Аймақтар • 02 Ақпан, 2018

Балтабаевтың наны

505 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ерейментау ауданында іссапар­да жүр едік. Түс әлеті. Қала орталығындағы шағын асха­наға бас сұққанбыз. Жып-жылы, жи­нақы, шағын асхана екен. 

Балтабаевтың наны

Ас мәзіріне көз жүгіртіп тұр едік, алдымызда тұрған жігіт ағасы:

– Балтабаевтың наны түсті ме, қарағым? – деп сұрады. 

– Түсті, аға, – деп жауап берді сатушы. 

Алғашқыда елең еткен жоқ­пыз. Бұйырған дәмнен ауыз тиіп, ішке ел қондырып сыртқа шыққанбыз. Дәл іргеде азық-түлік сататын кішкентай дүкен бар екен. Темекі алмақшы болып кірдік. Кезекте тұрғанымызда алдымыздағы әлдебір әжей дүкен сатушысынан:

– Айналайын, Балтабаевтың наны түсті ме? – деп сұрасын.

Алғашқы естігенімізде елең етпегенімізбен, екінші жолы ойланып қалдық. Шамасы «Балта­ба­ев­тың наны» деген сөз ас ата­сының белгілі бір түрінің атауы-ау. 

Облыс орталығында да халық күнделікті тұтынатын нан­ды әрқилы атайды. Әне бір нау­бай­хананың атауымен, содан соң күнделікті нан жеткізетін аудан­дар­дың атауымен. Мәселен, Тай­ын­шаның наны, Айыртаудың наны деп жатады. Ас атасы туралы артық ауыз сөз айтуға болмайды, обал. Дегенмен әр нау­байхананың өнімінің сапасы әр­түрлі екендігі белгілі. Күн­де­лік­ті тұтынып жүргендіктен ол жайды халықтың бәрі біледі. Кейбірі борпылдақ, ортасы қуыс, кескеннің өзінде үгіліп, шашылып қалады. Енді бірі пісуі жетпегендей көкаязданып, қарманып қыссаң суы шығардай шіп-шикі болып тұрады. 

Жаңа ғана асханадан дәм татқанда Балтабаевтың наны қан­дай болады деп сұра­ма­ғанымызға өкіндік. Қайтып барғанша осы елді мекеннің ішінде болса тауып алып танысайықшы деп ұйғардық. Білетіндердің айтуына қарағанда, алыс та емес екен. Екі-үш көшеден кейін оңға бұрылдық. Алдымызда бір қа­батты, ұзыншалау келген нау­бай­хана кезікті. 

Шағын ғимараттың табал­ды­рығынан аттаған сәтте-ақ тәп-тәтті нан иісі бұрқ ете түс­ті. Танауыңды жаратындай. Қарсы кездескен адамға жөні­міз­ді айттық. Жетелеп алып жүр­ді. Кішкентай, шағын жұмыс кабинеті. 

Наубайхана иесі Жанат Балтабаев жарымжан адам екен. Анығында инсульт алған. Бір­неше жыл бұрын. Кейін сырқаты қайталап соққан. Сонда да мойымаған. Неткен жігер, қайрат, өмірге, еңбекке құштарлық деп ойладым ішімнен. 

Тілдестік. Бажайлап сұрауға дәтіміз бармады. Инсульттің салдарынан тіл күрмелген. Қасында күн­де жүргендіктен ыңылы мен ымын жаза баспай танитын кө­мек­шісі көмектесіп отырды.   

Осы ауданның Тайбай ауылында мал дәрігері болып еңбек еткен екен. Кейін Кеңес Одағы ыдырап, кеңшарлар жабылғанда жұмыссыз қалған. Тірі адам талпынып тіршілігін істеуі керек. Алғашында сауда-саттықпен айналысса керек. Қолы жүрген адамға, сәті түссе сауданың да несібесі мол. Мал баққан адам­­ның малы жылына бір-ақ рет төлдесе, саудагердің малы күнде туады. Кейін айықпас сырқ­ат жабысқан. Енді саудамен айналысуға мұршасы болмай қалды. Ойдағыны орып, қыр­дағыны қырып жүретін ден­сау­лық жоқ. Алғашында соныға салар соқпақ таппай қаңтарылып қалғаны да рас. Кейін жинаған азын-аулақ қаржысына осы наубайхананы сатып алған. Білмейтін кәсіп емес еді, бір кезде өзі де осында жұмыс істеген. 

