Мұның барлығы дін саласындағы атқарушы органдар мен діндарлар арасында өзара түсінісе алмауынан шығып отыр. Байқасаңыз, екі жақтың да айтар өз уәждері мен дәлелдері бар. Бірақ бірін-бірі ұғынуы қиынға соғуда. Негізінде, көзі ашық, көкірегі ояу адам айналасында болып жатқан дүниелерге зер салып қарайтын болса, бұл жердегі жағдайды да түсінер еді. Мемлекет елдегі намазханаларды түбегейлі жауып жатқан жоқ.
Және осы намазханаларға байланысты 2011 жылға дейін елімізде көптеген намазханалар халыққа қызмет көрсетіп келді. Бір жағынан қарағанда, кейбір намазханаларда кез келген адам өзінің Құдай алдындағы парызын өтеп, ары қарай өз жөнімен кетіп жатты. Екінші жағынан қарағанда, дәл осы намазханаға келген жамағатты арнайы уағызға шақыру, түрлі діни тақырыпта таласып-тартысу ахуалдары орын алып жатты. Көп жағдайда мұндай діни талас-тартыстың ошағына айналған намазханаларды мемлекет пен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан толықтай бақылауда ұстауға мүмкін болмады. Әрі сол кездері көптеген намазханалар түрлі жамағаттың ықпалымен ашылып, ішіндегі кітап сөрелері арнайы сараптаудан өтпеген күмәнді кітаптарға толы болатын. Қазір мұның барлығы біршама реттелуде.
Соңғы кездері дін саласында дау тудырып жүрген тақырыптардың бірегейі – хиджаб мәселесі. Жалпы, бұл – соңғы жүз жылдықта нақты шешімін таба алмай келе жатқан тақырыптардың қатарында. Дәл осы мәселеде толассыз жүріп жатқан бітпейтін даулар мұсылмандар арасына іріткі салып, түрлі сорақы істерге апарды. Оның үстіне, онсыз да ушығып тұрған проблеманы түрлі БАҚ өкілдері «отқа май құйғандай» ұрандатып, мәселені одан сайын ушықтыруда. Мәселен, жуырда ғана бір баспасөзде «Бірыңғай мектеп формасы бекітілді» деген тақырыппен материал жарияланып, оған тылтиған юбка киген қыздың фотосын әдейі қыстырып қойыпты. Ол фотоның бірыңғай мектеп формасына мүлдем қатысы жоқ. Мұндай киімді мұсылмандар түгілі, өзге дін өкілдері де, тіпті, атеистер де қолдамайтындығына кепіл бере аламын. Мұның бәрі елдегі мұсылмандардың қытығына тию үшін әдейі жасалып отыр. Тіпті, сыртқы күштердің ықпалындағы іс болуы да кәдік. Оның үстіне қазір қоғамда исламофобия жүріп жатыр. БАҚ беттері әлемде болып жатқан түрлі террактілерге қатысы болсын-болмасын сақалды ер адамды немесе басында орамалы бар әйелді әдейі көрсетіп жатады. Бұл көріністі бірнеше рет көрген кісінің санасында сақалды немесе орамал таққан әйелге деген сенімсіздігі еріксіз түрде пайда бола бастайды.
Шындығында, мемлекет ешқашан біреудің басындағы орамалын шешіп алмайды. Қазір басында орамалы бар көптеген келіншектер түрлі мемлекеттік мекемелерде әп-әдемі қызметтерін жалғастыруда. Алайда, кейбір мекеме басшылары мен орамал таққан келіншектер арасында түсініспеушіліктер орын алуда. Санасына жоғарыда айтып өткен қорқынышты сіңірген кейбір басшылар мәселенің байыбына бармай орамал таққан келіншекті жұмыстан шеттеткісі келетіні белгілі жайт. Бұл мәселе уақыт өте келе сауатты түсіндіру жұмыстары арқылы өз шешімін табады деп ойлаймын. Дәл қазіргідей алмағайып уақытта нағыз мұсылман өзінің мұсылмандығын тек сыртқы формаларымен ғана емес, ішкі мазмұнымен, яғни, көркем мінезімен һәм іс-әрекетімен көрсетуі тиіс. Өзіне жүктелген істерді жауапты әрі сапалы етіп уақытында орындап, өзгелерге әрдайым үлгі бола білсе ғана, ол – шынайы кемел мұсылман. Болмайтын нәрселерді сылтау етіп жұмыстан қашқақтап, өзгелермен өнбейтін тақырыпта сөз таластырып, Алланың саналы іс жасауға берген санаулы уақытын құр бекерге өткізу – мұсылманға тән емес.
