Медицина • 09 Ақпан, 2018

Прокурор мал бағып жүр немесе есім қоюда ескерер дүние көп

450 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Дүние есігін жаңа ашып, өмір табалдырығын енді аттаған нәрестеге жарасымды, айшықты ат беру – ежелден келе жатқан халықтық мәні зор дәстүр. Адам есімі өзі өмір сүрген қоғаммен, қоршаған ортамен тығыз байланысты. Тарихта айтулы оқиғалардың, қоғамдық құбылыстардың адам есіміне де кірігіп кеткені жайлы дерек көп. 

Прокурор мал бағып жүр немесе есім қоюда ескерер дүние көп

Ұлтымызда жаңа туған нәрестеге ат қоярда ауылдың беделді ақсақалдары немесе оқыған, мұсылмандық сауаты бар адамдарды шақыратын дәстүр болған. Олар Құран оқып, азан шақырып барып нәрестеге есім қойған. Ертеректе шаруашылық соңында жүрген бабаларымыз табиғат құбылыстарына, күн­де­лікті тұрмыстарына орай балаларына ат қойып отырған. Қойшыбай, Жылқыбай, Тоқтыбай, Шопанбай, тіпті Шұлғаубай, Ошақбай деген көкелеріміз болды. Кешегі Кеңес өкіметі кезеңінде Отан, Ынтымақ, Береке, Бірлік, Одақ, Совхозбек, Колхозбек, Съезд, Марс, Ғарышбек, Мэлс, Марлен, Тельман си­яқты есімдерден аяқ алып жүргісіз еді.

Қазір, шүкір, тәуелсіздік алғалы жаңа есімдер пайда болды. Олардың көпшілігіне қарап отырып тіпті сүй­сінесіз де. Алыс армандарға, тәтті тілек­терге, ізгі ниеттерге негізделіп қой­ыл­ған әуезді де әдемі есімді естіп, кейде шы­­ғармашылық адамы бола тұра аузы­мыз­ғ­а осы аттардың түсе бермей­ті­нін ой­лап қуанамыз. Демек, бүгінгі азат ел адамдарының армандары да асқақ.

Десек те, соңғы жылдары ат қою әдебінде ерсіліктер де байқалатыны жасырын емес. Кім баласын жаман болсын дейді? Барлық ата-ана ұлынан – ұлылық, қы­зынан әдептілік күтетіні табиғи заң­дылық. Осы ретте ұлы Абайдың «Бол­масаң да ұқсап бақ, бір жақсыны көр­сеңіз» дегені еске түседі. Осыны негізге алған ата-ана перзентіне Абай, Мұхтар, Абылай, Едіге, Қобыланды, Алпамыс, Қамбар, Шыңғыс, Шоқан, Қадыр, Мұқағали, Төлеген деген ат беруге тырысады. Сондағысы аты аталған адамдардай ардақты, халқына қалаулы, еліне елеулі ұл болып өссін дегені. Ниеттеріне ризамыз, бірақ ол есімдер адам тағдырына әсер ететінін ескере бермейді. Жоғарыда айтқанымыздай, кітап ашып, азан шақырып, Құран оқып, ардақтап қойған аттың киесі бо­латынын зерттеушілер дәлелдеп жүр. Есімдеріне сай есті тірлік жасап жүрсе мақұл ғой, Ақылбек деген кісінің ақылынан ажырағанша арақ ішіп, есер қылық танытып жүргені жарасымды ма? Немесе Иманғали деген аза­мат­тың имансыздарға лайық тірлік жа­сап жүргені жаныңызға батпай ма? Қаһарман атын иемденген жан қоян­жү­рек болса қайтер едік? Сүйін деген­нің бойынан кісі сүйсінерлік бір қылық таппасақ ше? Сүйеу деген ер-азамат отбасына сүйеніш бола алмай, тентіреп кетсе өкініштен өзегіміз өртенбей ме?

«Кісі есімі тағдырына ықпал етеді» дегенді жоққа шығарғымыз келгенімен, бір құдіреттің барлығын мойындамасқа шара жоқ. Қайым атты әріптес ағамыз болды. Ақжарқын азамат еді. Кісіге қылаудай зияны жоқ сол кісі ойда-жоқта ізім-қайым жоғалып кетті. Ауылдағы бір көкеміздің аты Тұман еді. Оны қатарластары Тұмаш деп көтермелеп жүрді. Қой кезегіне шыққан сол көкеміз тұманды күні адасып кетіп, сүйегін екі-үш күннен соң тауып әкелді. Бәлкім, бұл кездейсоқтық та шығар-ау, тегінде нәрестеге есім берерде ойланбасқа тағы болмайды.

...Алматы қаласынан Шымкентке қайтып келе жаттық. Ол кезде екі қала аралығында «Алатау» пойызы қаты­найтын. Әлден соң вагондағы бір купеге топырлап жолаушылардың кіріп-шығып жатқанын аңғарып қалдық. Сұрастырсақ, біз мінген вагонға атақты батыр ағамыз Бауыржан Момышұлы да жайғасқан екен. 

Кезегіміз келіп, біз де купеге кірдік. Батыр сәлемімізді жылы қабылдады. Жолсерігім ұшқалақтау жан еді, елгезек болып көрінгісі келді-ау, суырылып сөйлеп, сұрақ қоя бастады.

– Атың кім, балам? – деді осы кезде Бауыржан ата сұрланыңқырап.

– Абылай!

– «Жаман иттің атын Бөрібасар қояды» деген! – деп мырс етті мұртын ширатып отырған батыр.

Осының өзі жеткілікті еді. Мен батырмен қоштасып, купеме асықтым. Абылай не шығып кетерін, не отыра берерін білмей бөгеліп қалды. Арада он минуттай өткенде ол алқынып жетті.

– Шатақ шал екен! – деді отырар-отырмас.

– Өзің шатақсың. Үлкен кісінің алдында сонша суырылып сөйлеп нең бар еді. Баукең сенің кім екеніңді алғашқы сөзіңнен-ақ таныды. Егер ізеттілік, сыпайылық танытсаң «Балам, Абылай хандай ардақты бол!» деп батасын берер ме еді, – дедім. 

Ол қарсыласпады. Төсегін салып жатып қалды. 

Мен батырмен болатын мыңнан бір мезеттегі осы кездесуде тым құрыса екі-үш ауыз лебізін ести алмағаныма өкініп келе жаттым.

Шетелдердің бірінде бала кәмелет жасқа толған соң есімін өзі таңдай­ды дегенді оқығаным бар. Бірақ, мұсыл­ман­дықта бұл жоқ қой. Баласына қан­дай ат қою ата-анасының ырқында. Сон­дық­тан қасиетті аттарды баласы­на тели бер­мей, ойлану да керек сияқты. Кешегі Ке­ңес өкіметі тұсында Мақашбай деген малшы көкеміз бар еді. Бір баласының аты Прокурор, екінші баласының аты Ге­нерал, келесі бір баласының аты Әкім. Өкініштісі сол, аттарын әлпештеп қой­ған сол інілеріміз ауылдан ұзай алмады. Прокурор мал бағып жүр. Генералымыз егістіктің қарауылы деп естідік. 
Қалай дегенде де баласына қандай ат қоямын десе де, ата-ананың қолынан ешкім қақпайды. Бірақ, солай екен деп қиялдың қайығына мініп қаңғып кетуге бола ма? Нәресте дүниеге келді екен, ағайын-туыс, ауылдың көшелі кісілері жиналып, әдемі де айшықты ат табуға әбден болады емес пе?
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың 1996 жылғы 2 сәуірдегі «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланыс-
ты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Жарлығын басшылыққа ала отырып, Азаматтардың хал-актілерін тіркеу мекемелері де бұл іске атсалысқандары орынды сияқты. Өйткені бүгінде өрке­ни­ет көшіне ілескісі келген кейбіреулер ұл-қыздарына шетелдік есімдерді де қоя бастады. Сондай-ақ әдемі де әуезді естілетін (мәселен, Аружан, Айару, Айзере) есімдер инкубатордан шыққан шөжелер сияқты жиі қайталанады. Арқалы ақын Мұқағали жырлағандай, әрине, әдемілік бізге көптік етпейді. Алайда тәттіні көп жесең, аузыңды оятыны сияқты, жиі қайталанатын есімдер түбі бір мезі етері анық.

Ендеше, балаға ат қоюды тек ата-аналар ғана емес, бүкіл қоғам болып қолға алар күн келген тәрізді.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