19 Қараша, 2011

Талантқа тағзым

596 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ақын Қасым Аманжоловтың 100 жылдығы Алматыда қорытындыланды «Дүниеге келер әлі талай Қасым» деген атпен биыл Астанадағы Президенттік мәдени орталығы­нан бастау алып, еліміздің әр шалғайында атап өтіл­ген Қасым Аманжоловтың ғасырлық мерей­тойы осы аптада ару қаламыз Алматыда қорытындыланды. Ақынның өзі жырлаған, тіршілік теперішін көрсе де тастамаған Алматысындағы жыр кеші бекзат өнер ордасы – Абай атындағы Қазақ мемлекеттік акаде­миялық опера және балет театрында өтті. Оңтүстік астана зиялыларын бір жерде тоғыстырған кеште Жа­зушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин сөз алып, қалам ұстаған қауымның жақсы сөзін жеткізді. – Қасым Абайдың асқақ тұлғасын, Махамбеттің өршіл рухын бойына бірдей сіңіріп алғандай елестейді. «Берсең бер, бермесең қой баспанаңды, сонда да тастамаймын астанамды», деп рухын аласартпай, асқақ ұстаған ақын небәрі 44 жыл ғұмыр кеш­ті. Алайда, ақынға келте ғұмыр 7-8 поэмасы мен алуан тақырыптағы лирикадан құралған әдеби мол мұра сыйлады. Ол ән болып өрілді, күй болып төгілді, – деді ол. Бұл жолы Алматы қаласы әкімдігі ұйытқы бол­ған кеште өнер шеберлерінің орындауында ақын­ның өлеңдеріне жазылған «Ақ сәуле», «Жас дәу­рен», «Өзім туралы» әндері орындалды. Ақынның өмірі мен шығармашылығының түрлі кезеңдеріне арналған театрландырылған шағын қойылымдар көр­сетілді. Ақын туралы естеліктер айтылып, ол ту­ралы жаңа деректі фильмнен үзiндiлер көрсетiлдi. Қорыта айтқанда, Қасым Аманжоловтың шығармашылығы әрқашан жырсүйер қауымның жадында сақтала бермек, жаттала бермек. Мұның бір дәлелі – үстіміздегі жылы ақынның төрт кiтабы жарық көрді. Оның өмірі мен шығармашылығы туралы бірнеше деректі фильмдер түсірілді. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.