Қарашаның 21-і күні еліміздің Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Ресей Федерациясына ресми сапармен барды.
Күні кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей астанасына жол тартып, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 1-ші отырысына және Кеден одағына мүше мемлекеттер басшыларының кездесуіне қатысуы екі ел арасындағы қарым-қатынастардың қаншалықты стратегиялық маңызы барлығын тағы да көрсеткені айқын. Жалпы, әлемдегі қай мемлекетпен де жақсы байланыс орнату қажет-ақ, ал оның ішінде жақын көршіңмен арадағы барыс-келістің жақсаруы екі жақты пайдаға кенелтетіні күмәнсіз. Сол сапарда көптен көпшіліктің ойында жүрген Кеден одағы аясында әр елдің дауыс беру құқығы әртүрлі болуы төңірегіндегі түйткіл шешілді. Осыған дейін дауыстың 57 пайызы Ресейге тиесілі болса, Қазақстан мен Беларуське 21,5 пайыздан келетін еді. Ал Елбасы ұсынысымен келешекте Біртұтас экономикалық кеңістіктегі барлық шешімдер консенсуспен, яғни барлық тарап толық келіскен жағдайда ғана қабылданатын болып шешімін тапты.
Ержан Қазыханов өз жұмысын кеше таңертеңгілік «Белгісіз солдат» ескерткішіне гүл шоғын қоюдан бастап, мұнан соң Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің жекежайында (особняк) ресейлік әріптесі Сергей Лавровпен кездесті. Оның барысында екі ел арасындағы сан саладағы үсті-үстіне дамып отырған бүгінгі тыныс-тіршілікке қоса, саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстар барысы да кеңінен әңгімеленді. Ресейлік министр: «Сіздің сапарыңыз тарихи кезеңде өтіп отыр. Менің ойымша, мемлекет басшыларының кездесуінде қол жеткен нәтижелер екіжақты байланыстарды интеграциялау тұрғысынан бізді одан да қарқынды жұмыс істеуге шақырады», деді.
Е.Қазыханов өз сөзінде осыдан үш күн бұрын ғана маңызды тарихи құжаттарға – Еуразиялық экономикалық интеграция жөніндегі декларацияға, Еуразиялық экономикалық комиссияның келісім-шартына қол қойылғанын атап көрсетті. Біз Ресеймен арадағы қарым қатынастарымызға жоғары мән береміз және сіздің елдегі сайлауға қатысты «Единая Россияның» жеңіске жетуіне тілектеспіз. Біздің еліміз де кезектен тыс сайлау өткізуге дайындық үстінде, деді еліміз сыртқы саясат ведомствосының басшысы.
Кездесу соңында әріптестер министрліктер арасындағы 2012 жылға арналған Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігінің ынтымақтастық жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойған соң, журналистермен жүздесіп, баспасөз мәслихатын өткізді.
С.Лавров өз сөзінде әріптесімен екі арада көтерілген мәселелерге тоқталып, олардың ішінде ең бастысы, әрине, мемлекет басшыларының өткен жолғы үшжақты кездесуінде қабылданған маңызды тарихи құжаттар екенін көлденең тартты. Арадағы экономикалық интеграцияның құқықтық негізі қаланды, енді біз осы байланыстардың жаңа жоғары деңгейге көтерілетініне сенімдіміз. Біз сондай-ақ 2011-2012 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының атқарылуын да жан-жақты қарастырдық. Атом энергиясын бейбіт мақсатқа пайдалану, ғарыш, энергетика саласындағы әріптестік және жалпы алғанда сауда-экономикалық қатынастарымызды дамыта түсу сынды сан саланы қамтыған сындарлы кездесу өткіздік. Сонымен бірге, біздердің халықаралық ұйымдар бойынша, атап айтқанда, ШЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ, АӨСШК сынды ұйымдардағы жұмыстарымызды үйлестіру төңірегіндегі қадамдарымыздың жайын ақылдастық. Өйткені, лаңкестіктің алдын алу, есірткімен күрес мәселелерінде бұл ықпалдастық өте қажет. Біздің назарымыздан Ауғанстан, араб әлемі мен Солтүстік Африка проблемалары да тыс қалған жоқ, деді ресейлік министр.
Мұнан соң Ресейдің бас дипломаты алдағы жылы біздің елдеріміз арасында дипломатиялық қатынастар орнауының және екі елдің Мәңгілік достық туралы декларация қабылдауының 20 жылдығы, сондықтан, осы айтулы даталарды лайықты қарсы алу жайын да ақылдастық, деді.
Ресей біздің сенімді әріптесіміз, әрі жақын көршіміз, ресейлік әріптесім айтқандай, кездесу барысында бірталай мәселелер талқыланды және ол өте пайдалы да маңызды болды, деп бастады сөзін қазақстандық министр. Өздеріңіз білесіздер, осыдан бір жыл бұрын біздің мемлекеттеріміздің басшылары бірлескен мәлімдеме жасап, екі ел арасындағы барлық саланы қамтитын, бірлесе атқаратын істердің жоспарын бекіткен болатын. Бүгін арада жыл өткенде біз сол жұмыстардың атқарылуына мониторинг жүргіздік. Және жұмыстардың тиімді жүргізілгенін атап өттік. Бүгін өздеріңіздің көз алдарыңызда алдағы жылға арналған іс-жоспарға қол қойдық. Е.Қазыханов мемлекет басшыларының үш күн бұрын қол қойған құжаттарының тарихи маңызына да тоқталды.
Халықаралық ұйымдар бойынша ресейлік әріптесі айтқан ойларға қосылып, біздің еліміздің алдағы жылы ҰҚШҰ-ға төрағалық атқаратынын журналистер қаперіне салып өтті. Біздің осы жолғы кездесуіміз алдағы ықпалдастығымызға оң әсерін тигізетініне бек сенімдімін, әрі екі арадағы тату, ұтымды көршілігімізді нығайта түседі деп ойлаймын, деген ол алдағы жылы аталып өтетін, әріптесі жоғарыда айтқан 20 жылдықтың жоғары деңгейде болатынына еш күмәні жоқ екенін білдірді.
Түстен кейін Е.Қазыханов ИТАР-ТАСС агенттігінің мәжіліс залында Джонатан Айткеннің «Қазақстан. Тәуелсіздікке 20 жыл: тосын сыйлар мен стереотиптер» атты жаңа еңбегінің тұсаукесеріне қатысып, сөз сөйледі.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» – Мәскеуден.