Кеңес Одағының ыдырауы нәтижесінде Қазақстанның өз алдына отау тігуі әлем жұртшылығын елең еткізіп, мұнай мен газға, басқа да минералдық ресурстарға бай, ядролық қаруы бар ел жөнінде түрлі мемлекеттер өз саясатын қалыптастыруға кірісті. Өйткені, тәуелсіздікке қол жеткізген Орталық Азия халықтарының шешімі «тек осы өңір үшін ғана емес, олардың көршілері мен бүкіл дүние жүзі үшін маңызды» екендігі белгілі.
Әсіресе, Америка Құрама Штаттары жедел қимылдап, аз ғана уақыттың ішінде бұрыннан келе жатқан советологиялық орталықтардың жұмысын жаңа талаптарға сай бейімдеп, оларға жаңа бағыт берді. Индиана университетінің Орталық Азия зерттеулері факультеті Орталық Азия зерттеулер орталығы болып қайта құрылды. Оған Қазақстандағы және онымен көршілес бұрынғы Қенес одағы республикаларындағы әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістерді зерттеу міндеті жүктелді.
Сонымен бірге университет «Орал-Алтай зерттеулері» жобасы шеңберінде Орталық Азия өңірі мемлекеттерінің саяси және әскери жағдайын талдаумен айналысса, Колумбия университетіндегі шығыс тілдері мен өркениеттері факультетінде 1991 жылдан қазақ тілінің жазғы курстары ұйымдастырылғанын да айта кетсек дейміз. Әрине, бір мақала аясында мұндай құрылымдардың бәрін қамту мүмкін емес. Сондықтан біз олардың қайсыбіріне ғана тоқталып өтуді жөн көрдік десек, Вашингтондағы саяси және стратегиялық зерттеулер орталығы Қазақстан және басқа да Орта Азия республикаларының даму болашағы туралы көптомдық зерттеулер жобасын жүзеге асыруға кірісті. Жоба авторлары Қазақстан және посткеңестік басқа да мемлекеттер қоғамдық дамудың қандай моделін таңдап алады, оның өңірдегі қауіпсіздікке ықпалы, батыс елдерімен қарым-қатынасы секілді мәселелерге жауап беруі керек болды. Осыған орай 1999 жылдың маусым айында Вашингтонда бұл өңірде исламның даму үрдістеріне арналған конференция ұйымдастырды.
Колгейт университетінде (Гамильтон қ.) жұмыс істеп жүрген профессор Марта Брил Олкоттың Карнеги қорына (Вашингтонға) ауысуына байланысты бұл құрылым да Орталық Азияға, оның ішінде Қазақстанға ерекше көңіл бөле бастады. Қордың қызметі арнайы зерттеулер бағдарламасын жүзеге асыруға, пікірталастар ұйымдастыру, тақырыптық басылымдарды дайындау, сыртқы саясат пен халықаралық қатынастар мәселелері бойынша көпшілік қауымға ақпарат беруге бағытталған. Қор – үкіметтік емес ұйым, сол себепті ол қандай да бір идеологиялық және саяси ұстанымды білдіреді деуге келмейді. Қордың зерттеулерінен батыс әлеміне тән сан алуан көзқарастар жиынтығын ұшырастыруға болады. Оның бір мысалы ретінде М.Б. Олкоттың «Орталық Азияның империядан кейінгі саясаты» (1992), «Қазақстанның жаһандық ықпалы»(1992), «Құрама Штаттардың Орталық Азия жөніндегі саясаты»(1993), «Орталық Азия» туралы миф» (1994), «Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстандағы мемлекеттік құрылыс ісін байсалдылықпен жүргізу» (1995), «Қазақстан: аз ұлттар республикасы», «Орталық Азиядағы демографиялық өзгерістер» (1996), «Орталық Азиядағы жаңа мемлекеттер: тәуелсіздік, сыртқы саясат және өңірлік қауіпсіздік» (1996), «Қазақстан: Нұрсұлтан Назарбаев мықты президент ретінде» (1997), «Қазақстандағы демократияландыру мен саяси белсенділіктің артуы» (1997), «Қазақстан: Еуразиялық одаққа енуге мәжбүрленуі» (1999), «Орталық Азиядағы демократия мәселелері» (2002), «Қазақстан: орындалмаған уәде»(2002), «Қазақстанның халықаралық қауымдастықтағы имиджі: ішкі саясатының халықаралық қатынастарға әсері» (2004) сияқты ірілі-ұсақты еңбектерді атауға болады.
Калифорния штатының Санта-Моника қаласында орналасқан «РЭНД Корпорейшн» ұйымы АҚШ үкіметінің тапсырмаларын орындайды, оның 1600-ге тарта қызметкерлерінің ішіндегі саясаттанушылар, социологтар, экономистер және басқа да мамандық иелері Орталық Азиядағы қауіпсіздік, бұл өңір елдерінің күш-қуаты, мемлекет басшылары, билік үшін талас-тартыстар секілді мәселелер бойынша зерттеулер жүргізеді.
Американың ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің, Сыртқы саясат жөніндегі кеңестің Орталық Азияға байланысты стратегиялық сұраныстарын қанағаттандырумен Мэриленд университетінің Еуразиялық зерттеулер бағдарламасы, Ницше атындағы халықаралық зерттеулер мектебі жанындағы Орталық Азия мен Кавказ институты, Гарвард университеті жанындағы Каспий зерттеулері орталығы айналысады.
1996 жылдың күзінде Дж. Гопкинс атындағы университеттің Әлемдік саясат институты жанынан (Вашингтон қ.) Орталық Азия зерттеулері институты іске кіріскен болатын. Институттың ғылыми зерттеулерінің басты бағыттары: Орталық Азиядағы білім және азаматтық қоғам, сыртқы саясат, этностық жанжалдар және ұлттық қауіпсіздік мәселелері, экономикалық ынтымақтастық секілді тақырыптарды қамтиды. Институт директорының орынбасары доктор Роджер Кангас бұл құрылым Орталық Азияны зерттеудің интеллектуалдық орталығына айналуы тиіс, ол әкімшілікті, Конгресті және бұқаралық ақпарат құралдарын, корпорацияларды қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуді көздейді деп мәлімдеді. Институт «Орталық Азия» атты журнал шығарады, сонымен бірге осы өңір бойынша мағлұматтар банкін қалыптастырумен шұғылданады.
Соңғы кезеңде Құрама Штаттарда Орталық Азия өңірін кешенді түрде зерттеуге байланысты бірнеше институт ғалымдарының күш-жігері топтастырылған ұжымдық бағдарламаларға басымдық берілуде. Солардың бірі – Карен Давиш (Мэриленд университеті) пен Брюс Пэрротт (Вашингтондағы Дж. Гопкинс атындағы университеті) басқаруымен жүзеге асырылып жатқан «Еуразиядағы халықаралық саясат» топтамасы. Жоба кеңестік кеңістіктен кейінгі кезеңде орын алып отырған геосаяси мәселелерді, жаңадан құрылған мемлекеттердің ішкі-сыртқы саясаты, түрлі күштердің Еуразияның өз ішінде және одан тыс жерлердегі қақтығысын саралауға арналған.
Америкалық ғалымдар Қазақстанның стратегиялық жағдайы және оның тәуелсіз ел ретінде дамуына қатер тудыратын факторларды саралауда. Олардың ішінде Э.Уимбуш Ресейдің шовинистік топтарының Қазақстанға аумақтық талаптары, Қытай экономикасының жедел дамуы және «өмір сүру кеңістігін» іздестіруі секілді мәселелерді атайды. Профессор Г.Фуллер «Орталық Азия: жаңа геосаясат» еңбегінде 1992 жылдың өзінде Қытайдың қандай «мінез» көрсететінін болжау қиын, ал Ресейдің өңірдегі әскери және экономикалық қысымшылығы айдан анық деп жазды.
