Астанада «Тәуелсіздіктің 20 жылы: БАҚ және қоғам» деген тақырыппен өткен екі күндік Еуропа мен Азия медиасының алтыншы форумы кеше өзінің мәресіне жетті. Форумның соңғы күні оған қатысушылар бүгінгі таңның өзекжарды деген мәселелерін екі секцияда талқыға салды.
Секциялық талқылаулар екі залда қатар өткендігін айта кету керек. Бірінші секциядағы талқылау тақырыбы «Тұрақсыз экономикадағы медиаиндустрия» деп аталды. Алдымен сөз Латвия журналистер одағының президенті Юрис Пайдерске берілді. Ол тұрақсыз экономика жағдайындағы дағдарыс өз еліне де жақындап қалғандығын, соның салдарынан кеше ғана екінші банк жабылғандығын өкінішпен жеткізді. Осы ретте шешен бұқаралық ақпарат құралдарының басты міндеті туындауы мүмкін тәуекелдер мен теріс салдарлардан хабардар ету екендігін алға тартты.
Алайда, бұл жерде коммерциялық немесе саяси қысымның да боларын қаперден шығармаған жөн. Бизнеске кедергі келтіретін белгілі бір ақпараттарды жазбау, қорғану мүмкіндіктерінен хабардар етпеу немесе тәуекелдер туралы жалған ақпарат беру – коммерциялық қысымның негізгі белгілері. Интернет орта орнаған кезде оған коммерциялық қысым бола қоймады, алайда, уақыт өте келе әлеуметтік желілер коммерциялық және саяси қысымдарға ұшырап, белгілі бір саяси мақсаттарды жүзеге асырады. Дағдарыстың екінші кезеңі басталар шақта ақпарат алушы нендей медиаға жүгінері белгісіз. Қазіргі таңда блогерлер дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарымен бәсекеге түсе бастады, деді ол өзінің сөзінде.
Контенттің сапасы тұрғысынан қарағанда, өзге медиалар дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарынан асып түседі дегенге сену қиын. Егер дәстүрлі медианы дәстүрлі медицинамен теңестірсек, онда блогерлер мен әлеуметтік желілер халықтық медицинаны елестетеді. Дәстүрлі медиа өкілі саналатын «Московский комсомолец» газеті бас директорының орынбасары Сергей Рогожкин өз сөзінде бұқаралық ақпарат құралдарының азаматтық жауапкершілігі басты назарда болуы керектігімен бөлісті. Мәселен, Ресейде өңірлік басылымдардың 80 пайызға жуығы жергілікті муниципалдық органдар тарапынан қаржыландырылады. Мұндай жағдай сол басылымдардың ұстанымдары мен саясатына, тіпті экономикалық тәуелсіздіктеріне міндетті түрде әсер ететін болады. Тұрақсыз экономиканы айтқан кезде Ресейде 174 миллиард рубль мемлекеттік ақпарат тарату жүйесіне жұмсалатынын назарға сала кетсек дейміз.
Екінші секцияда «Интернеттегі мемлекеттік реттеу және оның медиаларға әсер етуі» тақырыбы қаузалды. Беларусь елінен келген өкілдер өз елдерінде Интернетке ешқандай да мемлекеттік қадағалаудың жоқтығын, өйткені, желі саяси жағдайға ешқандай да әсер етіп отырмағандығын ортаға салды. Қазіргі таңда бұл ел халқының саны 10 миллион болса, соның 60 пайызға жуығы Интернетке еркін кіре алады екен. Интернетті бақылауға алудың астарында негіз болуы шарт. Мысалы, Молдовада провайдерлерге ақпараттардың жарты жылға дейін сақталуын міндеттейтін заң қабылданған. Бұл өз кезегінде кім ақпаратты қайдан алғандығын дәлелдеуге қажет көрінеді. Біреуді жазалау үшін ақпаратты сақтау керек пе, жоқ па деген мәселе төңірегінде ұзақ жарыссөз ұйымдастыруға да болар еді.
«Вечерний Бишкек» баспа үйі ЖАҚ-тың директоры Александр Ким өз кезегінде Оштағы қақтығыстарға Интернеттегі әлеуметтік желілердің ықпалы болғандығын ортаға салды. Форумға қатысушылар мұндай пікірмен келісе қойған жоқ. Өйткені, бұдан да сойқан қақтығыс осыдан жиырма жыл бұрын да орын алған. Баспа үйі басшысының сөзіне қарағанда, Қырғызстанда Интернетті мемлекет тарапынан қадағалауға қадам жасалғанымен, ол өз нәтижесін бере қоймаған.
Украина өкілі өз сөзінде негізінен Интернеттегі сынды болдырмау үшін шенеуніктер желіні мықтап қадағалауға алып жататынын көлденең тартты. Алайда, олардың өздері соңғы кезде әлеуметтік желілерге әуес болып алды, деді шешен. Сол желілер арқылы көптеген сындар мен ескертпелерді де естуде. Бұл өз кезегінде сол шенеуніктердің уақыт талабына сай болуына ықпал ететінін де айта кеткен жөн. Сондықтан да, Интернетке тәуелді немесе тәуелсіз мемлекеттер деген пікір де қалыптасып отыр. Қазіргі таңда Интернет сол елдің салт-дәстүрін, режімі мен қоғамын көрсететін айнаға айналды. Екінші жағынан мұндай пікірмен келіспеуге де болады. Кейбір елдерде Интернет не десе де жағдайдың өзгеріп кеткені шамалы. Сондықтан мәселе басқада жатқан жоқ па деген де пікір қылаң берді.
Түс кезінде «Қабырғаға – қабырға» пікірталасы кезінде «Әлеуметтік желілер: ХХІ ғасырдың ғажайыбы ма, жоқ әлде соры ма?» деген тақырып жан-жақты талқыға салынды. Интернет қазіргі кезде неге үлкен сұранысқа ие, деген сұраққа жауап ізделді. Жарыссөзге қатысушылардың пікірінше, Интернетті, ең алдымен ғалымдар әріптестерімен пікір алмасу үшін пайдалана бастаған. Қазіргі таңда бұл жеке әуеске айналып шыға келді. Басқа жағынан қарағанда, Интернет ашық кітапхана рөлін де атқаруда. Оның тиімділігін айтқанда, жедел әрі тегін ақпарат алуға мүмкіндік бар.
Әлеуметтік желілерге қатысты жарыссөзде пікір екіге жарылды. Бір жағы оның пайдасы шамалы екендігін алға тартса, екіншілері сол желілермен кез келген адаммен хабарласуға мүмкіндік бар екенін көлденең тартты. Латвиялық блогер Критианс Розенвалдс осыдан біраз жыл бұрын АҚШ-қа жасаған сапары барысында сол елдің ғалымдарының Интернетті тек құрал ретінде көретіндіктерін, ашық кітапхана ретінде бағалайтындықтарын айтқан сөздерін мысал ретінде келтірді. Оның пайымынша, Интернетте ақпарат көп болғанымен, оны қоғамға жеткізу үшін бәрібір бұқаралық ақпарат құралдары міндетті түрде қажет.
Залда отырғандардан қолдарын көтеру арқылы сұрау салу кезінде жастардың барлығы дерлік әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланатындығы, ал жасы егде тарқан азаматтар оны әлдеқайда сирек қолданатыны анықталды. Сондықтан да виртуалды әлемге бас қойғандар шынайы жағдайдан кетпеуі қажеттігі де айтылып қалды.
Осылайша Еуропа мен Азия медиасының проблемалары мен жетістіктерін талқыға салған екі күнге созылған форумның жұмысы кеше түстен кейін аяқталды. Оның нәтижесі бойынша қорытынды құжат талқыланып, қабылданды. Астана форумы аса тартымды да өткір талқылаулармен өткендігін айта кету керек.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.
_______________________
ФОРУМҒА ҚАТЫСУШЫЛАР ЛЕБІЗІ
Самвел МАРТИРОСЯН, Әлеуметтік медиа және ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі сарапшы, Армения: – Медиа форумды өткізудегі басты мақсат бұқаралық ақпарат құралдарының бір-бірімен араласуын қамтамасыз етіп қана қоймай, үнқатысу алаңын құру. Сондай-ақ бұған дейінгі қалыптасқан байланыстарды одан әрі нығайту да бұл шараның берері болса керек. Әсіресе, оның Еуразия жүрегі саналатын Астана қаласында өтуін орынды деп есептеймін. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Астана халықаралық жиындар өткізетін орынға айналып отыр. Қап тауы өңірінде Грузия, Армения және Әзербайжан елдері әр түрлі себептерге байланысты бір-бірімен тығыз араласа алмай қалды. Соңғы екеуінің арасындағы түсініспеушілік жылдар бойы жалғасып келе жатқанын ескерсек, бізге тек осындай форумдарда ғана басқосуға мүмкіндік бар. Ал енді әлеуметтік желілер арқылы байланысқа келсем, сөз бостандығы мен адамның еркін ақпарат алу құқы сақталуы тиіс. Әйтсе де, оның теріс жағы да бар. Соның теріс салдарына терроризм мен экстремизм және өзге де зұлымдықтарды насихаттауды жатқызуға болады. Египеттегідей Интернетті жауып тастауға болар, бірақ бұл дұрыс жол емес. Кейде тіпті реттеудің қажеті жоқ деп жатады. Онда адамдарға теріс ықпал ететін ақпараттар ағыны қаптап кеткен болар еді. Сондықтан да бізге «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» қоғам болып, осы мәселеге белсене араласуымыз керек. Егер шенеунік қоғамға жат зұлымдық ұрығын себетін идеялардың тарап жатқанын байқаса, онда ол сол замат бұл ақпараттардың дұрыс еместігіне оқырмандардың көзін жеткізуі тиіс. Посткеңестік кеңістіктегі көптеген бұқаралық ақпарат құралдары өзін өзі ақтамайды. Бұл – шыңдық, оны мойындау керек. Сондықтан да кейбір басылымдар немесе телеарналар демеушілердің көмегіне сүйенеді, олай болса, солардың ықпалында кетіп жатады. Міне, осы жағын да қаперден шығармаған жөн. Пэтер ЭРНИТС, «Maaleht» апталық газеті бас редакторының орынбасары, Эстония: – Құр босқа қарап отырғаннан гөрі, осындай халықаралық форумдарда проблемаларды ашық айтып, оның шешу жолдарын ұсынған әлдеқайда тиімді. Еуропа және Азия медиа форумы-2011 халықаралық шарасының өтіп жатқаны да сондықтан. Әр елдің журналистері басқосқан осы бір жиын елдеріңіздің беделін асқақтатып, Қазақстанды тағы бір қырынан тануға өзіндік игі ықпалын тигізері анық. Сонымен қатар, осындай форумдар елдердің медиа саласындағы ізденістерін, бір-бірімен байланыстарын және ынтымақтастығын арттырары айтпаса да түсінікті. Эстонияда жүріп-ақ әлемнің көптеген елдерімен Интернет желісі арқылы байланысқа шығуға болар еді. Алайда, қаншама Интернет дамыған заманда соның барлығы да мынадай бетпе-бет келіп пікір алысуға, үнқатысуға жетпейді. Интернет болған соң, онда жақсысы мен жаманы да бары белгілі. Міне, сол жаман жақтарын сүзгіден өткізу үшін ел аумағында НАТО тарапынан арнайы қызмет те құрылды. Осы ретте Эстонияда кеңжолақты Интернетті дамыту мәселесі жолға қойылғандығын айта кеткім келеді. Яғни, сымсыз желі арқылы Интернетке қосылуға барлық жағдай жасалған. Эстониялық азамат еуропалық елдердің біріне барар болса, онда тегін Интернетті барлық жерде қолдана алмайтын қолайсыздықтарға ұшырайды. Ал мен болсам өз елімде кез келген жерде Интернетке еркін кіріп, жұмыс істей беремін. Міне, осылайша біз бір-біріміздің өмірімізден мағлұмат алып қана қоймай, тәжірибе де алмасамыз. Осы тұрғыдан келгенде аталған форумның берері мол. Бақытбек ОРУНБЕКОВ, «Кыргыз Туусы» баспа үйінің директоры, Қырғызстан: – Медиа форум не үшін қажет, дегенде мен оның ТМД елдері бір-бірімен жақын араласуы үшін деп жауап берген болар едім. Мұндай кездесулер бәрімізге бір-бірімізбен жақын танысуға, пікір алмасуға мүмкіндік береді. Интернет қазіргі кезде еркін араласуымызға үлкен жол ашып отыр, бірақ та ол осындай форумдарды алмастыра алмайды. Аталған халықаралық шараның бауырлас қазақ жерінде, онда да Еуразия жүрегінде орналасқан әсем Астана төрінде өтуі біздерге де мәртебе. Президент Нұрсұлтан Назарбаев басшылығымен Қазақстан көптеген табыстарға қол жеткізіп келеді. Қырғыз ағайындар сіздердегі әрбір жетістікке сүйсіне қарайды, өйткені, біздің тағдырымыз ұқсас, бір-бірімізге деген достық әрі көршілік пейіліміз түзу. Өз елімді айтар болсам, қазіргі кезде бізде Интернет ерекше қарқын ала бастады. Көптеген елдермен араласымыз жолға қойылып, басқа басылымдармен байланысымыз да артуда. Осы орайда, Қазақстанда медиа рынок ерекше қарқынмен дамып келе жатса, бұл үдерістерден Қырғызстан да кем еместігін айта кету керек. Сондықтан да, бізге осындай медиатұғыр керек, бұл көптеген проблемалардың шешімін табуына және де бір-бірімізбен жақын араласып, тәжірибе алмасуымызға өте қолайлы. Александр КУПРИЯНОВ, «Новости» РАА жетекшісінің орынбасары, Ресей: – Медиа форум – маңызды да ерекше шара. Ол медиа құрылымдар мен компаниялардың басқосып, ортақ проблемаларды талқылауына өзіндік үлесін қосатын медиатұғыр десем де болады. Мен посткеңестік кеңістікте проблемаларды көтеріп, оны шешуде бірлесе әрекет ету жолдарын қарастыратын осындай ірі шараның маңызды екендігін айта кетсем деймін. Осы тұрғыдан келгенде, сіздердің елдеріңіз көптеген игі шараларды жүзеге асырып келеді. Маған сіздердің бас қалаларыңыз Астана өте ұнағандығын да айта кетейін. Ал енді әлеуметтік желілерге келер болсақ, мен оны балғаға теңер едім. Қазіргі жаңа технологиялық даму заманында қоғамның бөлінбес бөлшегіне айналып та үлгерген желілер көптеген проблемаларды шешуге, белгілі бір биіктіктерді бағындыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, әлеуметтік желілер жаңа проблемаларды да алып келуде. Қоғам осы проблемаларды түсінуге, тіпті түйсінуге дайын болуы тиіс. Интернет сыбайлас жемқорлық қылмыстарын әшкере ететін немесе әділетсіздікке қарсы материалдарды жариялауға, сонымен де қоғамға жеткізуге өте ыңғайлы. Десек те, оның экстремизм мен террорлық әрекеттерді насихаттайтын жаман жағын да қаперден шығармаған жөн. Посткеңестік кеңістікте медиа рынок онша дамымаған, дамыса да әр әр жерде өзіндік ерекшеліктері бар. Көбінесе біз медиа рынок ақша қай жерде болса, сол жақта дамиды деп есептейміз. Бұл – жаңсақ пікір. Мәселен, Украина анау айтқандай бай мемлекет емес, алайда, онда ең бір еркін де қызғылықты медиа орнағандығын көріп отырмыз. Ресейде де қызғылықты, қазіргі заман талабына жауап беретін медиа бар. Кейбір пікірлерге қарағанда, мұндағы медиа тәуелсіз саналмайды. Сондықтан да тәуелділік медиалардың сапасына кері әсер етуі мүмкін. Қазақстанда сапалы медиалар, соның ішінде Интернет медиалар баршылық. Ал тәжірибе алмасу мақсатында осындай медиа форумдарды өткізіп тұру аса қажет. Нұрлан ЕРІМБЕТОВ, «АйтПарк» пікірсайыс клубының жетекшісі, Қазақстан: – Көп жағдайларда әр елдің азаматтары басқа елдер жөніндегі пікірімізді осы ақпарат құралдары арқылы жеткізіп жатамыз. Мәселен, Ресейде болмай-ақ сол ел туралы ақпарат құралдарын қарау арқылы өз бағамызды береміз. Сондықтан мен бұқаралық ақпарат құралдарының жауапкершілігі туралы мәселені көтеретін едім. Бір тілші өзінің көрген, білгені арқылы мыңдаған оқырмандары мен көрермендері арасында пікір қалыптастыра алады. Көптеген жағдайларда сыни мақалалар болады, бір-бірімізді ренжітетін жағдайларға да барамыз. Менің байқағаным, тиіп-қашып ақпарат беру заманы өтті. Өзге елдердің бұқаралық ақпарат құралдарымен араласуымыз керек, солар туралы нақты ақпараттан хабардар болғанымыз жөн. Сонда ғана жағдайды жақсы түсінуімізге жол ашылады. Олар да біздің жағдайымызды көріп, жақын танысуға мүмкіндік алады. Әйтсе де, ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалы Қазақстанда мықты екенін мойындауымыз керек. Ең оңай жолы оларға жолды – жауып тастау: спутникті өшіру, газетін жеткізбеу және тағысын-тағылар. Бірақ біз оған бармаймыз, бәсекелестікті арттыру арқылы өзіміздің мықты екенімізді дәлелдеуіміз шарт. Қазір біз журналистеріміздің деңгейін көтеріп, құрал-жабдықтарымыздың сапасын арттыруымыз керек. Тек бәсеке ғана бізді алға жетелейтін болады. Әлемнің әр түкпірінен хабар жеткізетін тілшілеріміздің болуын қамтамасыз етуіміз – уақыт талабы. Халықаралық аренада орын алған оқиғаға өзге елдердің көзқарасымен қарамауымыз керек. Медиа форум араласуға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Біз Интернетпен достық, тіпті жеке қарым-қатынастар жасассақ та, ешқайсысы бетпе-бет әңгімелесуге жетпейді. Жүректен жүрекке жететін жылы рәуіштегі араласуды ешқандай да Интернет жеткізе алмайды. ------------------------------------------ Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.