02 Ақпан, 2018

Әмір Темір тағылымы

2857 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Жігіттің падишасы – Әмір Темір» дей­тін әуезді, әсерлі, тарих қаһар­манына қатысты шынайы лебіз Ақан сері­нің «Майда қоңыр» әнінің шырқау бас­тамасы еді. Тұран елінің атынан сөйлейтін ұлт ақыны Мағжанның «Түркістан», «Ақсақ Темір сөзі» дейтін отты толғауларында Шығыстың жалғыз көзді арыстаны Әмір Темір Көрегеннің тумысынан затты тұлғасы, текті тұқымнан өсіп-өнгені, ерлік, елдік, батырлық, ел билеу жолында өзгеше үдеп өрлегені құштарлықпен суреттелген. 

Әмір Темір тағылымы

Тұранның ұлы биі Тарағайдың пер­зенті және көк күмбезінің құпиясын танытқан Ұлықбектің (1394-1449) атасы екендігін тебірене толғап, Әмір Темірдің монологын былайша айшықтайды:
...Тәңірі – көктің Тәңірісі
Күңіренсін, көгін билесін!
Жер Тәңірісі Темірмін,
Жеріме Тәңірі тимесін!»
Көк Тәңірісі – Тәңірінің, 
Тұқымы жоқ, заты жоқ!
Жер Тәңірісі Темірдің,
Тұқымы – түрік, заты – от!

Тегінде, Даланың ауызша тарихнамасынан алынған Әмір Темір Көрегеннің жаратылысы, болмысы бөлекше, айбары, айбаты өзгеше бітімді, қаһарлы ел билеушісі екендігі айқын таңбаланған. «Мен өмірімде 12 нәрсені алдыма нысана етіп алып, сол арқылы биліктің биік мәрте­бесіне жеттім. Осы 12 қабілеттің көмегімен әртүрлі мемлекеттерді бағын­дырып, оларға өз әмірімді жүргіздім. Бағыма көрік, тағыма ерік сыйладым», дейді.

Айтқандай, қазақ тәмсілдеріндегі балауса, балғын Темірдің мына бір көріністі көріп, қандай ойға бөленгеніне жүгінейік:

«Бір тышқан жоғарыда тұрған етті біліп, барғысы келіп, тамға өрмелеп шық­қы­сы келеді. Бірақ орта жолға барғанда тайып жығылады. Тағы өрмелейді, тағы жығылады. Тағы шығады, тағы жы­ғы­лады. Не керек, тоқсан тоғыз рет өр­мелеп жығылады. Оған да қарамай жү­зінші өрмелегенде етке жетіп, жей бастайды. Бұл көріністердің бәрін манадан көріп жатқан Темір ойлайды: «Мына тышқан ғой етке баруды талап етіп, сол етке барғысы келді. Бірақ тоқсан тоғыз жығылды. Сонда да ол талабын қойған жоқ. Ақыры, жүз дегенінде іздегеніне жетті. Ал енді менің осы тышқандай жігерім жоқ па? Мен де, сірә, қоймасам тышқан құсап ақыры хан болармын», деп ойлайды.

Әмір Темір 12 жасынан бастап әкесі­мен бірге жорыққа шыққан, қару­лы, ақылды, айлалы, азулы болған. Әулие­лердің назары түскен екен. Ғайып ерен қырық шілтен қолтықтайды екен. Өзі Қызыр пайғамбарды әлемнің қай бұры­шында жүрсе де, үйде отырып-ақ көреді екен. Жортуылға шыққанда Қызырдың бет алған жағына аттанады екен дейді ел аузындағы аңыз-әңгімелер.

Бірде жас уағында Темірді Хорезм билеушісі қолға түсіріп, бақа-шаян, құрт-құмырсқа, шыбын-шіркей қаптаған шұңқыр ішінде 62 күн ұстайды. Сонда Темір айтқан екен: «Бұл кішкентай жәндіктер біздің шыдамды әрі табанды болуымызға қызмет етеді. Дүние теріс айналса да қамығып қайғыруға болмайды, барлық уақытта үміттену дұрыс, себебі, жақсы ойластырылған іске, мақсатқа тек шыдамдылық, көнтерлілік арқылы жетуге мүмкіндік бар». Не деген қайрат, төзім, көркем сабыр десеңізші!

Әмір Темір негіздеген мемлекеттік құры­лым жүйесінде азаматтық, қылмыс­тық, халықаралық құқықтар, әскери кодекс, әдеп, дәстүр, ғұрыптар, рәсімдер, әске­ри атақ-лауазымдар, жорық үстінде қол­данылатын музыкалық аспаптар ретті қалыптасқан, дамыған. Мысалы, әрбір жасақтың киімдерінің түсі қызыл болса, садақтарының, қалқандарының, ер-тұрмандарының, белдіктерінің, сауыттарының түсі де қызыл болған. Жасақтар қару-жарақ түрлеріне орай жіктелген.

Немересі Ұлықбекті ғылымға баулы­ған, Қожа Ахмет Иассауи кесенесін тұр­ғызған Әмір Темір құдайдың құт­ты күні «түн базарын қыздырып, ойды, даланы жап-жарық күндізгідей қыл­дырып, ғұламалар мәжілісін жасатып, заманындағы жүйріктерді сөйлетіп оты­рады екен» (Мәшһүр Жүсіп дерегі). Бұған Әмір Темірдің: «Тектілер, ғұлама мен даналар, шайыр-шешен, шежіреші-тарихшыларды айрықша назарлы һәм құзырлы адамдар деп біліп, олардан ізет-құрметімді аямадым. Өзі де, сөзі де батыл кісілерді дос санадым. ...Достық-қастығына қарамай қай кезде де зиялыларды құрметтедім» деген сөзі айғақ. 

Енді ұлы билеушінің ғибратты ой-байламдарына, тәжірибелеріне тағылым­дық-тәлімдік қырларына қанығайық: «Адам-Атадан бастап бүгінге дейінгі өт­кен-кеткен сұлтандардың ел билеудегі амалын, тұрмыс-тіршілігін, тағдыр-талайын көнекөз даналардан сұрап, біліп отырдым. Әрқайсысының жол-жорықтарын, қылмыс-жазаларын, айтқан сөздерін, мирас-мұраларын жадымда сақтадым, жақсы жақтары мен үлгілі істе­рінен ғибрат таныдым». Я болмаса: «Билікті мәмілемен, бұйрықты түсі­нушілікпен, істі сабырлықпен жүргіздім. Көп нәрсені біліп, сезіп тұрсам да, білмеген, сезбеген болдым. Доспен де, қаспен де түсінісуге, тіл табысуға тырыстым». Бұларды ойға тоқып, санамызға сіңіріп, өмір-тіршілік базарында икемділікпен, ұқыптылықпен қолдана білейік. Осынау кемеңгерлік кеңестер өзінің маңызын, біле білсек, бүгін таңда да жоймағанын әркез қаперде ұстайық.

Серік НЕГИМОВ,
филология 
ғылымдарының 
докторы,профессор