Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды.
Алдымызда тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейлі мерекесі тұр. Еліміздің жаңа тарихындағы бұл бедерлі белеске көтерілу сәтінде әлемдегі іргелі мемлекеттер қатарынан көріну, өркенді өзгерістер шуағы өмірді нұрландыра түсуі әрбір өңірде мақтаныш та қуаныш етілсе, осы сүйінішті леп бүгінде Арқа төсіндегі өндірісті аймақта да айрықша еседі. Күні кеше елестей болып көрінген іргелі істерге санаулы уақыт ішінде қол жеткізу жемісі, жеделдетілген әлеуметтік-экономикалық жаңарулардың жаңғырығы Елбасының байсалды да көреген басшылығының арқасында екені мерекелі жылдағы тамаша табыстар арқылы қарағандылықтарға тағы бір дәлелденіп отыр. Барлық жерлердегідей қазыналы өлкенің де биылғы қадамы қарышты. Мұның жарқын нышан-көріністері кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың облысқа жұмыс сапарымен келіп, жалпы жағдаймен танысуында айқын танылды.
Отандық индустрияның қара- шаңырағы әрі қажымас қара нары саналатын аймақта атқарылудағы жұмыстар құлашы жылдан-жылға кең. Соған дәйекті дерек ретінде 10 айдың көрсеткіші бойынша өнеркәсіп өнімі өндірісінің көлемі 1 триллион теңгеден асқанын атауға болады. Ал жыл соңында айғақты көлем индексі 105 пайыз болады деп күтілуде. Тәуелсіздіктің 20 жылында аталған көрсеткіштің 3 млрд. теңгеден 2 триллион теңгеге дейін өсуі өңір өндірісінің қуат-қабілеті қарымдылығын көрсетеді.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясындағы жобаларды іске асыруда еліміздің өзге өңірлері арасында көш бастап келе жатқан облыстың индустрияландыру картасына енгізілген 45 ірі жобаның тең жартысын атқарып шығуы ағымдағы жыл еншісіне тиді. Соның нәтижесінде 5 мыңнан аса жұмыс орны құрылды. Мерекелі белестегі берекелі еңбектің екпінді лебі бұл.
Өзіндік көрік-келбеті көз тартарлық Қарағандының, әсіресе, биылғы құлпыруы бөлек. Жаңадан жарыса бой көтерген, жұрт көзайымына, игілігіне айналған сәні келісті нысандардың бірқатары торқалы тойға тарту, таралғы етіліп, осы күндері бірінен соң бірі пайдалануға беріліп жатыр. Шаһардың бас көшесі Республика даңғылы бойындағы қатарласа сап түзеген теннис, бокс орталықтары, мұз айдыны сәулет өнерінің бар айшығын тағынып алғандай жарқырай көрінеді қазір.
Мемлекет басшысы алдымен соларды аралап көрді. Өркендеу деңгейі неғұрлым биік сапаларға көшкен сайын өмірдегі өзгерістердің соған лайықтығы аталған ғимараттардан аңғарылады. Ежелден үлкен спорттың ордасы екендігімен, соны сүйікті серік етушілер молдығымен мәлім қалада бір жылда үш бірдей бірегей спорт ошағының отау тігуі тұрғындардың өскелең талап-талғамына, саламатты тұрмыс салтын қалыптастыруға, соны мұрат еткен жастарға деген сергек қамқорлықтың нақты бір айғағы.
![221111-1](http://old.egemen.kz/2011img/221111-1.jpg)
Жалпы аумағы 5 277,78 шаршы метр теннис орталығында 402 жанкүйер сайыстарды тамашалайды. Әрқайсысы 18х36 метр көлемінде 2 жабық, 3 ашық теннис корты бар. Хорватияның белгілі «Соncерт 90» фирмасы жабдықтаған мұнда облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер олимпиялық резерв мектебінің талапкерлері үстел теннисі бойынша түрлі жарыстарға дайындалып, қатыса алады. Сонымен қатар, бадминтон, гандбол, волейбол ойнауды машық етушілерге де есік ашық. Алаңдарға «Хард» төсеніштері жабылған. Спорттың бұл түрлері әзірге кенжелеу қалып келсе, алдағы уақытта талай жергілікті жастың осы бағытта талпыныстарын жануға мүмкіндіктері толық. Үш қабатты жабық ғимаратта ойыншылар мен жаттықтырушылардың, қызықтаушылардың қажеттіліктерін қанағаттандырарлық жағдай мен қызмет халықаралық стандарттарға сай ұйымдастырылған.
![221111-2](http://old.egemen.kz/2011img/221111-2.jpg)
Елбасын жас теннисшілер зор қуанышбен қарсы алды. Құрбы-құрдастары атынан сөз алған қаладағы №92 гимназия оқушысы Анар Сембекованың: «Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Осындай ғажайып теннис орталығын салдыртқаныңызға ақ алғысымыз шексіз. Сіздің де бұл ойынды ұнататыныңызды білеміз. Үлкен тенниске алғашқы жолды өзіңіз ашып беруіңізді өтінеміз», деген тілегіне орай ойын рәсімі көрсетілді.
Дәл жанында орналасқан бокс орталығы да әрдайым спортшыларға толы болмақ. 764 орындық кең зал сән-салтанатымен көз тартады. Оның ортасындағы қолма-қол орнатылып, жиналатын екі бокс рингінде аймақтық, республикалық, халықаралық жарыстарға қатысушылар күш сынасады. Ал былғары қолғап шеберлері жеке жаттығулар жасайтын орындар болса-болмасын оңаша. Лондон Олимпиадасына жолдама алушылардың бүгінде тыңғылықты дайындыққа еш алаңдаушылықтары жоқ.
Нұрсұлтан Назарбаев осында ашылған Қазақстан мен Ресей бокс командалары арасындағы жарыста рингке шыққан әлемнің екі дүркін жеңімпазы Серік Сәпиев пен ресейлік танымал боксшы Виталий Дохменконың өнерлерін жанкүйерлермен бірге тамашалап, мұндай сайыстар орталықты дүбірге бөлей беруін тіледі.
Осы екі спорт орталығынан қадам аттар тұста мұз айдыны алдан шығады. Жабық хоккей корты бұл ойынмен әуестенуші жеткіншектердің шеберлік шыңдайтын, сынасатын мұз алаңы болса, сондай-ақ конькимен мәнерлеп сырғанаушыларға да босатылып тұрады. Үшеуінде де арнаулы жаттықтырушылар құрамы жеткілікті.
![221111-3](http://old.egemen.kz/2011img/221111-3.jpg)
Айта кету керек, бұған дейін қалада жекелеген спорт түрлеріне лайықталған қазіргі заман үлгісіндегі мұндайлық кешенді ғимараттар жоқтың қасы болатын. Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Нұркен Әбдіров атындағы жалғыз Спорт сарайы соңғы уақытта спортпен шұғылданушылар ұлғая түсуіне байланысты тарлық етуге айналған-ды. Бұдан былай қарай жаңа кешендер осынау олқылықтың орнын толтыратын болды.
Елбасы теннис, бокс орталықтарының, мұз айдынының ашылуына жиналғандармен жүздесуде спортты дамытуға мемлекет тарапынан үлкен көңіл бөлініп отырғандығын еске салып, сол арқылы өздерімен бірге ел мерейін де өсіруге тілек білдірді.
Елбасының Қарағандыда биыл салынған нысандармен танысуы жаңа мешіттің құрылысы аяқталуымен де тұспа-тұс келді. Мешіт бюджеттен тыс қаржыға салынды. Шаһардағы осыдан біраз жыл бұрын бой көтерген бірінші мешіттен алыс емес тұста, Тәуелсіздіктің 10 жылдығы атындағы саябақ төрінде 4 мұнарасы асқақтаған еңселі, зәулім ғимарат ішінде Аллаға мінәжат етуші жамағатты қастерлі орынмен құттықтады. Бір мезгілде 4 мың адам, ерлер мен әйелдер бөлек намазға жығыла алатын, жүрекке имандылық ұялататын киелі үй Қазақстан мен Орталық Азия елдеріндегі ең үлкен әрі сәнді мешіт болып табылады. Жас жұбайлардың шариғаттық жолмен неке қидыруына еркі бар. Басқа да мұсылмандық ғұрып-дәстүрлерді атқару үшін жағдайлар жасалған.
Мешітке келуші адамдардың жаны да, тәні де таза болуы керек.
Ата-бабаларымыз ұстанған дәстүрлі дінімізге беріктікті сақтауымыз қажет, деді Елбасы. Дін – рухани тірегіміз. Тәуелсіздік – мемлекет тірегі. Тәуелсіздікке дейін еліміздегі мешіттер санаулы болса, бүгінде 3 мыңнан асады. Азаматтарымыздың имандылыққа бетбұрысы жағымды құбылыс. Алайда кейбіреулердің мұсылмандық жолға жатпайтын жат әрекеттерге ұрынуы ұшырасып жүр. Дін тазалығына, ел тыныштығына іріткі салатын қылықтардан ондайларды сақтандырыңыздар, неше түрлі ағымдардың алдын алыңыздар. Бірлік пен татулықты бұзғысы келетіндерге тосқауыл қойылуы керек.
Ардагер ақсақалдармен әңгіме кезінде Мемлекет басшысы айтқан ой қосталып, қолданды.
Бұдан соң Елбасы Теміртауға келді. Атбасы бірден №2 домна пешіне тірелді. Мұндағы металлургиялық комбинаттың жүрегі іспеттес бұл өндіріс біраз жылдардан кейін қайта жаңғыртылудан өтіп, пеш көлемі 425 шаршы метрге кеңейтілді. Соның арқасында еңбек өнімділігін 15 пайызға ұлғайтуға мүмкіндік туды. Бұдан былай қарай шойын өндіру жылына 1,3 миллион тоннаға дейін жеткізіледі. Пештің жұмыс істеу мерзімі ұзаратын, кокс шығыны азаятын, зиянды заттардың қоршаған ортаны ластауы төмендейтін болды. Сол үшін орнатылған электр сүзгілері оларды тазартып отырады. Домна газы да сүзіліп, ол бу өндіруге қолданылады. Нұрсұлтан Әбішұлына осындай өзгерістер туралы «Арселор Миттал» компаниясының басшысы Лакшми Миттал мен вице-президенті Франк Паннер айтып, жұмыс үрдісімен таныстырды. Оған ертеден көзі қанық Президент пешті іске қосқанда, домна іші еңбек әуеніне бөлене жөнелді.
Жалпы алғанда, осынау алып тынысына тың серпін берген биылғы жылдағы жаңарулар аз емес. Солардың бірі №3 үздіксіз дайын өнім құятын мәшине кешенінің де Елбасы болуы кезінде жұмысқа кірісуі ұмытылмас оқиғаға ұласты. Бұған дейін сорттық илек өндірісіне қажетті шаршы пішінді әзірлемелер Ресей мен Украинадан сатып алынып келген-ді. Енді мұнымен бірге құрылыста үлкен сұранымға ие материалдар шығарыла бастайды. Жылына 900 мың тонна әзірлеме жасау жобаланған. Мұның өзі өзгеге алақан жайылмай, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Мемлекет басшысы Теміртауда бой көтерген тарихи-мәдени орталықты барып көрді.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өңірге жұмыс сапары бүгін жалғасып, ол аймақтағы кәсіпорындарда жүзеге асырылған ірі жобалардың телекөпір арқылы іске қосылу тұсаукесеріне қатысады.
Айқын НЕСІПБАЙ.
Қарағанды облысы.
-----------------------------------------
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.