Батыс авторлары Ресейдің жаңа империялық үміттері «интеграцияны ары қарай тереңдетудің объективтік қажеттілігі және өзара тиімділігі» секілді ұрандармен, түрлі «одақтар», бірлескен қаржылық-өнеркәсіптік корпорациялар, тіпті, ортақ атқару құрылымдарын құрумен бүркемеленуде дейді. Америкалық ғалым Д. Файл Ресей, әсіресе, Қазақстанды «өз уысында» ұстауға тырысады, себебі оны бұрынғыша бай шикізат көзі ретінде қарастырады деген пікір білдіреді. Тафт университеті дайындаған «Заманауи Орталық Азияның тарихи болашағы» (1994), «Уолл Стрит джорнэлда» жарияланған «Джеймстаун фаундейшн» қорының сарапшысы В. Сокордың мақаласы (2001) да ұлы державалар арасындағы бәсекелестіктің көрінісі болып табылады. Олар Шанхай Ынтымақтастық Ұйымын Қытай мен Ресейдің батыс елдерін ортаазиялық өңірге жібермеу саясатының құралы ретінде есептейді және Қазақстанның әлемдік рынокқа Қытай мен Ресейдің «жетектеуінсіз» шығуының маңыздылығын атап көрсетеді.
Қазақстан туралы америкалық ғалымдар мен сарапшылардың тұжырымдарын Збигнев Бжезинскийдің еңбектерінен, әсіресе Кеңес Одағының ыдырауы және бұл құбылыстың себептері, жаңа тәуелсіз мемлекеттердің экономикалық және саяси дамуы, Ресейдің Қазақстанға байланысты саясаты жөніндегі тұжырымдарынан бөліп алып қарауға болмайды. «Кремль, ТМД-ға қаржы және экономикалық қысым жасау арқылы, бұрынғы империялық статусын сақтап қалуға, бұрынғы кеңес республикалары жерінде өз әскерлері мен әскери базалар ұстауға ұмтылуда. Орыс саясаткерлері арасында, тіпті Украинаның тәуелсіздігін де «шартты ұғым» ретінде есептейтіндер баршылық», – деп жазады ол.
Қазақстандағы саяси және экономикалық ахуалмен әлем елдерін хабардар етуде «Азаттық» радиостансасының, оның зерттеу орталығының рөлін аттап өтуге болмайды. Оның қызметкері Бэсс Браунның «Тәуелсіздіктен кейінгі Қазақстан» (1991), «Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: өмір жолы» (1991), «Қазақстанның экономикалық реформалары бағдарламасы» (1991), «Қазақстан мен Қырғызстан демократия жолында» (1992), «Ортаазиялық мемлекеттер экономикалық одақ құруда», т.б. мақалалары Қазақстан туралы қоғамдық пікірді қалыптастыруға атсалысты.
Өткен ғасырдың 90-жылдарының бас кезінен Орталық Азияда қалыптасқан геосаяси ахуалға Ұлыбритания бұрыннан келе жатқан зерттеу орталықтарында жаңа жобалар мен бағдарламалар қабылдаумен жауап берді. Халықаралық қатынастар корольдік институтының жобалары шеңберінде Адам Диксонның «Қазақстан: саяси реформалар және экономикалық даму» (1994), Р.Роуландтың «Орталық Азия: қақтығыстар, тұрақтылық және даму», «1990 жылдары Қазақстанның қала тұрғындары құрамындағы өзгерістер» (1999) атты және басқа да авторлардың еңбектері жарық көрді.
Лондонның Стратегиялық зерттеулер халықаралық институты ғылыми зерттеулерге бақылау жүргізу, оларды реттеу, талдау ісімен және жүйелі түрде өтіп отыратын конференцияларда пікір алмасумен айналысады. Институт қызметкерлерінің Қазақстанға қатысты еңбектері қатарында Д. Данройтердің «Орталық Азияда жаңа мемлекеттердің құрылуы. Орталық Азияда кеңес билігі құлауының маңызы» (1994) атты еңбегін бөліп айтуға болады. Онда автор бұл өңірдің геосаяси жағдайы, көпэтностық құрамы, экономикалық қиыншылықтар тәріздес нақтылы факторларды талдауға баса назар аударады.
