10 Ақпан, 2010

ҰЛАНБЕЛ МЕН ҰРБҰЛАҚ АРАСЫ

1606 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Оқта-текте, анда-санда болса-дағы, кең-байтақ еліңіздің жағра­пиялық жарғақ картасына қарап қоятын шығарсыз. Ұланбеліңіз Жамбыл облысының жартысына жуығын алып жатқан Мойынқұм­ның Сарыарқаға ұласар тұсында тұр ғой. Атының өзі жүрегіңізді шым еткізер. Ұланбел. Ұланбел мен Ұрбұлақтың ара­сы төрт жүз шақырымнан асады. Далалы, жоталы-жонды, қырқа-қыратты, таулы-тасты, шөл-шөлейтті жерлермен жүру керек-дүр. Ұрбұлағыңыз – Оңтүстік Қазақстан облысындағы, Балық­ты­су бойындағы кішкентай ғана ауыл. Ақсу-Жабағылы қорығына жалғасып жатқан Ұрбұлақ тауы бар. Шымкенттен шығысқа қарата қара жолмен жүрсеңіз де, пойызға мініп кетіп бара жатсаңыз да, Тес­кентаудың тепсеңінде жайылған жылқыларды байқар едіңіз. Ой­мақтай ғана көл айдыны айна­дайын жалтырап көрінер. Міне, сол көлдің айналасындағы ойдым-ойдым бидай, арпа, мақсары егістіктеріне қызығарсыз. Жаз бен күзде, әрине. Қыстыгүні қарлы боран ұлып кеп-кеп бергенде, Қарақшы деп аталатын атырапты танымай қаласыз. Мархабат БАЙҒҰТ. Биылғы қыс бұл өңірде көктемнің басы немесе күздің соңы секілді боп тұрыпты. Алматы – Ташкент тас жолының бір бүйірінде, елсіздеу тұста еңселі үй зораяды. Қора-қопсы қараяды. Мая-мая шөбі, қыруар техникасы тізіледі. Жақындағанда “Жібек жолы” кафесін көресіз. Тұрсынбек пен Тұрсынкүлдің “патшалығы” осында. Елу үшінші жылдың ерте көктемінде Ұрбұлақ ауылына Мой­ынқұмның Ұланбелінен Мұса­бай деген кісі келіпті. “Оу, ағай-е-ен, жерлерің тар екен. Адамдарың бар екен. Жұмыс­тарың аз екен. Мойынқұмда мал көп, жер де жетіп-артылады. Еңбекқорлықтан ерінбейтіндерің болса, жүріңдер”, – деп шақы­рып­ты. Осы Тұрсынбегіңіз сонда он бес жасар балатұғын. Әкесі Сартай нартәуекел деп, Мойын­құмға тартты да кетті. Салт басы емес, әрине. Отбасымен бірге. Ұланбелден бір-ақ шыққан сөйтіп. Ұрбұлақта көп адамның, олардың арасында Сартайдың да тұрмыс­тары жүдеу-жадау еді. Балалар қара нанды да жарытып жей алмайтын кезтұғын. Ұланбелде бұларға шыр біте бастаған. Үйел­мелі-сүйелмелі екі інісі мектеп бітіріп, оқуға түсті. Тұрсынбек әкесімен бірге малда қала берген. Қоңданысып-жонданыса түскен. Денсаулығы мықты. Шабандоз атанды. Қыздар қызығып жүрді. Күндердің күнінде екі ту биені бірдей сатқан Сартай соқталдай ұлының уысына ақшаны толтыра салып, бүй деді-ай: – Келінді күнгей жақтан таңдап таппағыңды тілеймін. Жіп тағуыңа Түлкібас стансасындағы нағашыларың көмектесер. Сөзді әбден пісіріп, уәдесін алып қайт. Жүдә бар ғой, келінді бірден әкелсең де, дайынбыз. Түлкібас стансасының төменгі жағында нағашылары тұратын. Әке сәлемін жеткізді. Тілек-та­лабын түсіндірді. Нағашы жең­ге­лері жасы кәмелетке жеткен, сегі­зіншіні “төрттікпен” тәмам­дағалы тымпиып қана қалқоз тірлігін тындыратын Тұрсынкүлмен та­ныстырды. Теміржол вокзалында екі-үш рет қыдырысты. Буфеттен шай-пай ішісті. Акация ағашы қоршаған теміржолшылар клубы­нан кинофильм көрісті. Бір-бі­рінің қолдарынан қалтырай ұста­сып, дірілдей уағдаласты. Болды. Бітті. Тұрсынбек Тұрсынкүлге үйленетінін мәлімдеді. Ол жылдары сырға тағу салты жоқ. Құда түсу қатты айып­та­латын. Комсомолша танысып, сәбеттік жастарға тән тікелей жолмен қосылмақ құпталатын. Ондай рәсімдердің ретін келтіре алмаған алаш жігіттері алып қа­шудан артық әдіс таппай аласұ­ратын. Тұрсынбек те Тұрсынкүлді алып қашты. Түлкібастан Таразға дейін таксилетті. Отыз сом төледі. Тараздан (ол кезде Жамбыл ғой) Ұланбелге дейін ұшақпен жетті. АН-2 дейтін қанаттары қос қабат, қаракөк шегіртке сынды көлік қой. Ұланбел – “Мойынқұм” сап­қозының орталығытұғын. Ұш­ақ­тан түскен жас келінді Шу өзе­нінің майда толқыны қатты тол­қытты. Тойды “бешір” дейтін. Тұрсынбек пен Тұрсынкүлдің “бешірлері” күшті өткен. Бұл 1962 жыл еді. Бір аптадан кейін-ақ келінмін, жаңа түстім деп сызылып отыр­май, Тұрсынкүліңіз мал шаруашы­лығының бел ортасында жүрді. “Мойынқұм” кеңшарының жүз он мыңдай қаракөл қойы, мыңғырған жылқысы бартұғын. Малшылар Мойынқұмнан Сарыарқаға қарата бес жүз шақырымға дейін көшіп кете баратын. Мамырда жылжып жетіп, қазанның қара суығына ұрынбай, қайта оралар еді. Осы­лайша он-он бес жыл өтті де кетті. Тұрсынкүл бастап, балалары қос­тап, бие сауатын. Кеңшардың жос­пары бар. “Өзің коммуниссің, үш айда жиырма тонна сүт өткі­зесің. Бие сүті”, – дейді. Сап­қоз­дың алпыс-жетпіс биесін бай­лай­ды. “Қаражал” кенішіне әр литрін жиырма бес тиыннан өткізеді. Кеңшар директоры: “Бізге жоспар орындалса болды. Ақшасын өзің ала бер, коммунист жолдас”, – дейді. Балалар ынталана түседі. Бір маусымда бес-алты мың сом жиналады. “Жигулидің” құны ғой. Қымызды екі жүз литрлік сабаға ашытатын. Күніне үш жүзден бес жүз литрге дейін жеткізіп жүрді. Сабаның астына тобылғы төсей­сіз. Сабаны, былайша айтқанда месті жылқы терісінен әзірлейсіз. Ыстай берсеңіз, майлаудан ерін­бесеңіз, сабаңыздың сапасы күшейе түсер. Алпыс сегізінші жылдың жазында Сартай ақсақал ауылына қайта көшкен. Зейнеткерлікке шық­қан. Ұрбұлақты сағынған. Ұлан­белде Тұрсынбек пен Тұр­сынкүл бала-шағасымен қалған. Жиырма жыл жылқы бағып, “Қаражал” кенішін, қала берді Ұланбел жұртын қымызға қарық қылған Тұрсынбек пен Тұрсынкүл 1993 жылы Ұрбұлаққа оралуға бел буған. Ұланбел мен Ұрбұлақтың ара­сындағы төрт жүз шақыры­м­нан астам жермен сегіз күн жүріп, жылқымен бірге жылжып, тоғы­зыншы күні Ұрбұлаққа жеткен. Тұрсынбегіңіз. Жанында, әрине, ұланбелдік достары болды. Бір қо­ра жылқыны жайып айдап жет­кіз­ді. Ал қой мен қара мал мә­ши­немен жіберілген. Ішінде торы биелері, ақбоз аттары, құнан-дөнендері, ала тайларына дейін бар бір қора жылқыны, бірер мәшине қой мен сиырды көрген жұрт қатты таңырқасты. Іштарлық деген қиын дә-ә-ә. Ұрбұлақ пен Балықты