Әдебиетте кезекті дүние көп, құбылыс сирек. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы қазақ әдебиетіндегі қайталанбас құбылыс. Құбылысқа қатысты тарих тәптіштеледі. Сөйтіп кейінгі ұрпақ қызығушылығының арқасында кезінде кеткен қате-кемшіліктен сабақ түйіледі.
Құбылыстан құбылыс туып, тарихтан тарих сабақталады сөйтіп. «Егемен Қазақстан» газеті бетінде «Абай» /1942 ж/ романының редакторы, сырбаз ақын Қуандық Шаңғытбаевтың «Абай» романы жарыққа қалай шыққан еді?» «Егемен Қазақстан», 21.08.1992ж деп аталатын естелік мақаласы осы жайларды сезіндірді бізге. Естелікте табанды ғалым Бейсембай Кенжебаевтың ұлы шығарманың жарыққа шығуына қалай септескені, уақыт қиындығына қарамай қалай жан аямай жәрдемдескені әңгіме болады.
Естелікке жүгінсек, кітап жарыққа шыққанда Бейсекең көзіне жас алып тұрып хабарлапты Мұхтар Әуезовке. Бейсекеңе қатысымды білетін әдеби орта, газет-журнал редакциясы Қ.Шаңғытбаев мақаласынан соң «архив не дейді, сен не айтасың?» деп менің жүзіме қарайтын әдет тапты, мақала жазып беруімді өтінді. Қиын кезеңде ғұмыр кешкен әруақтарды мазалап, қатары селдіреп қалған қарттарды қажағандай болмайыншы десем де ақиқат айтпасыма қоймады. Ақыры қолға қалам алдырды. Осылайша әзіз адамның келесі рухани ерлік сырын шерткім келді. Алайда әңгімені сәл кеңірек алып әңгімелеу керек.
Замандастары бұл ұлтымның ұлы мұраты деп сөйлеуден бір танбай өткен екі ойшыл адамның қарым-қатынасын қызығып еске алады, қызық-қызық етіп еске алады. Ол – жазушы Мұхтар Әуезов пен ғалым Бейсембай Кенжебайұлы арақатынасы, достық, сыйластық ғибраттары.
Асылында, табиғатта бір қызық құбылыс бар. Тарих ірі тұлғалаған ұлы адамдардың қарапайым жандарға көлеңкесі түсуі, өмірдің әр алуан саласы мен қилы-қилы сәтінде себі тиюі әрдайым әңгіме болады.
Жәй әңгіме болса бір сәрі-ау, үлкен тұлғаның қатардағы қарапайым адамға жасаған жақсылығы, атқарған бір азаматтық ісі аңызға айналып, ел аралап, ауыздан ауызға тарап андыздап кете барады. Ал керісінше, қарапайым қатардағы адамның ұлы адам тағдырына жасаған ықпалы көбіне көлеңкеде қалып қояды. Бәлкім, қатардағы қарапайым адам атқарған кісілік, тіпті батпандай жақсылық та бадырайып көзге ұрмай, табиғи заңдылық ісі болып қала береді. Біреу біліп, біреу біле бермеуі мүмкін оны. Айталық замандас жазушылар, қатарлас күн кешкен қаламгерлер, қаумалай әкеліп тығырыққа тіреген Үкімет басшылары, Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті бас шұлғи тізе қосып, қиянатқа ден қойған сәттердің өзінде ұлы ойшыл құрықтан құтылып, сырықтан сытылып шығып кетіп, аман қалып жүрді емес пе?! Тап солай! Ал осындай жан-жақты қаумалаған шеңберден, айнала құрылған тордан жазушының дін-аман құтылуы бірыңғай айла-шарғыға ғана байланысты ма еді? Жұртын сүйген жазушыны жұрты да сүймеді, қиын сәтте қол ұшын бермеді деп айта алмасақ керек. Мұхтар Әуезов мойнына құрық мықтап түскелі тұрған ақтық сәттердің өзінде басын бәйгеге тігіп, өзін күтіп тұрған зәрлі, қатал үкімді, қаншама мемлекеттік құпиялығына қарамастан, алдын ала сездіріп, сытылып қашып кетуге жол ашып, есесіне өзі қатерге ұшыраған адамдар сонау да сонау жаралы да қаралы жылдары аз болды дейсіз бе? Көп болған деседі Мұхаң үшін басын бәйгеге тіккен ондай жандар, ілуде бір аузы-мұрны жоқ дерексіз аңыздар болмаса, соның көбі бүгінге нақты, затты жеткен жоқ қой.
Мұхтар Әуезов және Бейсембай Кенжебайұлы арасындағы қылаусыз достық, ағалы-інідей сенісе сыйласу тағылымы осыған ұқсас, алайда бұл рабайдан сәл бөлектеу құбылыс.
Замандастарының еске алуына ден қойсаңыз М.Әуезов үнемі үзеңгілес жүрген бұл ғалымды еркелетіп, құрметтеп «Бешім» атап өткен. Ата-анасы азан шақырып қойған «Бейсембайға» көп бара бермеген… Жайшылықта бала өсектесе көніп қалатын, сыртыңнан ғайбат айтты десе сеніп қалатын балакөңіл дана адам өзіне жақын жүрген, сөзіне ден қойғызып, бауырына кіргіштеп жүрген жандардың өзі Бейсекеңді жамандап сендіре алмас екен Мұхаңды. Екеуіне бірдей ортақ дос болып жүрген бір жанның пендешілігі ұстап, араларына от тастамақ болып екі езуі көпіріп екі сағат жамандағанда ұлы адам орнынан көтеріліп барып есікте жатқан галошты алып келіп жазу столына қойып:
– Сенің әңгімең тап осылай әсер етті маған – депті түнеріп. – Қылаудай кінәраты жоқ кісіні былғама! Басқаға сенбеспін, Бешімге сенемін.
Ұлы адамның ұя сырын жазушының жары Валентина Николаевнаның баласын емізіп жүрген тұстарда Меңжамал анамызға ренжи айтқан екен. /Меңжамал анамыз Валентина Николаевнаның сүтсізденуіне байланысты оның бір баласын емізген. Қ.Е./ Анамыз бұл әңгімені кейін бізге елеусіз ғана әңгімелеген еді кезінде.
Ұзақ жылдар Қазақтың Мемлекеттік университетінде қатар жүріп дәріс беріп, шәкірт тәрбиелегенде не жағдай, қандай көңілге кірбің түсірер келеңсіз сәттердің өзінде «Бешім» сөзіне тоқтаған, «Бешім» сөзіне жадыраған. Талай мәрте Бейсекең Мұхаңды үгіттеп «Қазақ әдебиеті» кафедрасына меңгерушілікке көндіре алмаған, Мұхаң үгіттеп, дәлелдеп бұл қызметке ұдайы «Бешімін» көндірген, орын ауыстыртпай талай жыл тапжылтпай кафедра басқартқан. Өзі Бейсекең қарамағында профессор болып қызмет атқарған. Әншейінде таласып, қазақ жағдайында мүйіз қағысатын, бет жыртысатын, домалақ арыз айдап бірін-бірі домалатуға баратын қызмет, мансап та аша алмаған бұл қос арыс арасын.
Бейсекең тартқан сый-бүркіт жазушы столы үстінде тұрғанын, қайтыс болғанда жазу столы үстінде қалғанын Алексей Брагин «Огонек» журналында жетпісінші жылдары жариялаған естелік-әңгімесінде жазды. Жазушы өмірінің мән берген, маңызды бір деталі ретінде жазды, қос арыстың достығына мән бере жазды.
Өмірдегі аса бір жауапты мәселелер болмаса анау-мынауға елп етіп жеңіл көтеріле қоймайтын жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов те қос арыстың арасындағы сыйластыққа сүйсіне мән беріп, «Тегеурінді талант, мол білім иесі, ұлы ұстазымыз Мұхаң көңіл күйдің кісісі де, жанымен беріліп жақсы көрген кісілерінің өзін кейде болмашы әрекетіне бола ұнатпай қалуы оп-оңай еді. Кейде болмашы нәрсеге баладай бұртиып өкпелеп жүретін дана кісі. Сондай адамның Бейсекеңді айнымай жақсы көруі, сезім тұрақтылығы мені қайран қалдырады», – дегені бар ауызекі әңгімеде.
Сәбит Мұқанов әдеби мұрасы жөнінде арнайы ізденісте жүрген кезімде – 1982 жылы Мәскеу барып, қайталанбас, қызық әдебиетші Виктор Шкловскийге жолықтым. Қазақ еліне, қазақ жеріне ерекше құрметпен қарайтын, өзі үй-отанымен соғыс жылдарында Алматыда тұрған әдебиетшінің «Бізді Әуезов таныстырып еді» дей келіп сұраған адамының бірі де Бейсембай Кенжебайұлы.
Тағы да Мұхтар Әуезов, тағы да Бейсембай Кенжебайұлы. Замандастарын таңдай қақтырған, кейінгі ұрпақты қызықтырған бұл қарым-қатынаста қандай қимастық, сезім тұрақтылығында нендей тұнық сыр бар?
Тағдыры ұлы Абайға тәуелді, сол себеппен де Мұхтар Әуезовпен сабақтасып жататын, ұлы адаммен тіршілігінде қатты қадірлесіп, іштей-сырттай да бірдей сыйласып жүрген әдебиетші Қайым Мұхаметханов та. Бейсекең Мұхтар Әуезов деген істен аянып қалған жері жоқ. Мұхаң үшін не көрмекке де бейіл еді. Не хикметті Мұхаң үшін көрді де. Академик болуға тиісті адам Мұхаңды табанды жақтайтын «әуезовшілдігі» үшін ол сыйдан да қағылды. Ондай атаққа елігетін, ондайға оңай берілетін Бейсекең бе, тәйірі. Сөйтіп жүрген Бейсекеңді ұлы басымен Әуезов 1959 жылы «Әдеби мұра және оны зерттеу» деп аталатын Қазақ КСР Ғылым академиясы ұйымдастырған конференцияда қазақ әдебиеті тарихын түркі халықтарына ортақ көне дәуірлерден бастау керек деп көтерген бастамасын, аяқтан шалған дұшпандарынан ығып, ашық қолдап, қорғай алмағанына таңмын деп екінші бір сырдың ұшығын шығарады.
Көзі тірісінде ұлы адам, ойшыл жазушы Мұхтар Әуезов әрбір жарық көрген жаңа еңбегін көл-көсір тілегін айтып, қолтаңбамен сыйлайды екен. Соның кейбіріне көз жүгіртіп көрейікші.
«Бейсембайға!
Кітаптың дүниеге шығуына еткен еңбегің мен достық, інілік көңіліңді айрықша сүйсініп бағалаған жүрекпен сыйлаймын.
Мұхтар. 31/VІІІ-42.» /М.Әуезов. «Абай», 1942 жыл/.
«Асыл інім Бейсембайға, айнымас достық белгісіне. /Қол қойған/. 17/ІІІ-48 ж.» /М.Әуезов. «Абай», екінші кітап, 1947 жыл./
«Қадірлі Бейсекеңе, ұдайы дос көңілден. /Қол қойған/. 10/VІ-56 г.» /М.Әуезов. «Абай жолы», екінші кітап, 1956 жыл./
Иә, бұл жолдарда уақыт өткен сайын бағасы арта беретін, сонымен бірге ғалымның да абыройын, адамдық бейнесін келер ұрпаққа көркейтіп жеткізер қаншама көсем сырлар жатыр десеңізші?! Мұхаң секілді кірпияз кісі қанаттас Бейсекеңнің ғалымдық болмысы мен адамдық ізгілігін қатар жаратып, жақсы көрмесе осыншалық көл-көсір көңілін білдірмесе керек.
Қиылып қолтаңба сұрар кісің Бейсекең емес. Демек, ғалым кітапханасындағы қолтаңбаның қайсысы да жазушының өз көңіл әуені, жүректен шыққан шын қимас сезімі.
Қолтаңбаларға сыналай қарап, сыр аңдауға тырысайық. «Кітаптың дүниеге шығуына өткен еңбегің» – тікелей «Абай» романының тағдырына қатысты. Шығарма әрі тарт, бері тарт – көкпарға айналған кезең, жоғарыдан қаһарлы бұйрық беріліп, мансап иелері шарасыз бұғып-бұғып қалған сәттерде Бейсекең жасаған бір қайратты еске салғандай. «Асыл інім» – адамдық, кісілік болмысын ұнату. «ұдайы дос көңілден», «айнымас достық белгісіне» – кітаптан кітапқа көшіп, қолтаңбадан қалмайтын бұл сөздерде де терең астар бар. Қазақ жазушылары арасындағы қасіретті айтыс-тартыс заманын еске түсіргендей. Таразының басы ауған жаққа қазақ жазушылары жапырлай ауып жүретін аумалы-төкпелі кезең. Табандап тұрып айтысып, айнымай Мұхаң қасында қалған Бейсекең бейнесі көзге елес береді. Жеңісте де, жеңілісте де бір болған Бейсекеңе Мұхаң да тұрақтылық танытып, «ұдайы дос көңілін» сыйлайды…
Ұлы Әуезов пен Кенжебайұлының достық, қимастық сырларын уақытында дос-жаран, қатар-құрбы қызғанып қарасын, қызығып қарасын – замандастары қапысыз мойындаған. Ғалым кітапханасындағы екінші бір топ қолтаңбалар осындай ойға жетелейді. Енді сондай қолтаңба-жәдігерлікке үңілейік:
«Ұлы Мұқаңның қимас досы болған, ғылыми да әдеби мұрагері, аяулы Бейсекеңе, автордан. /Қол қойылған/. 9/V–1976». Бұл – ұлы жазушымен елдес, жерлес, ұзақ жыл сапарлас, сыйлас, дос болып өткен журналист Ғайса Сармурзиннің «Өнеге» аталатын кітабына жазып сыйлаған қолтаңбасы.
«Қадірлі Бейсеке!
Мұхаңды қандай көрсем, Сізді де сондай көремін. Мына бір жұпыны еңбегімді шын ықылас белгісіндей қабыл алыңыз. /Қол қойған/. 6/ХІ-1968 ж.» Бұл – жазушы Әмен Әзиевтің «Жез таулар» кітабына жазып берген қолтаңбасы.
«Бейсеке, в знак глубокого уважения и в память многолетней дружбы с нашей семьей. От автора. 14/1-70 г.». Бұл – жазушының қызы, белгілі ғалым Ләйла Әуезованың «Исторические основы эпопеи «Путь Абая» /1969/ – аталатын кітабына жазып берген қолтаңбасы.
Қадірін білмейтін пендеге не рәуа, ал Бейсекең қадірін білетін жандардың бәрі осылай оны ұлы жазушының көзі тұтады.
Айтары жоқ, қызық тағдыр, қызық байланыс, қайталанбас сабақтастық.
Тіршілігінде сездік пе екен, ұлы адамның Бейсекеңе назары ауғанын? Қос арыс арасындағы әдебиеттік байланыс, тіршілік қатынастарына зер салдық па? Әй, қайдам… Сезгенде, білгенде сыр шертуін өтініп, жүзіне талай телміргенде шешіліп сөйлеп, көсіліп мақтанатын кісі тағы да Бейсекең емес.
Әуезовпен қалай дос болдыңыз, – деп добалдай сұрақ қоямыз ғой баяғы.
Алдымен таныс-біліс болдық, кейін үйме-үй араластық, қызметтес жүрдік, басын бұлт шалғанда жалт бермедік, басына күн шұғыласы түскенде қойнына тығылмадық, басынан қиқу, ізінен аңдушы, бүйірінен шаншу кетпеді, сатылмай, сатпай қасынан табылуға тырыстық, деді ғалым терең ойланып, сараң сөйлеп.
Енді бүгін ғалым күнделігін, ондағы ұлы жазушы жөніндегі естелік жазбаларды оқып отырып, бірсыпыра ойға қаламыз. Өз тағдырынан өткен, бастан кешкен жағдаяттарды қойын кітабына түсіріп, есте бардан есеп беріп отыратын әдеті. Әйтпесе, көзі тірісінде кемшілігін жасырып, жетістігін дабырайта көрсетіп мақтанайын, жағынайын, пайда табайын деген пендешіліктен ада.
Міне, сол есеп дерлік еске алу жазбасында Бейсекең ұлы жазушымен қашан, қандай жағдайда танысып, қаншалық достық қарым-қатынаста болғанын қысымдай сөйлеп, өте сараң түсіріпті қағазға.
Күнделік жазбасына қарағанда Бейсекең ұлы жазушымен Мәскеуде – «КСРО Жоғарғы Советінің ведомствосы» редакциясында қызмет істеп жүрген кезінде – 1939 жылы күзде танысқан. Бұл жолы Мұхаң Бейсекеңнің Мәскеудегі пәтеріне түсіп, бірнеше күн жатады.