Қазақстан тақырыбы Глазго университетінің, Кембридж университетінің шығыстану факультетінің, Абердин университетінің кеңестен кейінгі зерттеу орталығында, әсіресе Оксфорд университетінің Орталық Азия зерттеулері қоғамының ғылыми жобаларынан берік орын алып келеді. Бұл құрылымдардың қабырғасында М. Кайзердің (С. Мехротрамен бірге) «Тәуелсіз Орта Азия елдерінің экономикасы» (1992), «Өзбекстан мен Қазақстанның экономикасы» (1994), М.Уэббердің «ТМД-дағы интеграциялық үрдістер: Ресей және бұрынғы кеңестік Оңтүстік», П.Фердинандтың «Жаңа Орталық Азия және оның көршілері» (1994), Салли Каммингстің «Қазақстанның парламент сайлаулары», «Қазақтар: демография, диаспоралар және «оралмандар» (1998), «Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстандағы президенттік билік» (1999), «Қазақстан: орталық – периферия қарым-қатынастары» (2000), «Қазақстандағы легитимация және бірегейлік» (2006) атты еңбектер дайындалды.
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Лондон университеті Шығыстану және африкалық зерттеу мектебінде бұрынғы ортаазиялық республикалардың тарихы мен саяси дамуын зерттейтін Орталық Азиялық зерттеу форумы ұйымдастырылды. Оның директоры Ширин Акинердің басшылығымен «Орталық Азиядағы мәдени өзгерістер және дәстүрлер» (1991) кітабы жарияланды. Автордың «Қазақстандағы кеңес әскери мұрасы» (1994), «Орталық Азиядағы саяси және экономикалық даму бағыттары» (1994) деген еңбектері оқырмандарға жақсы танымал. «Қазақ бірегейлігінің қалыптасуы: тайпалық бірлестіктен ұлттық мемлекетке дейін» атты еңбегінде қазақ халқының кеңестік дәуірден кейінгі бірегейлігіне төрт фактор жатуы керек деп есептейді. Олар: а) «қазақылық» («kazakhness»), яғни тарихи мәдени мұра; ә) қазақтардың өздерінің жалпытүріктік бірлікке жататындығын мойындау; б) көшпелі кезеңнің мұрасы; в) қазақтардың өз туған жерін жақын қабылдауы (Қазақылық концепциясын алғашқы рет А. Байтұрсыновтың ұсынғаны белгілі).
Ұлыбританияда да, Құрама Штаттар секілді бірнеше елдердің ғалымдары қатысатын ірі ғылыми жобалар қолға алынуда. Өткен ғасырдың 90-жылдарының ортасында бұрынғы кеңестік Оңтүстік бойынша ауқымды жоба әзірленіп, оны жүзеге асыруға жетекші британ ғалымдары, сонымен бірге америкалық және ресейлік авторлар тартылды. Дегенмен, бұл топтама халықаралық қатынастар корольдік институты сарапшыларының ғылыми ұстанымдары ықпалында қалды. Институттың Ресей-Еуразия бағдарламасына Рой Аллисон басшылық жасайды.
Ортаазиялық өңірді көптен бері зерттеп келе жатқан құрылымдардың қатарына Оксфорд университеті жанындағы Қасиетті Антоний колледжі де жатады. Мұнда ортаазиялық халықтардың тілдерінде жарық көрген бай әдебиет қоры шоғырланған.
1998 жылы Кембридж университеті Шығыстану факультетінің ғалымдары «Посткеңестік мемлекеттердегі ұлттық құрылыс: ұлттық бірегейлілік саясаты» атты ұжымдық еңбек ұсынды. Бұл тақырыпты Орта Азиялық зерттеулер қоғамы жалғастыруда. Поль Колстойдың «Демографиялық басымдықты күту: интеграция және ұлттық бірлік туралы қазақтардың ой-пікірі» (1998), «Ұлттық құрылыс және Қазақстандағы тіл мәселесі» (2003), «Кеңестен кейінгі қоғамдардағы ұлттық құрылыс және этностық интеграция: Латвия мен Қазақстан туралы зерттеу» (1999) еңбектері – осының дәлелі.
Өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап Германияда да ортаазиялық өңірді зерттеуге байланысты ауқымды шаралар қолға алынып, бұрынғы советологиялық орталықтардың қызметіне құрылымдық және мазмұндық өзгерістер енгізілді. Гуттенберг университеті және Майндағы Франкфурт университеті жанында шығыстану семинарлары, Гумбольдт университеті жанында шығыстану факультеті, Гессенде жеке Шығыстану институты ұйымдастырылды. Кёльн университетінде Орта Азия семинары, Райнише Фридрих университетінде Орта Азия халықтарының тарихын, мәдениеті мен тілін зерттеумен айналысатын семинар бар. Гёте атындағы Франкфурт университетінің Шығыс филологиясын зерттеу институтында қазақ тілі мен әдебиетін зерттеу жолға қойылған.
Жалпы неміс ғалымдары Қазақстан Республикасының саясаты мен экономикасына байланысты мәселелерді «үшінші дүние» елдеріне тән немесе постотаршылық концепция тұрғысынан зерттеуде. Мюнхен университетінің қызметкері Вернер Гумпел отарлық кезеңге оралмас үшін ел экономикасын дамытып, тәуелсіз саясат жүргізудің маңыздылығына тоқталады. Сонымен бірге ТМД, Кедендік одақ секілді ұйымдарды құрудың пайдалы екендігін, бірақ ондай ұйымдардың Ресей өзінің империялық мақсат-міндеттерінен бас тартқан кезде ғана өзара тиімді болатындығын ескертеді.
Қазақстандағы ұлттық құрылыс тақырыбы Катрин Вернер еңбектерінен де орын алған. Басқаша сөзбен айтқанда, қазіргі кезеңдегі орталықазиятану неміс мектебінің ерекшелігі – Қазақстан экономикасы мен саясатының заманауи мәселелеріне басты назар аударуында.
Францияда сонау XVIII ғасырдан бастап қалыптасқан ориенталистикалық дәстүр барлығына (Париж саяси зерттеулер институты, Француз колледжінің Орталық Азияны зерттеу орталығы, Шығыс тілдері мен өркениеттерін зерттеу ұлттық институты, т.б.) қарамастан өткен ғасырдың 90- жылдарының бас кезінде Ташкентте Орталық Азияны зерттеу бойынша француз институты құрылды. Оның алдына қойған мақсат-міндеттері: француз және басқа да еуропалық авторларға Орталық Азияны зерттеуге жағдай жасау, Орталық Азия туралы француз қоғамдық ой-пікірін дамыту, жергілікті ғалымдарды жаңа қоғамдық-саяси ағымдармен таныстыру.
Институттың қазақстандық филиалы Алматыда да ұйымдастырылды. 1994 жылы Парижде Орталық Азияны зерттеушілер ассоциациясы (ARIAC) құрылды.
1990 жылдың орта кезіне дейін Скандинавия елдерінде Қазақстанды зерттеуге шағын топтар ғана мүдделілік танытып келсе, кейінгі уақытта Орта Азия өңірі туралы Утрехт университетінің шығыс факультеті (Нидерланды), Упсала университеті мен Стокгольм университеті (Швеция), Азия зерттеулері Скандинавия университеті (Финляндия) ғалымдарының еңбектері жарық көруде. Олар Қазақстанның түрлі аудандарындағы экологиялық дағдарыс мәселелері бойынша бірқатар еңбектер ұсынып үлгерді. Швед ғалымы С. Клотцли Орталық Азияда су көздерінің жетіспеушілігі және топырақтың ластануы дағдарысынан шығудың жолдарын және болашақта оның жанжал көзіне айналмауын іздестірумен шұғылданса, Упсала университетінің профессоры Ингвар Сванберг Түркия мен Қытайдағы қазақ диаспорасының тарихын зерттеді. Этностық қатынастар қорының директоры (Нидерланд) Макс Ван дер Стул, Швеция халықаралық қатынастар институтының (Стокгольм) қызметкері Лена Ионсон Қазақстан халқының көпэтностық сипаты және оған байланысты ұлтаралық қатынастардың дамуы, Ресей мен Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынастар, Арал дағдарысы төңірегінде зерттеулер жүргізді.
Австралияда (Мельбурн университетінде) Қазақстанға соңғы кезде ғана көңіл бөліне бастады. Мұнда философия докторы Ш. Акбарадзе Орталық Азия өңірінің саяси дамуын және оның тұрғындарының қоғамдық өмірінде исламның алатын орнын анықтауға ұмтылуда.
90-жылдары орын алған геосаяси өзгерістерді ескерген Израиль Тель-Авив университеті жанындағы Кеңес және шығыс еуропа зерттеулер орталығын Ресей және шығыс еуропа зерттеулері орталығы ретінде қайта құрды. Мұндағы Яков Ландау бастаған ғалымдар тобы түркішілдік және исламдық қозғалыстар тарихына, посткеңестік елдердегі тіл саясатына арналған еңбектер жариялады.
Хайфа университетінің профессоры Изабель Крайндлердің Қазақстанда және басқа да Орта Азиялық республикалардағы ұлттық тілдердің әлеуметтік-лингвистикалық болашағы туралы еңбегі Нью-Йоркте, Берлинде және Амстердамда жарық көрді. Тель-Авив университеті жанындағы Ресей және шығысеуропалық зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері В.Бабак түрік мемлекеттерінің бірлігі, Қазақстан мен Ресей арасындағы қарам-қатынастардың дамуындағы энергетикалық ресурстардың рөлі туралы пікірлерін білдірді.
Қытайда Қазақстанды кешенді түрде зерттеумен Шанхай әлеуметтік ғылымдар академиясының тарих институты, Шыңжаң университеті, Пекин университетінің шығыстану факультеті, Қытай әлеуметтік ғылымдар академиясының Ұлттар институты және басқа да құрылымдар шұғылданады. Орталық Азиямен, оның ішінде Қазақстанға қатысты күрделі проблемалармен айналысатын стратегиялық институттар қатарына Шанхай халықаралық зерттеулер институты, Қытай заманауи халықаралық қатынастар институты жатады. Ғылыми қызметінің негізгі бағыттары: Орталық Азия халықтарының Қытаймен қарым-қатынастары, Қазақстанның орта ғасырлардан бүгінгі күнге дейінгі тарихы, мұнда Ресей ықпалының артуы. Қытай әлеуметтік ғылымдар академиясы тәуелсіздік кезеңіндегі Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатын егжей-тегжейлі зерттеп, бірнеше еңбектер жариялады. Шығыс Еуропа және Ресей институтында да Орталық Азияны зерттеу басты ғылыми бағыттардың бірін кұрайды. Институттың 1999 жылы жарық көрген «Қытай Орталық Азия туралы» атты еңбегінде бұл өңірдегі мемлекеттердің Қытаймен экономикалық, мәдени және дипломатиялық қатынастары мазмұнымен, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерімен таныстырылады.
Жапонияның Қазақстан тарихы және мәдениетімен таныстығы Кацуо Эноки, Набуаки Снокава және басқа да ғалымдардың зерттеулерінен айқын көрінеді. Орталық Азияның, оның ішінде Қазақстан Республикасының көне заманнан бүгінгі күнге дейінгі тарихына байланысты тақырыптар Токио сыртқы саясат зерттеулері университеті (Х.Комацу, Т.Моркасу, М.Ямаучи), шығыстану институты (Тойо Бунко), Сока университеті (Т.Хаяси), Киото университетінің (Э.Мано) ғылыми жобаларында ұшырасады.