Әлі есінде 2012 жылдың 9 мамыры күні екі қолын алдына сыйғыза алмай кәсіп іздеген Жанат бір қап ұннан нан пісірген. Сөйтіп мерекеге жиналған ха­лыққа сатты. Ас атасының қабара қызарып піскен, дәмі тіл үйіретін сапасын көрген халық пышақ үстінде бөліп, сатып алып кеткен. Міне, содан бастап нан пісірумен айналысады. Қазір шағын наубайханада 12 адамды жұмыспен қамтып отыр. Шалғайдағы шағын ауданда бұл да жұмыссыздықты жоюға аздап болса да септігін тигізетін игілікті іс. Екінші қырынан алып қа­расаңыз, тіпті маңызды. Жарты денесінде жан жоқ, мүгедек адам­ның тепсе темір үзетін аза­мат­тарды сүттей ұйыған ұжым­ға айналдырып, уақтылы жа­ла­қысын төлеп отыруының өзі ерл­ік емес пе?!
– Күнде жұмыс істеп тұрған соң ара-тұра наубайханаға кейбір қосалқы бөлшектердің қажет болып қалатыны бар. Тосып тұ­ра­тын уақыт жоқ. Халық нан жеуі керек қой. Сондай кезде Жанат көлікті өзі тізгіндеп Астанаға барып келеді, тәулігіне екі рет барған кездері де болған. Шұғыл шаруа туса Павлодар да асады, – дейді наубайхана есепшісі Алмагүл Аяпбекқызы.

Айналымдағы қаржы азайып, оралымға келмей олқы түскенде ұнды аудандағы диірмендерден қарызға да ала береді екен. Өз ісіне тындырымды, әр сөзіне жау­апты Жанаттың борышкер бо­лып қалмайтынына олар да се­неді. Сенбейтін банк қана. Ша­руа­сын сәл кеңейтіп, сауда үйін салсам ба деген, әзірге орындал­май тұрған ізгі арманы бар Жанаттың. Өкінішке қарай, банк ережесінде мүгедектерге, оның ішінде Жанат тәрізді үш мәрте инсульт  болған адамға несие беру қауіпті көрінеді. 

– Менің жұмысшыларым қажет кезінде несие алып жатады. Соларға жұмыс тауып беріп, отбасыларын асырауға септі­гім­ді тигізіп отырған мен ала алмай­мын, – дейді кәсіпкер Жанат Балтабаев.  

Өз нанын өзі сататын шағын дүкен де ашқысы келеді. Дәмі тіл үйіретін, иісі мұрын жаратын наубайханадан шыққан нанды ып-ыстық күйінде тұтынушының қолына тигізсем, шіркін, дейді. Бірақ сұрағанның сыбағасы сәтімен орала бере ме?..

Шағын наубайхана қазір аудан орталығын ғана емес, іргедегі ауылдарды да қамтып отыр. 

– Жанаттың еңбегіне ел разы,–дейді аудан әкімі Ермек Нұғы­манов, – жарты ауданды нанмен асырап отыр. Еңбегі өз алдына, өнегесі қандай. Қазақ жігіт­тері, еліміздің азаматтары осын­дай қайратты болуы керек. Тіршіліктің ақ бас толқын­да­рымен алысып, өмірдің өкпек желі кеудесін кері итерсе де, алға басып келеді. 

Шынында да, солай емес пе?! Жанаттың наубайханасы қазір Ерейментау ауданының жартысын сапалы нанмен қамтып отыр. Тұрғындар тарапынан тапсырыс түссе, нан өнімдерінің түр-түрін пісіре береді.

Жолға бірер бөлке алғанбыз. Ақкөлде ат шалдырдық. Жанат­тың нарттай қызыл, дәмі тіл үйіретін нанынан ауыз тидік. Шынында да, дәмді екен. Бәлкім өмірге құштар, еңбекке ынтызар көңілдің махаббатына орап пісіргеннен шығар.  

Байқал БАЙӘДІЛОВ

Ақмола облысы,
Ерейментау ауданы