Міне, сол жолы сыр алысып, сыр берісіп, қапысыз достасады. Бұл достық шайтан араласса азбас, әзәзіл арапшы азғырса жарықшақ түспес қымбат та, шынайы қатынасқа айналады. Екеуара аға-інідей достық қарым-қатынастың мұншалық терең де берен қалыптасуына Бейсекеңнің атақ-даңққа құлай бермейтін, жалған жалтырамай бойындағы барымен жарқырайтын, не айтса да ойлап айтатын, айтса қайтпайтын табанды кісілігі себеп болған шығар деп ойлаймын. Сондай-ақ Бейсекең өмір жолын да, шығармашылық жолын да Тәшкенде бастаған адам. Темірқанат шағында білім алған, әр рәуаятта таныс, біліс болған адамдары – Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Зейнел-Ғаби Иманжанов, Сәдуақас Оспанов, Әмин Жүсіпов – бәрі де Мұхаңның қатар сыйласқан, бірін аға, бірін іні тұтқан қимастары. Тәшкен – Бейсекеңнің көзін ашқан жері болса, Ленинград университетінен түлеп ұшқан Мұхаңның да аспиранттық белесі өткен ыстық та қимас өмір кезеңі өткен жер. Қазақ ғылымы үшін әлі ашылып болмаған ұлы адамның көп жұмбағы Тәшкенде жасырын жатыр десек жарасады. Күншығыс еңбекшілері коммунистік университетінде /КУТВ/ білім алған Бейсекеңнің студенттік шағы да тікелей Мағжан Жұмабаевпен ұстаз-шәкірттік байланыста өткен. Шәкірт бала ақын үйінде өскен десе жарасарлықтай жақын сыйласқан. Ә.Бөкейханов, С.Қожанов, Н.Төреқұлов, Т.Рысқұлов, С.Сәдуақасов – Мәскеуде әр тарапта тәрбиесін көрген қайраткерлер.
Ал бұлардың қай-қайсысы да М.Әуезовтің балаң шағында мидай араласқан адамдары. Қадір тұтар қимастары. Қала берді, отызыншы жылдары Бейсекең қажымас қайраткер Міржақып Дулатовпен «Еңбекші қазақ» газетінде бір бөлмеде қатар отырып, қалам қызметінде бірге атсалысқан, аға, іні болып сыйласқан жандар. Студент партасында отырып, жазған Абай жайлы мақаласын Мәскеуде – Мағжан Жұмабаев оқып, мақұлдаса, Қызылордада – «Еңбекші қазаққа» Бейімбет Майлин қос нөмірге жариялап, тұсауын кескен, Міржақып Дулатов «Қазақ әдебиетінің көрсеткішіне» ол мақаладан үзінді келтіре сөйлеп, мархабатпен енгізген. Бейсекеңнің кісілік айнымас асыл қасиеті – дүниені жау шауып, жан алқымға алып жатса да өз пікірін өзгертпейтіні, белгілі бір адам жөнінде өз байламынан қайтпайтыны. 1937 жылдың қара құйыны соққанда да өз пікірінен айнымаған, қайтпаған Бейсекең «шаш ал десе, бас алатын» қазақы ортадан тысқары жүргендігінен ғана оң иығындағы періштесі қағып аман қалған ғой…
Айтып өткен жайлардың қай-қайсысы да Бейсекең басынан табылғанда екі көздің бірі-біріне қастық, жаулық жасағанын қазақ елінен, қатар жүрген азаматтардан көріп, біліп барып отырған Мұхтар Әуезов қуанбады деп қалай айтайық?! 1939 жылы Мәскеуде екеуара өткен әлденеше күндік сырласу қазақтың қос арысын ажырамастай етіп осылай табыстырған еді.
Күнделігінде Бейсекең былай деп жазады: «1941 жылдың басында бір барғанында Мұхтар өте қуанышты еді. Кездесіп, әңгімелесе бастағанымыздан-ақ:
Мен биыл бір үлкен жұмыс бітірдім. Абай туралы біраз жылдан бері жазып жүрген романымның бірінші кітабын бітіріп, баспаға бердім.
Бұған дейін ірілі-уақты бірсыпыра шығарма жаздым ғой. Мына романым соның бәрінен өзге, жазушылық қызметімнің бір биік белесі… Адам өзінің әр жұмысына, біріне аз, біріне көп дегендей, әртүрлі қанағаттанады, түрліше риза болады. Мен бұрынғы жазғандарымның ешбіріне романыма қанағаттанғандай қанағаттанған, риза болған емес едім. Бұған бір айрықша қанағаттандым – дегенді айтты» /«Бастан өткендер, ойға келгендер мен жиған-тергендер» аталатын күнделік дәптері. Бірінші дәптер, 36-37-беттер/.
Бүкіл бүгіліс-түгілісіне ой жіберіңкіреп ойланып оқыған кісіге бұл қарапайым жазба көп мәлімет берер еді. Демек, атақты «Абай жолы» эпопеясының алғашқы кітабы аяқталған. Жазушы көңіл-күйі шаттықты.
Алайда, осының бәрі Мұхаңдай көлеңкесінің өзіне күдікпен қарайтын сауысқаннан сақ, заман әбден зәрезап еткендігі сонша, бір құлағын жастыққа басып, бір құлағымен тың тыңдауға, бір көзін ұйқыға жұмса, екіншісін қарауыл қаратуға үйренген адам, байқаған кісіге, Бейсекеңе жан сырын аша сөйлеп отыр. Ұлы адам жөніндегі естеліктердің бірде-бірінде – бірде-бір замандасы Мұхаң «Абайды» аяқтадым» деп аңқылдап сыр ашты, дастархан жайды дегенді айта қойған жоқ-ты. Сөйткен Мұхаң Мәскеуде Бейсекеңе сырын ашса – сенгені, мақтана сөйлесе – дос алдында мерейленгені.
Өте нақты, затты сөйлейтін Бейсекең одан әрі үлкен туынды үшін шампан атып, шарап ішкенін, ұлы адамның қуанышымен бірге уақыт, замана һәм замандастарынан көрген құқайын, жеген пұшайманын, естіген ғайбатын айтып жатпайды. Одан әрі өзін тағдыр айдап Алматыға ауысып келгені, тағдыр сабақтап ұлы эпопеяның жарыққа шығу тарихына қалай орайласқанын баяндайды. Өзін сан толқуға салып, берекесін алып, бейнет шектірген, ақыр-аяғы қызметтен кетуге мәжбүр еткен хикметті де мейлінше қарапайым, мейлінше ұстамды әңгімелейді. Біреу есітіп, біреу естімеген ғалым сырына құлақ түрелікші:
«1941 жылы, май айында мен Алматыға қызметке ауыстым. Қазақтың мемлекеттік баспасының бас редакторы болып тағайындалдым.
Сол жылы, 22 июнь күні Ұлы Отан соғысы басталды. Соғыс басталған соң он бес-жиырма күннен кейін баспаның директоры Ахмет Өтеев пен мені Қазақстан Орталық партия Комитеті шақырды. Онда бізді Скворцов пен Бұзырбаев жолдастар қабылдады.
Біз, Бұзырбаев жолдас екеуміз, Сіздердің жоспарларыңызды көріп шықтық. Оны бүгінгі күннің зәру қызметіне ыңғайлауды ойластырдық, – деп, Скворцов баспаның соғыс жағдайындағы міндеттерін айтты. – Жоспарларыңызда Әуезовтің «Абай» романы бар екен. Ол баспаханада теруде жатқан көрінеді. Біздіңше, сол романды шығарудың қажеті жоқ. Бір жағынан, ол соншалық актуальды емес; екінші жағынан, авторы сенімді адам емес. Сендерге партиялық тапсырма: біз, Орталық партия Комитеті айтты демей Әуезовке өздерің бір себеп айтып, оның романын тоқтатыңдар, шығармаңдар, – деді Скворцов.
Мұны Бұзырбаев та қостады. «Абай» романын шығармау жөнінде бізге ол да бірсыпыра кеңес берді.
Екі-үш күннен кейін мен Мұхаңды шақырдым:
Баспаханаларда жұмысшылар аз қалды. Жабдық жоқ. Соғысқа тікелей байланысты кітаптардың өзін шығару тіпті қиын болып жатыр. «Абай» кешігетін көрінеді. Ол ескі, латын әрпімен терілген екен. Енді бір-ер жылдан кейін оны латын әрпімен шығару мүлде қолайсыз болады. Сондықтан, Мұха, «Абайдың» листаларын алыңыз. Түзетулеріңіз, қосатын, қысқартатындарыңыз болса, соның бәрін жасаңыз. Сонан кейін оны жаңа әріппен шығарайық – дедім.
Мұхаң бұған қуана-қуана көнді. «Абай» «тоқтатылды». Бұл Бұзырбаевқа хабарланды, ол енді шығарылмайды делінді. Біраз күнде Мұхаңа кітаптың «листалары» берілді. Мұхаң оларды көп ұстамай, түзетіп әкелді.
Бұл кезде мен Скворцовтың партиялық тапсырмасын ары ойлап, бері ойлап, ол қате, партиялық тапсырма емес, партия жолын бұрмалау деген қорытындыға келген едім. Қолжазбаны кідіртпедім: машинкаға жаңа әріппен қайта бастырып, баспаханаға жібердім…
Келесі, 1942 жылы июль айында «Абай» баспадан шықты. «Абай» баспадан шыққан күні ол жөнінде газетте біздің, Қ.Шаңғытбаев екеуміздің мақаламыз шықты /«Социалистік Қазақстан» 26 июль, 1942 жыл/.
Мақаламызда біз «Абай» романын тиісінше бағалауға тырыстық: тарихи роман деп танып, оны совет әдебиетіндегі белгілі тарихи романдармен салыстырдық. «Абай» ол романдардың бірқатарынан жақсы болып шыққан… «Абай» романы қазақ совет әдебиетінің үлкен бір табысы».
Осы мақала шыққан соң екі-үш күннен кейін мені Қазақстан Орталық партия комитетінің сол кездегі секретарларының бірі Мұхаметжан Әбдіхалықов шақырды. Бардым. «Абай» туралы мақала столының үстінде жатыр. Қызыл қаламмен шимайланып сызылыпты. Мұхаметжан қабағынан қар жауардай, түнеріп отыр. Мен отыра бергенде ол орнынан тұрды. Ашуланып, мені бүріп сөйлей бастады.
Мына романды саған кім шығар деді? – деп, мақаланы нұқып қойды.
Мен жауап айтпақ болдым. Ол:
Тоқта! Сен өзің кімнің кітабын шығарып отырсың?
Кімді, кімнің шығармасын мақтап отырсың? – деп бастырмалата жөнелді.
Мен тағы да жауап айтуға ыңғайланған едім, ол тағы киіп кетті.
Сөзге жол бергің жоқ. Өзің бір асаусың ғой!..
Әуезов бұрын пәлен болған, түген болған… Ол қазір мойнында соттылығы бар, пәлен адам, түген адам… Ертеңгі күні… ол бізге пәлен істейді, түген істейді, – деді.
Айтқандарына тәнім түршікті. Оларды енді, он бес жылдан кейін осында жазуға аузым да бармайды.
Сен мақалаңда «Абай» романын Сталиндік сыйлық алған «Петр первыйға», «Шыңғыс ханға» теңейсің. Сонда сеніңше бұған да Сталиндік сыйлық беру керек қой шамасы? Шіркіннің білгішін, бағалағышын!..
Жоқ, енді жақсыны жақсы деу…
Сандырама! Жақсыны сенен басқа кісі танымай ма екен? Сен түк білмейсің. Мұнан былай тіпті сын жазуды қой… Бар… деп шығарып жіберді.
Екі-үш жылдан кейін сол Әбдіхалықов «Абай» романын Сталиндік сыйлыққа ұсынған қаулыға қол қойды. Бірақ «Абайға» ол жолы сыйлық берілмеді, екінші кітабы күтілді.
Сол шыққан соң, 1948 жылы Сталиндік бірінші дәрежелі сыйлық берілді.» /Аталған күнделік. 38-39-40-41-42-43-беттер/.
Қандай ғажап ерлік! Кісінің оқып отырып, қарадай әлдекімдерге зығырданы қайнайды. Қазақ жазушысының қазақша жазған романында қазақша бір ауыз сөз білмейтін Скворцовтың не әкесінің ақысы бар десейші? Бастықтың айтқанынан шыға алмайтын, қуыршақ хатшылар Бұзырбаев пен Әбдіхалықов әрекеті анау. Міне, осындай қысылтаяңда қараңғыда жол тапқандай, мүмкіндік тауып «Абайды» жарыққа шығарған Бейсекең әрекетіне жаның жадырайды. Ойлап қараған кісіге, бұл әрбір туынды тұсында, әрбір жазушы тағдырында қайталана берер жағдайдан емес. Асылы, қай дәуір, қандай жағдайда да тор шын талантқа құрылған, керме-кедергі заманынан озық тұрған ұлы жазушының құбылысқа айналып туған шығармаларына жасалған. «Шахнаманы» Ғазнауи ханға «сыйлатқан» Фердауси тағдырын еске алыңыз. А.С.Пушкиннің тарихи шығармалары мен мемуарының қалай жазыла бастап, орта жолда тоқтатылғанын ойға түсіріңіз. Алғашқы шығармасының ұлы В.Г.Белинский мақтауына ілінгені үшін замандастарының қызғанышына ұшыраған жап-жас Ф.М.Достоевский өміріне көз жіберіңіз. Қайран да қайран шерменделіктің қыл шылбырынан құтыла алмай, тұтылып қалып жататын ұлылық. Ұлылықтың қыр соңынан қалмай өкшелеп, ізін аңдып құлтабандап діңкесін құртатын көре алмаушылық, қызғаныштың қызыл иті-ай десеңші?!
Сонау жиырмасыншы жылдары ұлы Абайдан қашқан, тапты желеулетіп халықты ұлы Абай жырынан қашыртқан қара ниет қырқыншы жылдары да қартаймапты, қырқыншы жылдары да саясатты сылтау, замана желін желеу еткен кейіпте ұлыларға ауыз салған әдетінен жаңылмапты. Әлі жеткен жерді өзі жайпап, әлі жетпеген жерді кезеңдік әкімдер қолымен тұншықтырып үйренген қайран қара ниеттілік. Сонау жиырмасыншы жылдары ұлы Абайды арашалаған жас Бейсембай қырқыншы жылдары ақын жайлы романды арашалап жанұшырып жүр.
Қай уақытта да әдебиетпен, өнермен саясаттың қолына су құю, қай уақытта да саясаттың әдебиет пен өнер ісіне араласуы – екеуі бірдей ұтылысқа шығады, кейінгі ұрпақ алдында екеуі бірдей қарабеттік күй кешеді.
Бүгінгі уақыт биігінен, бүгінгі күн түсінік жетегіне ілесе талдай қарайықшы жоғарыда айтылған жайларға. Басқа емес, «Абай» романын жарыққа шығармау ісіне Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің кезіндегі бірінші хатшысы Скворцов араласып отыр. Не түсініп, не біліп араласып отыр десеңізші?! 1937-38 жылдардың қанды науқанында қазақ интеллигенттерін аяусыз қырғынға ұшыратқан басшы, ең болмаса науқан өткен соң, қатары селдіреп қалған қазақ интеллигенциясына тыным берсейші, одан да құлаған экономиканы қалпына келтірумен айналыссайшы. Жоқ. Игі істің бірі жоқ. Енді келіп халық жанына рухани ырыс болып құйылғалы тұрған «Абайды» жөргегінде тұншықтырғысы келеді. Әрине, Скворцов арқасында Бұзырбаев, Бұзырбаев арқасында тағы біреу, біреу емес, біреулер, бірнешеулер тұр ғой тасаланып. Және ол міндетті түрде қазақ! Замандасының атын оздырғысы келмейтін, өз жақсысынан жаттың жаманын артық көретін қазақы надандық. Әйтпесе, қазақша әліпті таяқ деп білмейтін Скворцовтың «Абайда» не әкесінің құны бар дейсің?! Домалақ арыз жаздырғыш, ырқына көндіргіш ықпалды топтың айтағына еріп, соның сөзін сөйлеп отыр ғой орыс басшы.
