Қазақстан • 09 Ақпан, 2018

Н.Назарбаев Премьер-Министрге: Бәрі жақсы, бірақ өзіңе деген сыни көзқарас жоқ

206 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев баяндама жасап, Жолдаудың қалай орындалып жатқанын айтты. 

Н.Назарбаев Премьер-Министрге: Бәрі жақсы, бірақ өзіңе деген сыни көзқарас жоқ

«Үкімет Сіздің бастамаңызбен бастау алған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша белсенді жұмыстарды атқаруда. 2022 жылға қарай еліміздің барлық елді мекендері кең жолақты Интернетке қол жеткізіп, қажетті байланыспен қамтамасыз етіледі», - деді Б.Сағынтаев. 

Сонымен қатар ол цифрлық экономика мен халықтың цифрлық сауаттылығы үшін кадрларды даярлау жөніндегі жоспар қабылданғанын атап өтті. «Бастапқы 500 өнеркәсіптік кәсіпорында 4.0 Индустриясы элементтерін енгізу мен базалық салаларда технологиялық қайта жарақтау бойынша шаралар әзірленді. Электрондық коммерцияны дамытуда, сондай-ақ жалпы ІТ-саланы жетілдіру тұрғысында заңнамалық нормалар әзірленді. «Ақылды» қалаларды дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Жыл соңына дейін әр өңірде қанатқақты жобалар жүзеге асырылады», - деді Премьер- Министр.

Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министрден «Соңғы Жолдауды орындау бойынша не істедіңдер?» - деп сұрады.

«Соңғы Жолдау нәтижесі бойынша Үкіметте жалпы ұлттық бағдарлама қабылданды. Сала-сала бойынша көрсетілген 10 міндетке сәйкес әр министрлікке тапсырмалар берілді. Индикаторлар қойылды. Жылдың соңына дейін тапсырмалар орындалатын болады», - деп жауап берді Бақытжан Сағынтаев.

Мемлекет басшысы премьер-министрдің баяндамасына «Жақсы баяндадың, бірақ өзіңе деген сыни көзқарас жоқ» деп баға берді.