Қазақстан • 07 Ақпан, 2018

Түркі академиясы Алаш әскеріне арналған семинар өткізді

350 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Түркі академиясы халықаралық ұйымы Астанада «Түркі әлемінде тұлғалар тағылымы» сериясы бойынша Алашорданың 100 жылдығына орай «Алаш әскері: тарихтан тағылым» тақырыбында екінші семинар өткізді. 

Түркі академиясы Алаш әскеріне арналған семинар өткізді

Суретті түсірген Майгүл Сұлтан

Семинарда қоғам қайраткері Берік Әбдіғалиұлы жиналған көпшілікке ашық лекция оқыды. Тарихшы өзінің жаңа жарық көрген  «Алашорданың әскери құрылымы (1917-1920 жж.)» атты кітабының негізінде Алашорда үкіметінің ұлттық әскерінің қалыптасу кезеңін жан-жақты баяндады. Ол алғаш рет Мәскеу, Санкт-Петербор, Омбы және Томск қалаларының архивтері мен кітапханаларында сақталған құжаттық деректерді келтіре отырып, Алашорда үкіметінің сол дәуірдегі Уақытша Сібір үкіметі, казактардың әскери топтары сияқты маңызды тарихи факторлармен ара-қатынасын айтты. 

Ұлттық академиялық кітапханада өткен алқалы жиынға қатысқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, дипломаттар, ұлт зиялылары мен зерттеуші-ғалымдар да сөз сөйлеп, пайымды пікірлерін ортаға салды. 

Академия басшысы Дархан Қыдырәлі Берік Әбдіғалиұлына рахмет айтып, «Түркі халықтарының тарихын зерттеуге қосқан үлесі үшін» TWESCO Алғыс хатымен марапаттады.

Айта кетейік, Халықаралық Түркі академиясы былтыр «Тұлғалар тағылымы» атты семинарлар легін бастаған. Дәстүрлі семинардың ең алғашқысы татар халқының көрнекті қайраткері Әбдірәшит Ибраһимге арналған болатын. 

Майгүл Сұлтан,

«Егемен Қазақстан»