Айтаққа ерген жортақ…
Бір сәтке мынадай жайды көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Мұхтар Әуезовтің «Абай» романы авторының «саяси сенімсіздігінен» жарыққа шықпай қалды делік. Негізінен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы араласқан іс «оң» десе оңынан, «теріс» десе терісінен бұлжымай орындалуға тиісті ғой ол кезде. Мәскеуде жүріп, 1937-нің қыспағын көрмеген, әрі өз дегенінен қайтпайтын өжет Бейсекең тас жұтып, тәуекел етпесе, күштілердің айтқан сөзіне шыбындап бас изей беретін қазақ жағдайында, тап солай, «Абай» жарыққа шықпай қалуға тиісті еді ғой. «Абайдың» алғашқы кітабы жарыққа шықпаса ұлы эпопеяның кейінгі кітаптары жазылар ма еді, жоқ па еді? «Абай» жарыққа шықпай қалса, онсыз да ұлтшыл, алаш аты қыр соңынан қалмай, иті қырын жүгіріп, қырсық иектеген жазушы кезекті қуғын, көпе-көрінеу шеттетуді көтере алмай ажалынан бұрын өліп кетсе қайтер едік? КСРО Мемлекеттік сыйлығын алғаннан кейін, 1953 жылы ҚазМу-ден шығарылып, Қазақстаннан қуылғанын еске алсаңыз, бәрінің де мүмкін екеніне көз жеткізесіз. «Абай» – А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев еңбектерімен бірге ақталып, оқырман қолына бүгінгі күндері тиіп жатса ше? Ойласаң жаның түршігеді…
Жаһанды жауға алдырып, көңілді күдікке шалдыра бермей-ақ, оңынан сөйлегенде «Абай» Скворцов пен Бұзырбаевтың сол шеттетуінен шегініп кетіп оншақты жыл кешігіп барып жарық көргеннің өзінде қаншама ұтылыс болар еді?
Жақсылы-жаманды айтылып жатқан сұраулы қауіпті жағдайлардың бірі орындалды-ақ, шығарма авторы – М.Әуезовтен бастап, бүкіл қазақ әдебиеті үшін үлкен ұтылыс боларына шәк жоқ. Онда бір қазақ әдебиеті ғана емес, бүкіл Орта Азия әдебиеті көп мәселеде кенжелеріне де күмәндана алмайсыз. Қарапайым оқырман қауымның әдеби-эстетикалық талғамын көтеруден бастап, жазушылық мәдениет, қаламгерлік деңгей, әдеби шеберлік сабағы, әдеби дәстүр… дегендей бір-біріне кіндігінен байланып жатқан өзара сабақтас, өзектес мәселелердің бәрі ақсар еді, бәрі кенжелеп, кейіндеп мешеулене берер еді ғой онда. Айтарға аузың бармайды. Тфә-тфә…
1942 жылы «Абай» жарыққа шықпаса, екінші кітабы жазылмайды, екінші кітабы жазылып жарық көрмесе Мұхтар Әуезовке 1948 жылы Сталиндік сыйлық берілмейді. Сыйлық алған соң да талай қуғын-сүргін көрген Мұхтар Әуезов егер сыйлық алмаған болса алашорданың сарқындысы ретінде, ұлтшыл жазушы деген айып тағылып айдалып кете барар ма еді?! Қалай дегенде де қырқыншы, елуінші жылдардың ішінде басына сан рет үйірілген бұлттардың бірінен болмаса бірінен жазым болуы кәдік-ті ұлы жазушы. Демек, «Абай» романының дер мерзімінде жарыққа шығуы айтулы шығарманы аман сақтап қана қойған жоқ, сонымен қатар М.Әуезовтің өз басына жасалған саяси айыптау, дұшпандық шабуылдардан қорған болды. Талай тоспа-тоспаларда тұтылып қалмай, құтылып шығуына «Абай» даңқы, атақты шығармаға алған сыйлық аз септеспесе керек.
Әуел баста жазылмаса сөз басқа, аса дарынды жазыла бастаған көп томды шығарманың алғашқы кітабына саналы түрде жасалған мықты тосқауыл. Сол тұста мейманасы тасыған әкімдердің көзін алдап қапы соқтырған баспагер Бейсембай Кенжебаевтың қарапайым қолғабысының соншалық қадірлі болатын себебі де, міне, осында.
Міне, осындай қысталаң, өзексіз өңезе – тар кезеңде Б.Кенжебайұлының тәуекелі – басын бәйгеге тігу, тәуекелі – қайталанбас рухани ерлік, қайталанбас кісілік.
Басын бәйгеге тігу дейтін себебіміз – «Абайды» шығармау, басқа емес, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Н.А.Скворцовтың, қатардағы хатшысы А.Бұзырбаевтың нұсқауы. Ал оны орындамау, ең жеңіл дегенде қызметтен алынып, майданға жіберілу. Әйтпесе, әлі 1937 жылғы қанды қырғын суый қоймаған ол жылдары, одан да зорын күтуге болатын. Тұп-турасын айтқанда, айдалып, атылып кетуі де әбден мүмкін еді батылсыған баспагердің. Ғайып-ерен, қырық шілтен қолдады ма, әйтеуір ғалым ел, жұрт бақытына аман қалды…
Сөйтіп, қайталанбас кісілік қарызын өтеп парызға айналдырды, ұлы жазушы алдында, келешек ұрпақтар бақытына қайталанбас рухани ерлік жасады. Жанын шүберекке түйе жүріп жасады. Қолетінде жүрген баласындай балаң ақын Қ.Шаңғытбаевты кітап редакторы етіп тағайындап, «Мұхтар романының теріліп жатқанын тісіңнен шығарушы болма. Қазақта кім көп, қызғаншақ пен арызшы көп. Үлкен шатағы бар кітап болып тұр. Ешкімге сездірмей тезірек шығарып алайық» /Аталған естелік/ – деп оңашада сыбырлай, тағатсыз ескертуінің өзінде қауіп-қатермен жағаласқан сезім жатыр ғой…
Көзді жұмып нартәуекелге барған баспагер Бейсембай Кенжебайұлының ақылды істеген екінші бір ісін қараңыз. Әдетте, баспагер кісіге, оның ішінде басшы қызметкерге өзі басқарып отырған баспа кітабын өзі талдап, мақтап мақала жазу – партиялық баспагерлік этикаға жатпағаны мәлім. Алайда, Скворцов, Бұзырбаев, Әбдіхалықов секілді ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған әкімдердің айтқан сөзін, берген нұсқауын орындамаған баспа басшысы /Бейсекең/ енді қорғаныс амалына көшеді. Қорғаныс жолы, әрекет амалы – «Абайды» қарағай мен қорғасын иісі сейілмей тұрып, сүйінші данасынан оқып, мерзімді баспасөз арқылы дүйім жұртты құлақтандырып жіберу.
«Көп қорқытады, терең батырады» – көпшілік пікірімен санасар, кешірімді болар деген ойды малданған еді, баспагер! Қаршадай бала-редактор, дарынды ақын Қуандық Шаңғытбаевты қабатына ала «Абай» романы жөнінде «Социалистік Қазақстан» /«Егемен Қазақстан»/ газетінде мақала жазуы, мақаланың шығармамен бір қатар /бір күнде/ жарық көруі – жақсы ойластырылған айла. Әкімдердің діңкесін құртқан жариялылық. «Абайдың» мықтылығын біле, сезе тұра қарсы болып, тосқауыл қойып жүрген әкімдер «болар іс болып, бояуы сіңіп» ел құлақтанып қалған соң шарасыздан бармағын шайнайды ғой баяғы. Зәрін де, кәрін де айтқанын тыңдамаған, «Абай» тоқтатылды» – деп айлалы ақпар беріп, жер соқтырып кеткен «алаяқ» Б.Кенжебайұлына төгеді. Оған қарсы дауыл тұрғызады, жауын жауғызады. Бірақ, тағы да оны Мұхтар Әуезов пен Бейсембай Кенжебайұлы білмеуге тиісті. Біле қалса Мәскеуде Әуезовтің де дос-жараны аз болмауы керек. Ал, Кенжебайұлы Мәскеуден – «КСРО Жоғарғы Кеңесі ведомствосынан» жақында ауысып келіп отыр. Бүкілодақтық староста М.И.Калининмен бір партиялық ячейкада болып, қоян-қолтық қызмет істеген /М.И.Калининге қазақ тілінде жазылған арыз-шағымдарды аударып беріп отырған. Қ.Е./ Кенжебайұлы ілгерілеп ізденсе шу шығуы мүмкін. Отырған орындығы қымбат мансап иелері бұл жайды білмейді емес, ескермейді емес.
Ендігі жаза, шараның бәрі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сол кездегі хатшысы Мұхаметжан Әбдіхалықов қолымен атқарылатын сыры да, міне, осында! Жоғарыда Бейсекең күнделігінен келтірілген ашу, ыза, айқай сөздердің қандайы да М.Әбдіхалықов аузымен айтылғанымен оның арқасында қазақты – қазаққа салған, әкімді еңбекшіге салған, шоқпарды ізгілікке жұмсаған зұлым күш – М.Әуезов пен Б.Кенжебайұлына қарсы қаскөй топ тығылып тұр ғой. Сондықтан бұл жерде қаншама қатты келгенімен, айтпас сөзді айтқанымен Мұхаметжан Әбдіхалықовтың жағдайын түсініп қабылдау жөн. Ал біз келтірген күнделік сөздері /келтірілмегені де бар/ қаншама қатты дегенімізбен, сол кезеңнің әміршіл әкімдері үшін қарапайым қызмет нормасы ғана.
Көзі тірісінде қадірлі Бейсекеңмен «Абай» романының жарыққа қалай шыққаны жөнінде әңгімелескеніміз бар. /Бірде Қуандық Шаңғытбаев сәлемдесе келіп, екеуі роман жөнінде жылап отырып естелік айтысқандары да есте. Оның бәрін айтып жату – артық./ Енді сол сырласу, әңгімелесудің кейбірін ортаға салайық.
Сіздің басыңызды бәйгеге тігіп, тосқауыл қойылып құлатылғалы тұрған «Абай» романына жаныңызды салып, араша түсуіңіздің сыры неде? Бір республиканың бірінші басшысы, 1937 жылы «қазақ интеллигенциясының 99 процентін қырған» /С.Мұқанов/ Скворцов сынды қанды шеңгелге қарсы тұруға күш-қайратты қайдан алдыңыз? – деп сұрадым бірде қайсар ғалымнан.
Бір кісінің ой-қиялынан туғанымен көркем шығарма – халықтікі. Елді есейткіміз келсе есті шығарма жазайық. Ең болмағанда жазылған есті шығарманы шырылдап қорғамасақ торғай құрлы болмағанымыз, ел ретінде тозғанымыз дә. «Абайдың» жақсы шығарма екеніне сендім, сенген соң халыққа жетсін деп, Қуандық екеуміз қолдан келгенді жасадық. Әрине, Мұхаң риза болды ғой. Әйтсе де соқыр сенімді әкімдер күрік тауықтай күрілдеп бәле болды. Басымнан қиқу кетпеді. Ақыры, арызымды жаздым да, «өз еркіммен» баспаның бас редакторлық қызметінен кеттім. Кеткеніме сірә да өкінбен. Керек болса арызымның көшірмесі өзімде сақтаулы…
Ғалым өткен өміріне күліп қарады. Өкініші болса ішінде. Ал өзі пенде басшыларға күле қарап сөйледі.
Иә, ғалым айтқандай-ақ, оның Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сол кездегі хатшысы М.Әбдіхалықов атына Қазақтың мемлекеттік біріккен баспасы бас редакторлығы қызметінен босату жөнінде жазған арызы сақталыпты. Арыз «Беседа с Вами окончательно укрепила мои мысли и желание уйти с выполняемой мной сейчас работы…» – деп басталады.
Ұзын сөздің қысқа