел бола алса керек. Оның үстіне баламалы отын өндіру жобасын жүрзеге асыру құрылтайшының өз қаржысы есебінен жүргізілуде. Ақмола облысында зауыт ашып, жұмысын жүргізуге 120 миллион теңге жұмсалғандығы белгілі болып отыр. Ерекше атап кетерлігі, бұл Елбасының биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа арнаған Жолдауымен астасып жатыр. Өйткені онда ХХІ ғасырда әлемнің табиғи ресурстарға деген мұқтаждығы жалғасуда екендігі ерекше аталған. Олай болса, табиғи ресурстар болашақта жаһандық және еліміз экономикасын дамытуда ерекше маңызға ие. Жолдауда «Кәсіпорындардың энергия тиімділігі мен энергия үнемдеуге, сондай-ақ энергия өндірушілердің өз жұмыстарының экологиялық тазалығы мен тиімділігіне қойылатын талаптарды арттыру керек», деген жолдар қазіргі әлемде қалыптасқан жағдайға байланысты екендігімен түсіндіріледі. Осы тұрғыдан алғанда «Орман аймағы» ЖШС сияқты кәсіпорындарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, ғылыми институттармен тығыз байланыстар орнату уақыт талабы деуге толық негіз бар. Мемлекет пен жеке меншік серіктестігін арттыру арқылы еліміз экономикасын айтарлықтай алға жылжытуға болатынын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Сондықтан «Орман аймағы» ЖШС бұл бастамасы осы бағыттағы қарышты қадамы болуға тиіс.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы