Аймақтар • 09 Ақпан, 2018

 Оңтүстік халқының 26 пайызы жастар

327 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Табиғи өсімі жоғары, халқы тығыз орналасқан Оңтүстік Қазақстан облысында жастарға жұмыс табу оңай емес. Бұл орайда мемлекеттік бағдарламалардың берері мол. Мысалы, өткен жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 900-ден астам маман ауылдық жерлерде жұмысқа орналастырылып, оның 303-і тұрғын үймен қамтамасыз етілген.

 Оңтүстік халқының 26 пайызы жастар

Сондай-ақ, өткен жылы жұмысқа орналастырылған 33 мыңнан астам жастың 18,2 мыңы ауылда тұрады. Облыстық отбасы, балалар мен жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Балмаржан Нарбекова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Серпін» бағдарламасы бойынша оңтүстіктен 7500-ден астам жас солтүстік өңірлердегі оқу орындарында білім алып жатқанын мәлім етті. Осылайша жалпы республика көлемінде бөлінген 15 мыңға жуық гранттың 50 пайыздан астамын Оңтүстік Қазақстан облысының жастары иеленген.  «Бүгінгі таңда облыста 750 мыңнан астам жас бар, бұл өңір халқының 26 пайызы. Қазір аймақта жастарға арналған 57 қоғамдық бірлестік, 7 республикалық жастар ұйымдарының филиалдары мен 20 этномәдени орталықтың жанынан жастар қанаттары жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар, жоғары оқу орындары мен колледждерде - 41, ал кәсіпорындарда - 13 жастар ісі комитеттері бар. Онда 400 мыңға жуық жас мүшелік етеді», - деді Балмаржан Полатқызы. Сонымен қатар, басқарма басшысы өткен жылы   «Жасыл ел» еңбек жасақтарына 1200-ден астам жас тартылғанын, студенттік құрылыс отрядтарында 500-ге жуық жас еңбек еткенін айтып өтті.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы