Азияда бұған дейін Ақ Олимпиада ойындары небәрі екі рет, екеуінде де Жапонияның – Саппоро (1972), Нагано(1998) қалаларында өткен екен. Азияның жолбарысы – Оңтүстік Корея көршілерімен иық тірескен алпауыт мемлекеттердің бірі. Ендеше неге қимылдамасқа? «Ер кезегі үшке дейін» демекші, 2010 жылы Канаданың Ванкувер қаласына небәрі үш дауыс жетпей ұтылып қалған корейлер арада төрт жылдан кейін Ресейдің Сочи қаласындағы тартыста тағы да төрт дауыспен жеңіліп қалды. Пысық, алған бетінен қайтпайтын Корея мемлекетінің қайсар жандары тіпті сонау 2014 жылы Пхенчхан мен Каннын қаласында ғаламат спорт кешендерін салып қойды. Осыдан алты жыл бұрын Пхенчхан қаласы Олимпиаданы өткізу құқығын алғаннан кейін де бірнеше заманауи спорт кешендерін тұрғызды.
Олимпиада ойындары Пхенчхандағы тау кластерінде және Каннын қаласындағы жағалау кластерінде өтпек. Пхенчхандағы «Альпенсия» спорт паркінде шаңғымен секіру, биатлон, шана-бобслей орталығы, шаңғымен жүгіру, ал Бокон паркінде фристайл мен сноуборд жарыстары өтсе, таяу жердегі Канвондо провинциясының Каннын қаласында керлинг, мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру, шорт-трек сайыстары жанкүйерлердің көзайымына айналмақ. Биік қабатты үйлерден сап түзеген Олимпиада қалашығы көрікті, қар жұқа, тек тау етегінде аппақ қар айнадай жарқырайды. Айта кету керек, Қазақстаннан келген бапкерлердің бір тобы, лицензия ала алмаса да бұр-сарқ қайнап жатқан жарыстардан репортаждар таратуға келген бір топ журналистер, жанкүйерлерінің көбі Каннын жағалау кластеріндегі қонақүйлерге орналасқан. Олимпия ойындары қашан арзан болып еді, мұнда да қымбатшылық, баға удай, Өскеменнен келген фристайлшы Аяулымның әкесі Серік Әміренов, болашағынан үміт күтетін шаңғышы Иван Люфтің демеушісі, первомайкалық кәсіпкер Сергей Глушков үшеуіміз қуықтай ғана бір бөлмеге орналастық. Өкінішке қарай Иван Люфт Олимпиада жолдамасын иелене алмады.
Бұған дейін осы жолдардың авторы төрт жазғы, екі Ақ Олимпиада ойындарына қатысқан. Дүние жүзінің түкпір-түкпірінен келген спорт жұлдыздары Олимпиаданың медалін алу үшін жанын салып, ақ тер-көк тер болып жатады. Алайда Қазақстан қысқы спорттан есесін жіберіп алған. 1994 жылғы Норвегияның Лиллехаммер қаласында В.Смирнов алтыннан алқа таққан еді. Содан бері алтын арманға айналды. Смирновтың екі күміс, бір қоласы, павлодарлық шаңғышы Прокашева мен Сочидегі мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің алған бір-бір қоласы жыртыққа жамау бола алар ма екен? Күлімдеген Корея елінде үміт күткен жерлестеріміз фристайлшылар Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхерд жүлдеге қол созса, нұр үстіне нұр. Бұл екеуінің де жүлде теруге қауқары бар. Осындайда еске түседі, Сочиде қос саңлақтың өнерін тамашалаған едік. Алдын ала өткен іріктеу жарыста Юлия шебер өнер көрсетсе де Канада мен Американың төрешілері қасақана тобықтан қағып, суперфиналға (жетінші орын) жібермей қойды. Сөйтіп талантты қыздан «кек» қайтарды. Ол қандай кек? Бұдан үш-төрт жыл бұрын канадалық бапкерлер Галышеваны өз елі атынан жарыстарға қатыстыруға тырысқан. Алайда жүрегі қазақ елі деп соққан Юлия тіпті ресейлік мамандардың да ұсынысынан бас тартты. Бұл оқиғаны Юлияның өз аузынан естігенбіз. Ал Сочиде Дмитрий Рейхерд те тамаша өнер көрсетті. Ол тіпті қола жүлдегер атанады деп ресейлік спорт комментаторы бірнеше рет эфирден айтып жіберді. Өкінішке қарай бұл жолы да Батыраш, Қотыраштар қолда тұрған кем дегенде бір медальды көзді бақырайтып тұрып тартып алды.
