Медицина • 08 Ақпан, 2018

Халықнама немесе Тәтімов мұраты

1511 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінгі қазақ қоғамы демограф Мақаш Тәтімовтің деректеріне жиі жүгінеді, болашақта да жүгіне бермек. Ол қазақтың демография ғылымының негізін салып қалыптады, әділетті түрде еліміздің бас демографы атанды. Халықнама пырағын ерттеп мініп, ақтық деміне дейін туған халқына адал қызмет етуден, өзінің өмір бойғы айнымас асыл мұратынан жазбады.

Халықнама немесе Тәтімов мұраты

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында атамекенде азшылыққа айналған қазақтар қатты қағажу көре бастады. Тілі де, ділі де, мәдениетте де, мектепте де, ғылым-білім, кадр мәселесінде, ұлттық байлық пен әлеуметтік игіліктердің бөлінісінде де жергілікті халық үнемі шетке қағылып өгейсітілді. Осындай қиын жағдай, өліара мезгілде қазақты қорлық пен құрып кетуден құтқаратын, ұлтсызданудан сақтайтын бірден-бір жол – халықтың санын көбейту, оның атамекендегі үлес салмағын өсіру, ұлт­тың демографиялық тінін жақсарту екенін терең түйсініп, саналы түрде сезінген адамдардың бірі осы кезде Мәскеуде оқып жүрген арманшыл жас жігіт Мақаш Тәтімов еді.

Тығырықтан шығаратын ең дұрыс, ең парасатты жол – дамудың табиғи ағысында дау-дамайсыз, дабырасыз жүзеге асырылатын Демография майданы болатын. Осыны дәстүрлі даналығымен, ішкі терең түйсігімен ұғынған қазақ халқы сол алпысыншы жылдардың басында нақ осы мылтықсыз майданға шықты. Қазақ шаңырақтарында жетеуден, оннан қарадомалақтар жүгірді, қазақ ауылдарында «демографиялық дүмпу» белең алды.

Өз атамекен республикасында 28-29 пайыз азшылықта тұрып бастаған қазақ халқының осы демографиялық  ахуалын үнді халқының ағылшын отаршыларына қарсы Махатма Ганди көтерген атақты «азаматтық мойынсұнбаумен» салыстыруға болады. Ал Мақаш Бай­ғалиұлы алғашында сол майданның үгіт­шісі, жаршысы болып, келе-келе ту көтеруші, қолбасшысына айналды. Қазақтың демография ғылымын жөр­гегінен бастап тербетіп, әлемдік деңгейге көтерді, халықаралық ауқымда танытты. Келе-келе тәуелсіз Қазақ мем­лекеті жүргізген демографиялық, көші-қон сая­саттарын қалыптастыруда, ха­лықтың демографиялық сауатын ашып, са­насын оятуда аса бір жанкештілікпен, жарты ғасыр бойы дерлік, яғни өмірінің соңына дейін өлшеусіз еңбек сіңірді.

Махатма Ганди болмаса да, Мақаш 1964 жылы екінші курстың студенті кезінде Кеңес Одағының түкірігі жерге түспей тұрған кеудемсоқ көсемі Никита Хрущевқа жаппай ұжымдастыру мен отырықшыландырудағы асыра сілтеуден қазақ халқының қатты зардап шеккені туралы хат жазып, мұның «қасақана жасалған геноцид, нағыз халықтық трагедия» болғандығын атап көрсетеді. Қазақ халқының саны мен құрамы және орналасуы жөніндегі алғашқы монографиялық ғылыми еңбегі – «Цифрлар шежіресі» де студенттік жылдар жемісі. Бұдан әрі өмір бойы халық зарының ащы шындығын айта білетін ғылыммен дендеп шұғылданды. Қазақстан мен қазақ халқының демографиялық даму сатыларының өткенін, бүгінін талдап-сараптады, болашағын пайымдап болжады. Қазақ және орыс тілдерінде 20-ға жуық кітап, іргелі монографиялар жазып жариялады. Ал 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен төрт күн бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде республикада қазақ ұлтының салмағы жылдан-жылға өсіп келе жатқанын қуана хабарлап, жыл аяғында орыстармен 39,5 пайыз шамасында теңесетінін алдын ала сүйіншілегені үшін «Правда» газеті тарапынан қатал сыналып, ұлтшылдық қалпағы кигізілген-ді.

Қазақтың қайсар демографы ұлт­тық мұраттан бас тартпады, Тәңірі жарылқап, тәуелсіздікпен қауышты, оянған қазақты ойлануға шақырды. Көбейсе ғана көсегесі көгеретінін айтты. Демографиялық болжамдарында Қазақ елінің болашағы жарқын екендігін әйгіледі. Демографиялық саясатқа көңіл бөлу жөнінде Үкіметке ұсыныстар түсірді. Елбасының демографиялық қиын­­шылықтарды ұлттық қауіпсіздік қатарына қосып, басымдыққа ие еткеніне қуанды. Сөйте тұра, осыдан бес-алты жыл бұрынғы демографиялық дүмпудің, бэби-бумның көп ұзамай божырап тоқтайтынын да болжап айтып кетті. Бэби-бум атасының бұл айтқаны да айдай келді. Демек демографиялық саясатты күшейту керек, жастарға қолжетімді үйлерді көбірек салып, әр туған сәбиге берілетін көмекті көбейткен абзал.

Мақаш Тәтімовтің айтуынша: біздің халқымыз үшін демографиялық майдан – ең шешуші ұлттық майдан. Осы басты майданда жеңсек – ертең саясатта да, экономикада да, тіл мен ділде, мәдениет пен дінде, салт-дәстүрде де біржола жеңіп шығамыз. Дербестігіміз – демографияда... Иә, қазақ халықнамасы қолбасшысының ұлттық мұраты осындай еді.

Қазірде қазақ халқы демографиялық майданда алғашқы үлкен жеңістерге жетті деп айта аламыз. Иә, Мәңгілік елдің мәні – демографияда, ұлттың саны мен сапасында һәм санасында. Мәңгілігімізді демография қорғайды.