Кеше Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен болған Парламент Сенаты бюросының отырысында Мәжіліс болмаған кездегі Парламенттің заң шығару міндеттері туралы айтылды, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.
Қ.Мәми атап өткендей, Президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен төменгі палатаның өкілеттігі тоқтатылды. Мәжілістің жаңа құрамы сайланғанға дейін Қазақстан Республикасы Конституциясының 55-бабына сәйкес, Парламенттің заң шығару міндетін Сенат орындайтын болады.
Қазіргі кезде Сенат қарауында 15 заң жобасы, Мәжіліс Аппаратынан алынған заң жобаларының ішінде Парламенттің 5-ші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы белгілеген заң жобалары бар. Бұл заң жобалары еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықаралық міндеттемелерін орындауды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етеді.
Бәрін қосқанда, Сенат 54 заң жобасын қабылдау жөніндегі жұмыстарды қолға алатын болды. Қ.Мәмидің айтуынша, Сенатта жоспарлы түрде жұмыстар жүргізіледі және қабылданатын заңдардың сапасына баса назар аударылады.
Бюро отырысында Мәжілісте мақұлданған және Парламенттің төменгі палатасы Аппаратынан сұратып алынған заң жобалары комитеттер мен Сенат Аппаратына берілді.
Бюро отырысында сондай-ақ биылғы 24 қарашада болатын кезекті Сенат отырысының күн тәртібіне ұсыныстар қаралды. Алдағы отырыста халықаралық келісімдер, конвенциялар және шарттарды ратификациялау жөніндегі бірқатар заң жобаларын талқылау жоспарланып отыр.
Депутаттар «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекс жобасын, «Нотариат туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне банк қызметін және қаржы ұйымдарын тәуекелдерді азайту тұрғысынан реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын қарайтын болады.