22 Қараша, 2011

Бірқатар маңызды құжаттар қабылданды

330 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың төрағалық етуімен Комиссияның отырысы өтті. Отырыста Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттары мен мәслихаттары депутаттарын сайлау бойынша сайлау науқандарын ұйымдастыруға қатысты бірқатар маңызды қаулылар қабылданды. Қабылданған құжаттардың қа­тарында Сенім білдірілген адам­дарды тіркеу тәртібі шарттары туралы нұсқаулық, сондай-ақ Дау­ыс беруге арналған жәшік­тер­ді пломбалау немесе мөрлеу тәр­тібі туралы нұсқаулық бар. Бұл құжаттар негізінен техникалық сипатқа ие және сайлау комис­сия­ларына сайлау рәсімдерін өткізу тәртібін түсіндіру үшін қажет. Ал Сенім білдірілген адам­дарды тіркеу тәртібі мен шарттары туралы нұсқаулық саяси партиялар мен кандидат­тар­дың сенім білдірілген адамдары ретінде тіркеле ал­май­тын адамдар тобын белгілейді. Олар – Қа­зақстан Республика­сы­ның азама­ты болып танылмайтын адамдар, сайлау комиссиялары­ның мүше­лері және саяси мемлекеттік қызметшілер. Отырыста қабылданған құ­жат­тардың тағы бірі – Сайлау бюллетеньдерін дайындау, жеткізу және есепке алу тәртібі туралы нұсқаулық. Бұл қаулының маңыз­ды­лығы алдағы сайлауды ұйым­дас­тыру мен материалдық-техни­ка­лық қамтамасыз етуде жатыр. Отырыста сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауында және мәс­ли­хаттар депутаттарының кезекті сайлауында шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері сайлауды байқауды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі берген аккредиттеу туралы куәлігі болған жағдайда жүзеге асыруға құқылы деп белгіледі. Бұл ретте халықаралық байқаушыға, сондай-ақ шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары­ның өкіліне жеке басын куә­лан­дыратын құжатын көрсеткен кезде оған бір аудармашы ілесіп жүре алады. Орталық сайлау комиссиясы­ның қаулысымен сайлау туралы заңмен көзделген тәртіп бой­ын­ша сайланғанға дейінгі кезеңге Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарының облыс­тық сайлау комиссияларының және Алматы қаласының аумақ­тық сайлау комиссиясының жаңа мүшелері де тағайындалды. Отырыстан кейін өткен брифингте Ортсайлауком төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов алдағы сай­лауда сайлаушылар әртүрлі үш бюллетень алатынын атап өтті. Төрағаның айтуынша, олар­дың біреуі Қазақстан Респуб­ли­касы Парламенті Мәжілісі де­путаттарының сайлауында саяси партия үшін дауыс беруге арнал­ған. Екінші бюллетень – об­лыс­тық мәслихат депутаттығына кан­дидат үшін дауыс беруге, ал үшінші бюллетень – аудандық немесе қалалық мәслихаттың де­путаттығына кандидат үшін дауыс беруге арналған бюллетень болып табылады. Астана мен Алматы қалаларының сайлау­шы­лары екі бюллетень алады. Өйткені, бұл қалаларда аудандық мәслихаттар жоқ. Сондықтан онда сайлау­шылар өз дауысын саяси партияға беруі және қалалық мәслихаттың депутатын сайлауға тиіс болады. Қазіргі уақытта Орталық сайлау комиссиясы барлық қажетті дайындық шараларын өткізуде. Алдағы сайлауға тиімді ақпа­рат­тық қолдау көрсетуге, сонымен қатар, сайлауды ұйымдас­ты­ру­шы­ларды оқытуға күш жұмыл­ды­рып отыр. Сайлауды ұйымдас­ты­рушылар үшін республикалық семинар-кеңестен басқа өңірлік семинарлар да өткізілетін болады. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.