Технология • 04 Шілде, 2024

Мүмкіндігі мол «smartlook»

167 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлемде кейінгі жылдары «smartlook» жүйесінің мүмкіндігі кеңінен қолданыс тапты. Жақында Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетіндегі Автоматтандыру және ақпараттық технологиялар институты Роботтехника және автоматиканың техникалық құралдары кафедрасының жас ғалымдары мен студенттері ақылды кілт – смарт карта құрастырды.

Мүмкіндігі мол «smartlook»

«Smartlook» жүйесі – былтыр қазан айында университет ректорының бас­тамасымен қолға алынған жоба. Атал­ған жоғары оқу орынның ғылыми қызметкері, жоба жетекшісі Шылмырза Үсеннің айтуынша, енді сынақтан өтіп жатқан жобаны нарыққа шығару көзделіп отыр. Жыл соңына дейін өнім сапасын арттыруға байланысты, тәжірибедегі қолданысы, безендірілуіне қатысты жұмыстар іске асады. Қауіпсіздік тұрғысынан ұтымды жүйені мекемелерде, жоғары оқу орындары, мектептер мен балабақшаларда тиімді қолдануға болады. «Smartlook» жүйе­сінің маркетингтік шешім­дер қабылдауда, жұмыс сапасын, қызметкерлердің белсенділігін арттырудағы ық­палы зор. Қазіргі кезде елімізге шетелден тасымалданатын технологияларды өнертапқыштар құрастырған скуд-карталар алмастыратын болса, онда оның құны нарықта әлдеқайда қол­жетімді болатыны анық.

«Smartlook» жүйесі – кафедраның зертханасында жүзеге асып жатқан көптеген жобаның бірі. Зертхананың кіші ғылыми қызметкері Ақжол Нұрданұлы көп функционалды смарт құлпы жүйесінің зертханалық прототипі қазіргі кезде сынақтан өтіп жатқандығына тоқталып, оны әзірлеу барысында техникалық қиындықтың болғанын атап өтті. Бірақ соған қарамастан, жас ғалымдар заманауи жүйенің прототипін жасап шығарды. Бұл технология қызметкерлердің жұмысқа келу және кету уақытын бақылауға, рұқсат етілмеген аумаққа бөгде адамдардың кіруін шектейді. Қауіпсіздікті сақтауда таптырмайтын технологияның бұл түрін әрі қарай жетілдіріп, картаны қолдану барысында «Face ID», «Touch ID», «QR» тәсілдерін де пайдалану жағы ойластырылып отыр. Болашақта осы мүм­кіндіктер арқылы жас ғалымдардың ноу-хау­дың тиімділігін арттыра түссек деген жоспары бар.

Жас өнертапқыштар үнемді әрі қауіпсіз өнім болашақта үлкен сұранысқа ие болатынына сенімді. Өйткені адам жұмысын жеңілдететін заманауи шешімдерді өндірістің қай саласында болсын қолданған тиімді. Жаңа технологиялардың тамырын дөп басқан қырағы студенттер «smartlook» жүйесін арнайы кілт ретінде пайдаланумен қатар төлем картасы ретінде де қолдануға болатынын айтады.

Алматы