22 Қараша, 2011

Арман қуған жігіттің хикаясы

407 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Ресей қазағы Арман Дәулетияровқа «Ар­ман» деген есім текке қойылмаған. Ау­зын ашса ақ жүрегі көрінетін қан­дасы­мыз­дың дүйсенбі күні Алматыда «Мәскеулік Шыңғысханның тари­хы» атты авторлық кітабының тұсауы кесілді. Арманның армандар туралы және оған қалай жетудің жолдары туралы кітабы бірден қазақстандық БАҚ өкілдерінің назарын аударып отыр. Бұл кітап Мәскеудегі шоу-бизнесті бағындырғысы келген қарапайым қазақ жігітінің тарихы мен Ресей шоу-бизнесінің бұралаң жолдары жайлы баяндайды. Қазір Арман Дәулетияров Муз-ТВ телеарнасының музыкалық директоры, Ресей және Қазақстан мәдени-іскерлік ынтымақтастығы халықаралық орталығының президенті. Өткен жылы ол Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталғанын еске сала кетуге болады. Ал жоғарыдағы кітап Ресейдегі танымал продюсердің тырнақалды туындысы. – Бұл туынды менің достарым мен жаныма жақын жандарға арнаған сыйлығым. Мен оны жазуға ұзақ әзірлендім, міне, арманым орындалды. Сіздер кітаптан Мұрат Насыров пен Бағлан Сәдуақасов сынды танымал жандардың өнер жолындағы қиындықтары және олар­дың жеке тұлға ретінде қалыптасу тарихын біле аласыздар. Бұл әншілердің де арамыздан кеткеніне бес жылдың жүзі болыпты. Олар менің ең жақын достарым болатын. Біз Мәскеуге бірге аттандық, шоу-бизнес баспалдағына бірге қадам басқан едік, – дейді Арман. Ресейдегі «АСТ» сияқты беделді баспаханамен бірлесе отырып шыққан кітап жеңіл оқылады, шынайы оқиғаларымен құнды. Кітапта продюсерлер мен әртістер арасындағы күрделі қарым-қатынас, махаббат, отбасы, достық пен өмірдегі өзге де құндылықтар жақсы ашып көрсетілген. Автор өзінің жеке өміріне қатысты жәйттерді мысалға ала отырып, адам табыс пен махаббатқа жету үшін жан-дүниесінің нәзіктігін жоғалтып алмау қажеттігін айтады. Адами қасиеттер кісінің кәсібіне де ұлтына да бағынбайды, дейді ол. Шоу-бизнес жолындағы жігіт сөйтіп тұңғыш рет өз тарихы арқылы адам өзін өзі қалай тәрбиелеуге болатындығы жайлы сыр шертеді. Кітап продюсерлік қызметтің қыр-сырын меңгергісі келетіндер үшін ғана емес, өмірде бақыт пен табысқа жетудің құпиясын білгісі келетіндер үшін де құнды. Сонымен ресейлік қандасымыздың журналистермен емен-жарқын жағдайда өткен кітап тұсаукесері тамаша сұхбат алаңына айналды. Баспасөз мәслихатына әнші-сазгер Батырхан Шүкенов, белгілі музыкант, продюсер Байғали Серкебаев қатысып, кітапта келтірілген қызықты да тағылымды оқиғалар жайлы өз ауыздарымен баяндап, журналистердің сауалдарына жауап берді. Айнаш ЕСАЛИ. Алматы.