![221111-14](http://old.egemen.kz/2011img/221111-14.jpg)
Желтоқсанда елімізге Алладан нұр төгіліп, Тәуелсіздік алдық. Сан ғасырлар бойғы армандаған бабалар арманын баянды ету жолында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастап, елі қоштап, шекарамызды шегендеп, әлеуетімізді арттырып, мәдениетімізді жетілдіріп, әлемдегі өркениетке ұмтылған елдердің көшінен қалмауға кірістік.
Тәуелсіздіктің әр жылы – бұл жаңа Қазақстан тарихындағы тұтас дәуір. Тарихқа шегініс жасасақ, Қазақстан үшін өз тәуелсіздігін алар тұстағы халықаралық аренадағы алғашқы елеулі оқиға Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен Семей ядролық полигонын жабу және ядролық қару-жарақтан бас тарту болды. Бұл жаппай қарулануға жанталасып жатқан заманда ешбір мемлекет басшысының ойына келмеген теңдесі жоқ айрықша шешім еді. Мұндай нартәуекелге бір басының бақытын елінің бақытымен байланыстырған кемеңгер тұлға ғана бара алатыны сөзсіз еді.
Жас тәуелсіз мемлекеттің басшысы осылайша әлемге адамзаттың жаңа ұрпағы, мүлдем жаңаша ойлау жүйесі келгенін паш етті. Сөйтіп, Н.Назарбаев дау-жанжалсыз әлем құру, Батыс пен Шығыс арасында жылы қарым-қатынас орнату, келісімге шақыру идеясын ұсынды. Мұндай құнды идеяның әлемдік қоғамдастықтан қолдау табуы заңды еді.
Содан бері бүгінгі күнге дейін Қазақстан адамзат тарихында ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан тұңғыш әрі жалғыз ел болып келеді. Мұны халқының болашағы үшін қандай да тәуекелге барып, алтын басын бәйгеге тігіп жүрген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қайталанбас ерлігі десе болады.
Жер бетіндегі Біріккен Ұлттар Ұйымынан кейінгі үлкен құрылым – 56 елдің басын қосқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының үшінші мыңжылдықтағы, ХХІ ғасырдағы Саммиті Қазақстанның төрағалығымен Астанада өтті. Қазақстан әрі төраға, әрі саммит шақырушы ел мәртебесіне ЕҚЫҰ тарихында тұңғыш рет қатар қол жеткізген мемлекет болды.
Осындай елде өмір сүргенімізге шүкіршілік етейік. Демократия деген мынау деп, билікке қарсы шығып тұру керек екен деп, ауызға келгенді сөйлей берген дұрыс емес. “Көрмес түйені де көрмес” дегендей, кейбіреулер Қазақстанда болып жатқан жақсы жағдайларды көрсе де көрмегендей, естісе де естімегендей болады. Ондайлардың қолынан келетіні – елді шатастыру, шындықтан адастыру. Елдің жақсылығына қуана алмайтын жандардың да арамызда бар екеніне қайран қаласың. “Бар деген оңалады, жоқ деген жоғалады” деген бабалар сөзін де естен шығармаған жөн. Бір күн аш, бір күн тоқ болсаң да, туған жеріңде кеудеңді кере дем алып жүргенге ештеңе жетпейді.
Төрткүл дүниеде бір ұлттан тұратын мемлекетті табу мүмкін емес. Әлемде барлық мемлекет көпқұрамды. Бүгінде Қазақстанда қанша этнос болса, соның бәріне өз орталықтарын ашып беріп, тілін, дінін сақтап, дамытуға толық мүмкіндік жасалған. Бұл жетістікке қазақтың пейілінің кеңдігі мен даналығының арқасында қол жеткізіп отырмыз. Мәселен, Еуропадағы ең демократиялық мемлекет саналатын Францияда ол елге басқа бір ұлттың азаматы көшіп барып, сол елдің азаматтығын алса, сол күні француз болып шыға келеді. Төлқұжатыңда солай жазылады. Яғни, сенің ұлтыңа, дініңе, тіліңе мән беріп жатпайды. Ал бізде ше? Елбасының салиқалы саясатының арқасында Қазақстан халқының татулығымен әлемге үлгі көрсетіп отыр. Сабырға салып, Қазақстанда тұратын әрбір ұлт өкілінің жағдайымен, салт-дәстүрімен санасып, сыйластықта ғұмыр кешіп келеміз. Қазақстанның басты құндылығы осында деп ойлаймын.