Жуырда Еуропа елдерінің бірінде аэропорттағы кеденнің бақылау қызметінде ниқаб (тек көзі ғана ашық, қалған жерлері жабық қара түсті киім) киген әйелден қауіпсіздік мақсатында тек түрін (бетін ғана) көрсетіп өтуді талап етеді. Жаңағы әйел оған бағынбайды. Ақыры, кеден қызметкерлерінің талабы орындалғаннан кейін ғана жаңағы әйел шекарадан өтеді. Осы оқиғадан кейін әлемдік деңгейдегі түрлі БАҚ беттерінде «мұсылман әйелді мәжбүрлеп шешіндірді», «мұсылман әйелдері жәбір көруде» сынды арандатушы тақырыптарда материалдар жарық көре бастады. Нәтижесінде, қаншама мұсылман мәселенің байыбына бармай бір-біріне ғайбат айтып, үлкен күнәларға батты. Ислам дінінде ғайбат айту Аллаға серік қосудан кейінгі екінші үлкен күнәға жатады. Исламда біреудің сыртынан ғайбат айту – харам саналған істердің қатарында. Ислам ғұламаларының айтуынша, ғайбат айтушы адам, өз ісіне өкініп, қайта тәубе етпесе, мұсылманшылықтан шығады. Сонымен қатар, үнемі ғайбат айтумен шұғылданған мұсылманның сыртқы келбеті мұсылман болғанымен, ішкі дүниесі іштарлыққа толып, жүрегі қарайып, шынайы мұсылмандық қалыбын жоғалтады.
Бүгінде «ДАИШ» құрамында болған содырлардың ниқаб киіп алып босқындармен ілесіп қашып жатқандығын БАҚ жарыса жазып жатыр. Олардың көпшілігі ұсталып, масқаралары шыққаны белгілі. Жалпы кез келген мемлекет өз шекарасына кіргісі келетін адамның түріне қарап, арнайы құрылғылар арқылы оның қылмысқа қатысының бар-жоғын анықтайды. Бұл талап мұсылман елдерінің барлығында бар.
Мәселен, мемлекет үлкен кеме сияқты. Сол кеменің белгілі бір бағытқа жүруі үшін ондағы тәртіпті қадағалаушы капитаны болады. Көп жағдайда капитан кемені түрлі дауылдардан сақтандыру мақсатында белгілі бір шешімдер қабылдап, қауіпсіздіктің алдын алып жатады. Айналаны дүрбімен шолып, өзге де қатерлерді бақылайды. Сол сәтте кемедегілердің барлығы тәртіпке бағынып, капитанның нұсқауымен жүрсе, қалаған жерлеріне жете алады. Ал керісінше кемедегі өзге адамдар капитанның айтқанын істемей, әркім өзім білемдікке салынса, кеме ешқайда жылжымай бір орында тұра беруі мүмкін. Мұндай жағдайда кемеде қауіпті ахуал орын алып, жұртты үрей мен үмітсіздік жайлап бейберекесіздік болады. Нәтижесіндегі талас-тартыс кемені тұңғиыққа батырып бір-ақ тынады.
Айналып келгенде, мұның бәрі ел игілігі үшін жасалып жатқан іс. Не себепті мемлекет мұндай жағдайға баруда? Әрине қауіпсіздік мәселесі қазір қоғамда бірінші орындағы түйткілді тақырыпқа айналды. Оның үстіне бұған дейін Ақтөбеде орын алған лаңкестік актілер діни ағым өкілдерінің қолымен жасалды деген фактілер расталғаннан кейін, мемлекет елдегі діндарларға деген қысымды күшейтіп жатыр. Бұған дейін де діни ағым өкілдерінің елімізге әкелген зияны мен залалы ұшан-теңіз. Атап айтқанда, 2011-2012 жылдары Ақтөбеде, Шұбаршиде, Астанада, Атырауда, Таразда, Алматыда, Алматы маңындағы Тау самалы және Боралдай елді мекендерінде болған терактілер мен қарулы қақтығыстар осы теріс діни ағым өкілдерінің ықпалымен орындалғаны ақиқат. Сондықтан қабылданған шараларға түсіністікпен қарап, заң талаптарына қолдау білдірсек, асыл дініміздің аласармауына қосқан үлкен үлесіміз болар еді. Ниеті түзу мұсылман басшыға бағынып, теріс ахуалдың түзелуін тілейді. Пейілі жат ағымдықтар мәселені ушықтырып, бірлігіміздің бұзылуын көздейді. Ендеше татулығымызды тарыдай шашпай, елдігімізді қолдауымызбен танытсақ, игі.
Бақытжан САТЕРШИНОВ,
Қазақстан дінтанушылар конгресінің төрағасы,
философия ғылымының докторы, профессор