ауылдары мұндай байлықты білмеген. Көрмеген. Тұрсынбек Ұланбелден әкел­ген жылқысын Ұрбұлақ тауына айдап апарды. Кең далада емін-еркін жайылатын жарықтықтар тақырға айналған таудан тасыр­қап, ойға ойысады. Біресе Келте­машаттың жоңышқаларына, біре­се, Балықтының бидайына түседі. Күзетшілер күн көрсетпеске ке­тісті. Егістіктерге түссін-түспесін, тістерін қайрап кеп, тепсінеді де тұрады. Тұрсекең біраз қылқұй­рық­ты Қарабұлақ базарына ай­дады. Қойды да, сиырды да сау­далады. Ақшаның шып-шырғасын шығармай, техника жинауға кірісті. Егін шаруашылығына икем­делмесе, болмайтынға айнал­ды. “К-700”-ден бастады. Алғаш біреуін, кейіннен екіншісін алды. Комбайн тапты. Сеялка, соқа, мала салар мәшине... Дәнекер­лейтін аппаратқа дейін. Жер иемденбектің азабын айтсаңызшы. “Сен бұл жаққа еңбек сіңірмеген адамсың”, – дейді ғой мұнда­ғылар. “Сонда мен, немене, ас­пан­нан түсіппін бе?” – дейді Тұрсынбек. “Бекер кеппіз ғой”, – деп бұрқылдайды биенің бауы­рындағы Тұрсынкүл. Балалары да шу ете қалады. “Көке! Апа! Неге келдік?!” деседі. Көп нәрсені көрді. Көп нәрсеге көнді. Жылқы мүлде кеміп кетті. Бірақ биелерді сақтаған. Мақсары, бидай, жо­ңышқа, арпа өсірмекке үйре­ністі. Бейнеттен қашпасаңыз, тір­ліктің көзін таппақтан жалық­пасаңыз, еріншектік дейтін шай­танды мойныңызға мінгізбесеңіз, бәрін де жеңуге болатыны белгілі. Әрине, әкім-қараларға біраз-біраз бірдеңе беруге тура келді. Аудан­дағысына да, ауылдағысына да. Алматы – Ташкент трассасына тиіп тұрғандықтан, байлыққа оп-оңай батып жатқандай көріп, тегіннен-тегін қымыз ішіп, ет-пет жеп, тісін шұқып кеткісі келе­тіндер күрт көбейген. Тұрсынбек пен Тұрсынкүл ондайларды тәртіпке тез түсірді. Бала-шағаны, келіндерін соған үйретті. Нарық заманы. Бейнет қатты. Ен-тегін жатқан ештеңе жоқ. “Қатты” десті. “Пейілдері тарылыпты” десті. Мейлі. Жиырма жеті жасар Әмірдің қазасы ата-анаға аса ауыр тиген. Жұбанатындары – ұлдарының артында қалған Диас пен Жібек еді. Бүгінде олар Алматыда оқып жүр. Ұрбұлақ пен Қарақшы маңайын жайлаған жекеменшік өндірістік кооператив “Әмір” деп аталады. Жетпісшақты жылқы, үш жүзден аса қой, жүзден аса ірі қара. Екі жүз гектардан аса егістік жер. Екі бірдей “К-700”, үш “Беларусь”, төрт “ДТ-75”, тағы­сын-тағы техникасы жеткілікті. Бүгінде Тұрсынбек Сартайұлының өндірістік кооперативі анау Абай ауылы мен мынау Ұрбұлақтың, бүйірдегі Бесата қыстағы жерле­рі­нің біразын игеріп, жеке шаруа­ларға көмектесер халге жеткен. Қа­рақшы тегістігінде, қара жол­дың бойында, жоғарыда жазға­нымыздай, еңселі үй, қора-қопсы, кафе бар. Балықты ауылынан немістердің төрт үйін түгел сатып алған. Ұлдары Байбол мен Асхат келіндерімен бірге осында. Заңгер мамандығын алған Тимур мен бизнесмен Әбдір Алматыда. Әбдірлері Ресей мен Қытайға жиі баратын іскерлердің, қалталы­лар­дың қатарында. Қыздары Зылиқа Таразда, Қарлығаш Түлкібаста. Бәрі