Біздің қаланың өмірін трамвайсыз көзге елестету мүмкін емес. Дүрс-дүрс, тынымсыз тіршілік. Қалалықтар өздеріне еш бөгет жасамайтын бұл дауысқа әбден үйренген. Өйткені травмай – қаладағы жоғары сұранысқа ие қоғамдық көліктің бірі. 40 жылдан аса қала тұрғындарына қызмет етіп келеді. Қалалық «Трамвай басқармасы» АҚ ескі трамвайларды толығымен жаңғыртудан өткізбек. Биыл Беларусь елінен жаңа трамвайлар сатып алынды. Алдағы уақытта да жаңа трамвай қатары көбеймек. Кәсіпорын мамандарының айтуынша, трамвай тәулігіне 47 мыңдай жолаушыны тасымалдайды. Трамвай түнде де жүреді. Рельсті жол бойына 77 вагон шығады.
Қалалық мәслихат депутаты Игорь Веретнов зерттеу жұмыстарын жүргізіп, трамвай жолын енді Кенжекөл ауылына дейін ұзарту мәселесін ұсынып отыр. Бұл ауыл облыс орталығының іргесінде тұр. Ауылдық округ аумағына қарайтын Байдала, Долгое, Әуежай ауылдарында 8 мыңдай халық тұрады. Ал «Трамвай басқармасы» АҚ кәсіпорны қаланың алдағы бас жоспарында ауылға дейін баратын жолдың әуежай және әуе қалашығы, жаңадан бой көтеретін «Достық» шағын ауданы арқылы өтетін жол салынса – жолаушылар ағыны жеткілікті болар еді, дейді.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР