Медицина • 01 Ақпан, 2018

Автобустар жағдайы жақсартылмақ

343 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстан» газетінің 2018 жылғы 16 қаңтардағы санында «Автопарктер тендер шартына сай емес» тақырыбында проблемалық мақала жарияланған еді. Онда Семейдегі автобус парктерінің салғырт жұмысы туралы айтылған. Осы мәселе облыс әкімдігінің назарында тұр. Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, қала тұрғындары алдағы уақытта автобус, көлік тасымалы қызметінде біршама жақсылыққа қол жеткізбек.  

Автобустар жағдайы жақсартылмақ

Мәселен, семейліктер алда­ғы уақытта «InfoBus» мобиль­ді қосымшасы арқылы қала­дағы қоғамдық көліктердің жүріп-тұруын қадағалай алады. Бүгінде GPS-мониторингі бар интерактивті картаны 43 мың семейлік қолданып жүр. Қоғамдық көліктің қызметін бағалайтын   «BusReport»  бағдарламасы тасымалдаушылар тарапынан жол берілген бірнеше мәселені анықтады. Мәселен, былтыр қалалық сот бойынша «Семавтопарк» ЖШС-імен келісімшарт бұзылған болатын. Бұл автопарк қала аума­ғында  №5, 8, 10, 22, 24, 37, 43 және 45 бағыттарына жүрген екен. Бүгінде бұл бағыттар тен­дер конкурсы өткенге дейін  «Мусапиров» ЖК мен «Так­сомоторлы парк» ЖШС-на уақытша берілді. Облыс басшысы Даниал Ахметов Өскемен мен Семейдегі қоғамдық тасымал қызметіндегі кемшіліктерді сынға алған болатын. Өңір басшысының айтуынша, «тасымалдаушылар он жылдан асып кетсе де,  автобустарын жаңартпайды, бірақ жолақысын өсіруді сұрауға бар». Былтыр желтоқсан айында Семейде қала тасымалы бойынша жаңадан 20 автобус іске қосылды.

Облыс әкімінің айтқан сыны орынды, – деді Семей қала­сының әкімі Ермак Сәлімов, – 2015 жылы Көлік және коммуникациялар министрлігі «екі жыл өткенде тасымалдаушы өз автобустарын жаңарту керек» деген бұйрық шығарған еді. Өкінішке қарай, тасымалдаушылармен бекітілетін бес жыл бұрынғы келісімшартта бұл шарт көрсетілмепті.  Облыс әкімі қоғамдық тасымал қыз­метінің сапасын білу үшін Се­мейге келіп, автобустарға отырып, қаланы аралап көрді. Міне, жылдың басынан бастап автобус паркін жаңартуға орай конкурстың талап-шарттарын өзгерттік. Конкурсқа дайын болу мақсатында, мәселен, «Мусапиров» ЖК өзінің 20 автобусын жаңартты. Олар №5, 8  және 22 бағытқа жүреді. Тағы да 50 автобусты сатып алуды көздеп отыр.

Бір жақсысы, енді Семейде электронды билет мәселесі шешілмек. Автобустарда тегін Wi-Fi қызметі болмақ. Семейдің автобустары осылай заманауи бағытта ха­лыққа қызмет көрсететін болды.

Ал Өскеменде жолаушы тасымалдаушыларының мә­селесі ушығып тұр. Автобус­тарды жаңарту ісіне ұқып­тылықпен қарап, мықтап қолға алуды тапсырамын. Семейде жаңа қоғамдық көліктер сатып алынып жатыр. Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев пен тасымалдаушыларға жол картасын әзірлеуге 10 күн уақыт беремін, – деді тасымалдаушы­лар­мен кездескен Даниал Ахметов.

Естеріңізге сала кетсек, 2017 жыл­дың қысында қалалық қоғамдық көлік жолақысы 90 теңгеге көтерілген. Ол кездегі кә­сіпкерлер уәжі мен уәдесі тасымалдау жағдайын жақсарту еді.

 

Раушан Нұғманбек,

журналист

Семей