үйлі-жайлы, ұлды-қызды, өсіп-өніп, өркендеп жатыр. “Ал­лаға шүкіршілік, жиырмадан аса немереміз өсіп келеді, көбейе берсін”, – дейді Тұрсынкүл жеңгей. Тұрсынбек пен Тұрсын­күл құрған “Әмір” өндірістік кооперативінде жазда жиырма адам жұмыс істейді. Өздерінің өрен-жарандарынан басқа. Жеті жүз гектар егістікті солар күтіп-баптайды. Егеді, өсіреді, өнім жинайды. Төрт малшы тұрақты түрде жылқы мен қойға жауапты. Айлық жалақылары елу мың теңгеден кем емес. Малшылардың жекеменшік малына шектеу жоқ. Қанша болса да қосып баға береді. “Қайта бізге жақсы, малым өсіп жатыр деп, менің малыма да жанашырлықпен қарайды”, – дейді Тұрсынбек. Қазір малшы Базарбай әйелі Бибайшамен және ұлы Нұрбол­мен бірге қора жақтағы үйде тұрады. Қой мен жылқы солардың жауапкершілігінде. Биелерді де солар сауады. “Жібек жолы” ка­фесін жалға берген. Біраз жылдан бері. Жазда жүз литр қымыз өткі­зеді. Кафеге. Күніне. Әнуар Жана­лиев дейтін өзбек жігіті, әйелі Кәмила мен қыздары Жәмила үшеуі кафені жап-жақсы ұстап келеді. “Жібек жолы”, әсіресе, құ­далық өткізбекке өте-мөте қолай­лы. Қымыз ашытуға Тұрсынкүл жеңгеміз жетекшілік жасайды. Келіндері Зере шебер қымызшыға айналған. Бала-шаға, немерелері де күбі пісіп, қымыз баптаудан бой тартпас. “Әмір” өндіріс кооперативіне, оның жетекшісі, жасы жетпістен асып үлгерген Тұрсынбек Сартай­ұлына сенім арта түскен. Баяғы­дағыдай біртүрлі, жақтырмай, іштарлықпен, түсінбей, тіксіне қарайтындар азайған. “Әлі де кедергілер көп қой, – дейді Тұрсе­кең миығын мысқыл түртіп. – Бірде ауданнан бірер бастықтар келді. Абай ауылында бес мың гектар жер бос жатыр, бес жыл бойы ешкім егін екпеген, игеруге қалайсыздар дегенді айтты. Алдымен байқап көретінімізді білдіріп, жүз елу гектарға бидай септірдім. Кооперативке кіргісі келетіндердің қағаздарын алып, ауданға бардым. Сөйтсем, әділет бас­қармасында әділеттілік кем екен. Әуре-сарсаңға салды да қой­ды. Ақша бер дегенді ашық айта­ды-ай сабаздар. Сонымен, жер толық игерілмей қалды. Қарапай­ым шаруалар қиналды. Енді субаренда құқығы әділет басқар­маларынан алынып, әкімдіктерге өтіп жатыр ғой, жеңілдейтін шығар...” Кафеге бұрылмай, үйлеріне тікелей тартқандарды онша жаратпай ма, қайдам, Тұрсекеңдер салқындау секілді көрінген. Кейін білдік, Тұрсынбек пен Тұрсынкүл Балықтыдан үдере көшкен төрт немістен сатып алып, қайта жөн­деп, кеңейтіп-көркейткен үй-жай­ларындағы моншаға түсіп қайт­паққа жиналып жатыр екен. Жол­дан қайырылған сіздің тілшіңізді сәл-пәл жақтырыңқырамай қал­ғаны содан болса керек. Біраздан соң барып шешілісті. Екеуі де. ...Тұрсынбек түсінде ылғи да Ұланбелден Ұрбұлаққа қарата жылқы жайып, көшіп келе жатады екен. Тұрсынкүл түсінде Түлкібас стансасындағы акация ағашы қоршаған теміржолшылар клу­бын­да кино көріп отырып, жыл­қышы жігіттің қолын ұстай бере, ұялғанынан оянып кететін көрінеді. Мархабат БАЙҒҰТ.