Экономика • 04 Шілде, 2024

Ертеңгі күннің жобасы

117 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жылт еткен жаңа жобаны зор қуанышпен қабылдау – жас облысқа тән көрініске айналып тұр. Өйткені сол арқылы өңірдің ертеңі көз алдымызға келеді. Бүгінгі жоба – ертеңгі нақты жұмыс орны.

Ертеңгі күннің жобасы

Жезқазған қаласының шеткері жағынан жаңа мұнай базасының құрылысы бас­талды. Сәтін салса, 2025 жылдың тамызында пайдалануға беріледі. Өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мақсат тұтқан жобаны іске асыру үшін «PetroRetail PFS» ЖШС 4,5 млрд теңге инвес­тиция салуды көздеп отыр.

«Облыста қазір бір ғана мұнай базасы бар. Біз қолға алған жоба жүзеге асқан кезде бұл салада аймақта бәсекелестік пайда болады. Ал бәсекелестік бар жерде, қызмет көрсету сапасы артады. Мұны халық жақсы біледі», дейді «PetroRetail PFS» ЖШС құрылыс істері жөніндегі директоры Андрей Юрьевич Науменко.

Жаңа мұнай базасы жазғы және қысқы дизель отынын, АИ-92 және АИ-95 маркалы бензинді қабылдау, сақтау және босатуға лайықталып салынбақ. Жанармай сақтайтын резервуарлық парк көлемі әзірге 5 мың текше метрге жоспарланған. Дегенмен кейін оның көлемін 10 мың текше метрге ұлғайту мүмкіндігі де есептеліп отыр. Жобаның жалпы ауданы – 7 гектар. Оның 5 гектарына құрылыс жүргізіледі.

Жоба бойынша мұнда 5 вагон-цис­тернаға құйылатын теміржол эстакадасы, сорғы стансасы және автоцистерналарға құю стансасы, трансформаторлық қосалқы станса және дизельдік электр стансасы, әкімшілік корпус, теміржол және басқа да нысандар орналастырылады.

«Жобаларды қарастырғанда тек бүгінгі күнді емес, келешекті де ескеруіміз керек. Көп ұзамай Жезқазған-Қызылорда автожолын күрделі жөндеуден өткізу бас­талады. Сол жолдың құрылысына пайдалану үшін де қаншама жанар-жағар­майға қажеттілік туындайтынын ойлай беріңіз. Жол пайдалануға берілген соң Жезқазған арқылы жүзеге асатын көлік қатынасының күрт көбейетіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан «PetroRetail PFS» ЖШС-ның өңірімізге келіп, инвестиция құйып жатқанына тек қуанамыз. Олардың жұмысына сәттілік тілейміз», деді облыс әкімінің орынбасары Алмаз Ыдырысов.

Жаңа істі бастау оңайға соқпайды. Жас облыстың өзіндік қиыншылыққа тап болып жатқаны да белгілі. Бірақ тығырықтан шығар жол әрқашан табы­лады. Өңірге инвестиция тарту – сол қиын­шылықтарды еңсерудің басты алғышарты.

Жезқазғанда іргетасы қаланған жаңа мұнай базасы инвестициялық мүм­кіндіктерді іске қосу арқылы өңірдің келе­шегін кемелдендіре түсуге жасалған кезекті қадам іспетті.