Отандастарымыз кездесудің 8-минутында алға шықты. Бұл голды Дуглас Жуниордың пасынан кейін Тайнан өз еншісіне жазды. Бірақ үзіліске дейін испандар таразы басын теңестіріп қана қоймай, есепте алға шықты. 16-минутта Шыңғыс Есаманов бұрыштамадан келген допқа аяғын ыңғайсыз қойып, өз қақпасына соғып алса, 19-минутта Марк Тольра өз құрамасын алға шығарды.
Ал екінші таймды Какау шәкірттері жаңа қарқынмен бастады. Бомбардир қақпашымыз Игита 25-минутта Дуглас Жуниордың пасынан кейін жойқын соққысымен қарсы қақпаны дәл көздеп, 2:2-ге жеткізді. Араға 45 секунд салып Павел Таку құрамамыздың үшінші добын салды. Бұл жолғы нәтижелі пастың авторы да - Дуглас Жуниор.
Пиреней түбегінен келген құрама қол қусырып қарап отырмады. Осыдан кейін өткір шабуылдарын бірінің артынан бірін ұйымдастырды. Нәтижесінде 28-минутта Хоселито есепті теңестірсе, төрт минуттан кейін Пола таблодағы көрсеткішті 4:3-ге жеткізіп, Испанияны алға шығарды. Ал 39-минутта Дуглас Жуниордың өзі есепті теңестірді.
Мұнан кейін қос команда арасындағы тартыс овертаймға ұласты. Алғашқы экстра-таймда Мигелинаның пенальтиден соғатын сәті болған. Алайда мүмкіндігін жіберіп алды. Бірақ 43-минутта осы қателігін жуып-шайып, Испанияның бесінші добын салды. Алыспай беріспейтін Қазақстан құрамасы 48-минутта есепті 5:5-ке жеткізді. Голдың авторы - Серік Жаманқұлов.
Ал пенальти сериясында Испанияның жолы болды. Алғаш болып нүктеге келген құрамамыздың ойыншысы Тайнан мүлт кетті. Қорытынды есеп 1:3.
Жартылай финалдың екінші жұбында Португалия 3:2 есебімен Ресейден басым түсті. Енді 3-орын үшін өтетін ойында Қазақстан 10 ақпан күні 23:00-де (Астана уақыты бойынша) Ресеймен сынға түссе, чемпиондық атақты Испания мен Португалия өзара сарапқа салады. Финалдық ойын 11 ақпан күні 02:00-де (Астана уақыты бойынша) өтеді.
Айта кетейік, соңғы рет 2016 жылы өткен Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасы қола жүлдегер атанған.