Егер демократия үстемдік құрған Оңтүстік Кореядағы Олимпия ойындары кезінде бапкерлер әділ қазылық жасаса, екі саңлақтан да медаль күтеміз. Ал өскемендік талантты қыз Аяулым Әміренова әлі жас, небәрі 16-да. Бұл дүбірлі додада Аяулым алғашқы жиырмалыққа еніп жатса жаман болмас. 3 ақпанда Пхенчханға келіп, бесі күні алғашқы жаттығуларын жасаған Аяулым фристайл трассасының аса қауіпті екенін, оның үстіне ауа райының да құбылмалы болып тұрғанын айтты.
Бұл шаңғышы Алексейдің соңғы Олимпиадасы болар. Жас болса отыздан асты. Полторанин өзінің төртінші Олимпиадасында қалай да бір медаль алуға жанын салатын шығар деген ойдамыз. Алексейдің Туринде және Сочидегі өнерін тамашаладық. Тәжірибесі мол, классикалық жүгірудің шебері неге екені белгісіз, Әлем кубогы жарыстарында барлық күшін жұмсап алатын сияқты. Өткен жылдың соңында Әлем кубогы жарыстарында қатарынан алты рет алтынға, бірнеше жүлдеге қол созды. Тактикалық қателікті осы жолы да жіберіп алды ма деген ой мазалайды. Себебі Скандинавия елдері мен Ресейдің жүйріктері тек бір-екі рет қана Әлем кубогына қатысып, онда да «құпиясын» ашпай, күшін Пхенчхандағы додаға сақтап қалды. Оның үстіне Алексейдің оң жамбасына келетін өзінің сүйікті классикалық тәсілмен 15 шақырымдық сайысы еркін жүгіруге ауыстырылды. Ал жерлесіміз бұл әдісті ұната қоймайды. Десек те жарыс жолына екі немесе үш рет шығатын Алексейге біз сенеміз.
Шетелдің сарапшылары Қазақстан Олимпиадада бір медаль, қоланы Д.Рейхерд алуы мүмкін деп жария етті. Кім білсін, жорамал дәл келуі мүмкін. Бірақ Қазақстанға кем дегенде бір емес, екі медаль қажет. Еліміздің спорт басшылары саңлақтарға осындай талап қойып отыр. Тағы кімдердің медаль алуға қауқары бар? Денис Тен жаттығуда қатты жарақат алған, үміт аз. Оңтүстіктің фристаил-акробатика шеберлері сын сәтте жарқ ете қалуы мүмкін. Ал Мәдіғали Қарсыбеков жетекшілік ететін шорт-тректің шеберлері де медаль үшін жанын салмақ. Сочидегі эстафеталық жарыстағы бесінші орын жаман нәтиже емес. Әлем кубогының кезекті кезеңінде Вишневская мен Браунның қола медаль жеңіп алуы бұрын тарихта болмаған. Галинаның сұр мерген екені даусыз, алайда бойшаң қарсыластарына қарағанда жылдамдығы нашар. Ал басқа жарыс түрінен медаль аламыз деу қиялмен тең.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, журналист,
арнайы «Егемен Қазақстан» үшін Пхенчханнан (Оңтүстік Корея)