Алтынды қолда тұрғанда барымыз бен бағымызды бағалай білгеніміз, жақсы менен жаманды саралай білгеніміз жөн.
Этностық әртүрлілік қай ел үшін болса да оңай емес. Бірақ елді біріктіріп, «ырыс алды – ынтымақ» екенін ойлаған ел басшылығы 1992 жылы өткен Қазақстан халқының І форумында үлкен ұйым құруды ұсынған еді. 1995 жылғы 1 наурызда Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Жарлыққа қол қойылған сәттен бастап, оған елдегі түрлі ұлыс өкілдерінен мүшелікке алынып, ірі саяси әрі мәдени ошаққа айналды. Содан бері еліміздегі маңызды саяси мәселелерге белсене араласып келеді. Бұл ұйымның ауқымы өте үлкен. Әр өңірден ұлттық мәдени орталықтар, салт-дәстүрін, тілін, өзіндік дүниетанымын жетілдіретін бірлестіктер ашылып, Қазақстанды Отаным деп танитын және сол үшін қызмет ететін жастар тәрбиелеуге атсалысуда. Бұл бірлестіктер өз тілдерін, салт-дәстүрін, мәдениетін нығайтумен бірге, қазақ тілін, оның тарихын, салт-дәстүрін білуге һәм сыйлауға міндетті. Сол бағытта біраз жұмыстар атқарылып та жатыр.
Әлемдік деңгейдегі саясаткерлер Біріккен Ұлттар Ұйымының қазақстандық үлгісі деп атап жүрген сол Қазақстан халқы Ассамблеясы жыл өткен сайын өз жемісін беріп келеді. Әлемде баламасы жоқ бұл тәжірибені дүние жүзінің барлық мемлекеттері пайдалану керек деген тұжырымды Батыс пен Шығыстың көптеген саясаткерлері жарыса айтуда. Бүгінгідей ақпараттар тасқыны заманында бір мемлекеттің халқы түгілі, бір әулетті ынтымақта ұстап отыру оңай емес. Тілі басқа болғанмен тілегі бір, діні басқа болғанмен ниеті бір сан халықтың өкілдерін негізгі мемлекет құраушы қазақ ұлтының маңайына топтастырып, ұйыған сүттей ынтымақта ұстап отырғанын Елбасы Н.Назарбаевтың шын мәніндегі кең жүректі кемеңгерлігі деп әлем мойындап отыр.
“Ауызбіршілік жоқ жерде ешқашан да ұлттық идеялар жүзеге асқан емес, жаулықтың ең үлкені, ең қиыны – ынтымақ үшін ымыраға бара алмау” деген сөзді Елбасы ата-бабалардың өсиетіне балап айтқанына ең қиын кезеңдерді еңсеріскен ел сенеді. Әу бастан-ақ, Нұрсұлтан Әбішұлы: “Ұлт мәселелерін шешудің әмбебап әдістері болмайды”, деп кесіп айтқан болатын. Ұлттық мәселелерді ұлттарды сыйлау, құрметтеу, дәстүрі мен тарихын, тілі мен ділін қастерлеу арқылы ғана, адамгершілік жолымен шешуге болатынын көшбасшысымен қосыла ұққан қазақтың, Қазақстан халқының көрер қызығы мұнан да кемел. «Әрбір адам бала кезінен Қазақстан – менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты, мен де ол үшін жауаптымын» деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей болғаны жөн», – деді бізге Қазақстан басшысы.
Бір қарағанда, қоғамдық институт сияқты ғана көрінетін Ассамблеяның қызметінде сан мыңдаған адамның тағдыры, тілегі жатыр. Оған егемендіктің өне бойындағы келелі істер куә. Қазір Қазақстан халқы Ассамблеясына айналған іргелі ұйым отандастарымыздың үлкен мінбері болды. Ассамблеяның алқалы жиындарында әрбір халықтың өз болашағын өзі таңдауға құқы барлығы, алайда, оны жүзеге асыруда басқа этностардың құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтірілмеуі керектігі айқын көрініс тауып келеді.
1995 жылғы 24 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясының І сессиясы шақырылды. Сессия жұмысына мемлекеттік құрылымдардың басшыларынан бөлек шығармашылық интеллигенция, қоғам мен мемлекет қайраткерлері және еліміздегі сан алуан ұлыс өкілдері қатысты. Аталған сессияда Ассамблея мүшелері Мемлекет басшысының өкілеттілігін кеңейту туралы ұсыныс жасады. Сессияда баяндама жасаған Президент Н.Ә.Назарбаев: “Мен, еліміздің Президенті ретінде қоғамдық тұрақтылықты және ұлтаралық келісімді қамтамасыз етуді өзімнің басты міндетім деп санаймын”, – деп нақты атады. Осы жиында Елбасы ұлттық саясат мәселелерін қорытындылай отырып, оның алдағы уақытта да айқын және әділетті принциптер негізінде жұмыс істейтінін айтты. Аталған принциптерді берік ұстанудың арқасында Қазақстан тек этностық, діни негіздегі қақтығыстардың алдын алып қана қоймай, мемлекеттік ұлттық саясат саласындағы реформаларды жүзеге асыра отырып, қарқынды даму жолына түсті.
2002 жылы оның тоғызыншы сессиясында жаңа даму стратегиясы қабылданды. Ол негізінен үш мақсатқа арналды: ұлттық келісімнің негізі ретінде конфессиялық үн қатысу; елдің қауіпсіздігін азаматтардың қауіпсіздігімен айқындау; ұлтаралық қатынастарды Қазақстанның ерекшелігін ескере отырып құру.
Ассамблея делегаттары осымен бірге ұлттық саясатта Қазақстанның өз мүддесі бола алатынын мәлімдеді. Ұлтаралық қатынастарды айқындаудың мүлдем даусыз, барлық елдер үшін бірдей қолайлы үлгісі де, тәжірибесі де жоқ. Сондықтан бүгінде ешкім де басқа елдерге ұлттық саясаттың өзі таңдаған мүддесін ұсына алмайды. Әр мемлекеттің тарихи-мәдени қалыптасу жолына үйлесімді ұлтаралық дара көзқарасы болуға тиіс деп шешті. Алқалы жиында Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, көпұлтты қазақ мемлекетінің ұлтаралық татулық пен тыныштықты, діндер мен ділдер арасындағы түсіністікті нығайту бағытында алдағы атқарылар шараларды тағы бір мәрте нақтылап атап өтті.
Ассамблеяның ХІІІ сессиясында: “Біз қоғамды басты ұлттық басымдықтар төңірегінде топтастыруға тиіспіз: олар – тыныштық, тұрақтылық және келісім” тақырыбы күн тәртібіне көтерілді. Сессия барысында Парламент Мәжілісіне Ассамблея атынан 9 депутат сайлау туралы шешім қабылданды. Ассамблея консультативті-кеңесші орган деңгейінен конституциялық орган мәртебесіне ие болды. Демократиялық үрдістерді одан әрі ырықтандыруға бағытталған конституциялық реформалар нәтижесінде Ассамблеяның саяси мәртебесі жаңа деңгейге көтерілді. Алдымен Ассамблея атауындағы бұрынғы “халықтары” сөзі “халқы” сөзімен алмастырылды. Бұл өзгеріс елдегі ұлттық бірлік сипатын конституциялық деңгейде сәйкестендіру бағытындағы бетбұрысты кезең еді.
«Барлық 140 этностың және 46 конфессияның төзімділігі, татулығы мен келісімі Қазақстан қоғамының берік іргетасы болды. Біз бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрдық», – деді Н.Назарбаев ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитіне қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде. Тәуелсіз елдің жүріп өткен жолын көз алдыңнан өткізсең, уақыт жағынан алғанда соншалықты қысқа, атқарылған істер тұрғысынан қарағанда соншалықты ұзақ екенін аңғарасың.
Биылғы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Ассамблеяның алқалы жиыны өтті. Еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтерде болған бұл құрылтайдың өз ерекшелігі бар. Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзі бастамашы болып құрған, теңдессіз қоғамдық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының қосқан үлесі айтылды. Ең бастысы, ол ел ішінде татулық пен түсіністік орнауына, барша халқымыздың ұлтаралық, дінаралық қайшылыққа бас қатырмай, ортақ Отанымыздың өсіп-өркендеуі жолында алаңсыз еңбек сіңіруіне негіз болғаны атап өтілді.
Ассамблея мүшесі ретінде менің бүгінгі айтарым, мен қазақша таза сөйлеймін. Мемлекетімнің патриоты ретінде оның тілін құрметтеймін. Өйткені, бұл мемлекет – менің Отаным. Оның әрбір адамы, әрбір тасы қымбат. Тауым мен даламды бірдей сүйемін! Қазақтың «Ырыс түбі – ынтымақ» деген аталы сөзін әрбір ісімде басшылыққа алып отырамын.
Людмила ХОЧИЕВА, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.
Астана.