Қазақстан тарихы, ішкі және сыртқы саясатын зерттеу жұмыстары өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап халықаралық сипат алуда. 1991 жылы мамыр айында Кортона қаласында (Италия) Кеңес Одағының ыдырай бастауына арналған конференцияға Ресей, Ұлыбритания, Франция, Италия, АҚШ және басқа да елдерден 33 маман қатысты. Форумға қатысқан америкалық профессор Кемал Карнат өз баяндамасында Кеңес Одағындағы басқа мұсылман республикаларының тұрғындарынан қазақ ұлтшылдығының «өзгешелігі» оның көшпелі өмір салты, ислам дінінің қазақ қоғамындағы рөлі, қазақ халқының басынан өткен қасіретті оқиғалардың салдары секілді факторлар негізінде қалыптасқандығы туралы концепция ұсынды.
Соңғы 10-15 жыл шамасында шетелдік ғалымдар қатары Қазақстанды арнайы зерттеп, ғылыми дәрежелер алған жас кадрлармен толығуда. Бұл бағытта Бавна Дэйвтің «Тілді өркендету саясаты: Қазақстандағы ұлттық бірегейлік және мемлекеттік құрылыс» (Сиракуз университеті), Йорн Холм-Хансеннің «Қазақстанның мемлекеттік құрылысындағы аумақтық және этностық-мәдени өзін-өзі билеу жүйесі» (Норвегия қалалық және жергілікті тұрғындарды зерттеу институты), Брюс Приватскидің «Түркістан: қазақ діні және ұжымдық жады» (Теннеси университеті), Стивэн Соболдың «Оян, қазақ!»: Орталық Азиядағы орыс отаршылдығы және қазақ ұлттық сана-сезімінің генезисі, 1868-1920 ж.ж.», Майкл Рохлдың «Тың жерлер есте ұстау мен ұмытушылықтың арасында», Барри Салливанның «Қазақстан: ұлттық құрылыс саясатын талдау», т.б. философия докторы дәрежесін алу үшін жазылған еңбектерді атаған жөн.
Қазақстан әлемдік баспасөз беттерінен де түспей келеді. Оларды былай қойғанның өзінде, Қазақстан туралы материалдар бұрыннан мәлім «Орталық Азия шолуы», «Остойропа», «Өркениеттер», «Каррент Хистори», «Орта Азия журналы» басылымдарында, жаңадан ұйымдастырылған «Сентрал Эйша Файл» сияқты елу-алпыс журналдарда жариялануда.
1994 жылдан Швецияның Лудеа қаласында ағылшын және орыс тілдерінде «Орталық Азия және Кавказ» журналы шыға бастаса, 90-жылдардың аяқ кезінен бастап Иранда Орталық Азияны зерттеуді мақсат тұтқан «Амудария» журналының алғашқы саны оқырмандар қолына тиді. Түркиядағы «Евразия этюды» журналында да түркі тілдес мемлекеттерге арналған материалдарда Қазақстанға кеңінен орын берілген. Әрине, айта берсе, Орталық Азия елдерінің, оның ішінде Қазақстанның тарихы, мәдениеті және саясатын зерттеуге арналған басылымдар қатары да біршама. Оның бәріне тоқталып өту де бір мақала аясында мүмкін емес.
Сондықтан да түйіп айтсақ, Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы ішінде еліміздің геосаяси жағдайы, экономикалық реформалар барысы, жекешелендіру, нарықтық экономикаға өту, инвестициялық саясат деңгейі, ұлттық құрылыс және этностық және азаматтық бірегейлік, қоғамдық өмірді бірегейлендіру, ұлтаралық келісімге қол жеткізу, тіл саясаты, білім мен мәдениетті дамыту, ел экономикасын әртараптандыру қадамдары, АҚШ, Қытай, Ресей, Батыс Еуропа және т.б. елдермен қарым-қатынасы, билік жүйесі, саяси партиялар, адам құқығының сақталуы мәселелері бойынша сан алуан еңбектер дүниеге келді. Әлемнің ірі-ірі елдерінің мемлекеттік мүдделері тоғысқан Қазақстан туралы ғылыми зерттеулер мен баспасөз беттеріндегі мақалаларда көрініс тапқан пікірлерде Қазақстан мен Н.Ә.Назарбаев есімінің біртұтас ұғым ретінде қарастырылатындығын орайы келгенде айтпай кету де ақиқаттан аттау болмақ. Ендеше, солардың кейбіріне тоқтала кетейік.
«Г.Колбин орнынан алынғаннан кейін ел тізгінін қолына ұстаған қазақ Нұрсұлтан Назарбаев парасатты да шебер саясаткер ретінде тез арада республика халқының барлық жіктері тарапынан құрмет пен сенімге ие болды» (Поль Колстой, Лондон университетінің профессоры. 1995 ж.)
«Ұлттық құрылыс мүдделері қоғамды демократияландыру талаптарынан алда тұрса да, бұл жағдай сол ретте қимылдау керектігін білдірмейді. Шындығына келгенде Президент Н.Ә.Назарбаев елдің демократиялық дамуын қалағандар жағында болды. Ол көпұлтты тұрақты мемлекет құруға тырысты... қазақ ұлттық бірегейлігін және ұлтаралық келісімді қолдау арқылы елінің қуатын арттыруды көздеді» (Ян Бреммер, Стэнфорд университеті жанындағы Гувер институтының профессоры. 1995).
«Қазақстанның халықаралық аренаға шығуы өзінің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ұлан-ғайыр энергетикалық және стратегиялық әлеуетіне байланысты» (Катрин Пужоль, Шығыс тілдері мен өркениеттері ұлттық институты. Франция. 2000).
«Қазақстанның өзінің мемлекеттік дербестігін сақтауы аса маңызды фактор болып табылады... Бұл елдің өз тәуелсіздігін жоғалтуының салдарын айтып жеткізу қиын» (Джессика Мэтьюз, Карнеги қорының президенті. 2001).
Француз ғалымы Пьер-Люк Сегийонның былтыр Парижде жарық көрген «Қазақстан – Еуразия жүрегі» кітабында бұрынғы кеңес республикасы болған Қазақстанның Президенті Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен бақуатты да беделді тәуелсіз елге айналғанын баяндайды.
Француз сарапшылары Байрам Балчи мен А.Фов жақында ғана Парижде жарияланған «Қазақстан жаhандану үрдісінде: тәуелсіздігінің 20 жылдығының қорытындылары мен даму болашағы» деген мақаласында елдің саяси, әлеуметтік және білім беру саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізгендігін, мұнда ұлтаралық келісім мен тұрақтылық орын алып отырғандығын айтады.
Халықаралық сарапшылар Ролан Данройтер мен Грэхем Фуллер Қазақстан Президентін «Халықаралық беделі жоғары», «дарынды» тұлға ретінде сипаттаса, баспасөз беттерінде оның «стратегиялық болжампаздығын, «көшбасшылық қабілетін», 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға тиімді төрағалық еткендігін, 2011 жылы маусым айында Ислам Ынтымақтастығы Ұйымындағы төрағалық міндетіне кіріскендігін атап көрсетеді. Елінің ішкі бірлігін, жерінің тұтастығын қамтамасыз етіп, оны әлемдік сахнаға алып шыққан Н.Ә.Назарбаевтың қайраткерлік болмысы сан алуан арнайы еңбектердің өзегіне айналды» (Бэс Браун, Джемс Кричлоу, Марта Олкотт, Джонатан Айткен, т.б.).
«Н.Ә.Назарбаев кезінде ядролық қарудан бас тартуы арқылы өз елінің тұрақты дамуына берік негіз қалап, әлем жұртшылығының сенімі мен құрметіне бөленді, жаңа қазақ ұлтының әлеуетті де жарқын болашағы бар» (Nationalities Papers. NewYork. 1998. Vol.26.№3.РР.391-587) деп түйіндейді өз ойларын батыс ғалымдары мен сарапшылары.
Көшім ЕСМАҒАМБЕТОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор.