09 Ақпан, 2018

Коммерциялық киноның «дүмпуі»

932 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сонымен өткен жылы түсірілген көркемсуретті фильмдердің саны отыз алтыға жетті. Шындығында, бұл – соңғы ширек ғасырда қазақ кино­сының тарихында болмаған көрсеткіш. Ал енді жаңағы отыз ал­­ты­ның ішіндегі «Оралман» (реж.­ С.Құрманбеков) және «Қа­зақ хандығы. Алмас қылыш» (реж. Р. Әбдірәш) фильмдері ғана «Қа­зақ­фильм» киностудиясында, қал­ған отыз төрт фильм жеке студия­ларда түсірілген. Яғни еліміздің бүгін­гі кинокеңістігін негізінен жеке сту­дия­лардың өнімдері қамтамасыз етіп отыр. Өткен жылдармен салыс­тырғанда фильм санының күрт өсуіне қуануымыз керек пе, әлде сан­нан гөрі сапасына мән бергеніміз дұрыс па? 

Коммерциялық киноның «дүмпуі»

Сондай-ақ былтырғы жыл көр­кем­­суретті фильмдер санының көр­сет­кішімен ғана емес, соның басым бөлігі коммерциялық киноға тиесілі болуымен де соңғы он жыл­дағы қазақ киносының тарихына енуі әбден мүмкін. Тіпті «басым бөлігі» деп мейлінше жұмсақ ай­тып отырмыз. Өйткені жаңағы 36 фильмнің 90-95 пайызы – коммерциялық жобалар және олардың арасында «Бизнес по-казахски», «Брат или брак», «Келинка тоже человек» сияқты қаржылай қай­тарымы өте сәтті болған фильмдер де бар. Осы тұста фильмдерді кассалық жиыны тұрғысынан қарастырғанымыз жөн бе, әлде көркемдік сапасы маңызды ма деген сұрақтың туындауы мүмкін. Әрине  көздегені қаржыға келіп тірелетін дүниеден шынайы өнер туындысын іздеудің өзі көңілге қонымсыз екені белгілі. Дегенмен... 

Коммерциялық киноның басты мақсаты – қаржы табу екенін ескерсек, осы бағытта түсірілген фильмдердің көптігі соншалық, дәл қазіргі қазақ киносы өнерден гөрі, кәдімгі бизнеске айналып бара жатқандай әсер қалдырады. Және ең қызығы, фильм түсіру үшін арнайы кинематографиялық білім мен тәжірибенің керек болмай қалғанын өткен жылғы коммерциялық фильмдердің басым көпшілігінен байқау қиын емес. Мұндайда «өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп өз-өзімізді жұбатуымыз мүмкін. Бірақ «сонда да солардың бар таңдамасы» екенін ұмытпағанымыз жөн-ау. Дегенмен, жаңағыдай құбылыстың жаппай белең алып бара жатқаны сонша, арасынан «таң­дамалысын» табудың өзі қиынға со­ғып отырғаны анық. 

Әрине көрші өзбек елімен салыс­тырғанда, біздегі коммерциялық кино­ның «дүмпуі» әлдеқайда кешірек бас­­­талды. Бұл «дүмпудің» бір жақсы жағы – көрермен ең болмағанда өз киносын көреді және тағы бір ұтымды тұсы: жатжұрттық фильмдерден гөрі, отандық шығармаларға қаржы құйылады. Бұл уақыт өте келе міндетті түрде санның сапаға көшуіне ықпал етуі де мүмкін (әрине, үмітіміз бар ғой). 

Ал әзірге коммерциялық фильм­деріміздің аясы «махаббаттың да соқыр болатыны», «бәріне ер адам­­дар­дың кінәлі екені», «соңғы қалыңдық», «келіннің де адам екені», «қазақ жігі­тіне ғашық болмаудың бес себебі», «биз­нестің қазақша түрі», «бай-оғлан­дар ұрпағының да мейірімді әрі кең жүректі болатыны» т.б. туралы тақы­рыптармен ғана шектеліп жүргені бел­гілі. Алайда коммерциялық фильм­дердің басты нысаны кейде өткір әрі өзекті әлеуметтік мәселелер де бол­­уы мүмкін. Мұның жарқын көрі­нісі ретінде 1970 жылдардағы Аме­риканың коммерциялық киносын айтуға болады. Осы кезең Скорсезе, Коппола, Спилберг, Лукас сияқты режиссерлерді әлемдік кинокеңістікке алып шықты. Олардың фильмдері коммерциялық бағытта болғанымен, уақыт тынысын, өз қоғамының әлеуметтік мәселелерін дәл жеткізе алған шығармалар ретін­де кино тарихында қалды. Бұл жерде­гі айтпағымыз: кім біледі, қазақ коммер­циялық киносы «дүмпуінің» соңы өз скорсезесінің, копполасының, спилбер­гінің, лукасының дүниеге келуімен ұла­суы да мүмкін ғой деген сол баяғы үміт тағы да оянады. 

Бүгінгі қазақ коммерциялық кино­сының «дүмпуі» өткен ғасырдың 30- жылдарының соңындағы фран­цуз, 50-жылдардың соңы мен 60-жылдардың басындағы ағыл­шын, 70-80-жылдардағы Италия киносындағы коммерциялық бағыт­тың үстем болғанын еске түсіреді. Алай­да Еуропа киносындағы бұл үрдіс біздің киноға қарағанда, әлем­ге белгілі көптеген кейіпкерлер мен фильмдерді ұсынды. Мысалы, 1950 жылдардың соңы мен 1960 жыл­дардың басындағы ағылшын коммерциялық киносы атақты Джеймс Бонд деген кейіпкерімен аса танымал болды. Сондай-ақ Агата Кристидің шығармалары бойынша экрандалған фильмдерімен Пуаро мен Марпл ханымдар сияқты кейіпкерлерін тек өз елінде ғана емес, бүкіл әлемге танытты. Осы кейіпкерлер көптеген актерлердің кинодағы жұлдызын жақты. 

Әрине отандық коммерциялық киномыз да уақыт өте келе сапасы жағынан биік деңгейге көшіп, өзінің мықты режиссерлері мен фильмдерін, танымал кейіпкерлерін ұсынып жатса, құба-құп екені айдан анық. Ал әзірге, өкінішке қарай, Сәбина келін, «қазақша бизнесті жүргізетіндер» сияқты «танымал кейіпкерлеріміз» және солармен үндес фильмдерімізбен ғана шектеліп отырмыз...

Нәзира РАХМАНҚЫЗЫ,
кинотанушы, 
өнертану кандидаты