Қазақстан • 13 Ақпан, 2018

Төрт құдіреттің төркіні

428 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Алматы қаласындағы Гете институтымен бірлесіп ұйымдастырған «Экологиялық сана – табиғаттан үйренеміз» атты халықаралық интерактивті көрме ашылды. Біле білсеңіз бұл көрмеде Жер, От, Ауа және Су секілді ғажайыптардың жаратылысын тануға мүмкіндік аласыз.

Төрт құдіреттің төркіні

«Экологиялық сана – таби­ғаттан үйренеміз» көрмесі біздің планетамыз туралы көптеген қызықты нәрселерді баяндайды және Жер, От, Ауа және Су деген төрт құдіреттің қасиеттері мен ерекшеліктеріне арналады. Бұл көрмеде тек таңғажайып деректер мен дәйектер ғана емес, адамның табиғатпен өзара әрекеттесуінің оң және теріс аспектілерін суреттей отырып, қоршаған ортаны сақтауға қатысуға шақырады.

Бірінші «Жер» тармағында көрмеге келушілер Жер бетіндегі халықтардың орналасуы, оның ластану фактілерін, ресурстарын, климаттың өзгеруіне әсер ететін факторларды, табиғи ресурстарды сақтау және жаңа технологияларды пайдаланудың жолдары туралы білетін болады.

Екінші «Өрт» тармағының экспозициясы бойынша күн энергиясы, жанартаулар, өрттер, «пассивті» үй, болашақтың үйі және гелиотропты үй, күн шұғы­лалы жолдармен және OLE робот-қоңызбен (жол талға­майтын өрт сөндіру қондырғысы) танысуға мүмкіндік алады.

Үшінші «Ауа» тарауы – атмосфера, ауаның ластануы, парниктік әсер, жел электр қондырғылары, электромобильдер, аэродинамика мен бионика жайында баян етеді.

Төртінші «Су» тарауының тақырыптық фотосуреттері мен стендтері әлем бойынша қанша су бар; су сапасын жақсарту жолдары; су ресурстарын пайдалану; жаңа технологияларды қалай қолдануға болады; судың ластануының қалай алдын алуға болады деген сұрақтарға жауап береді.

«Экологиялық сана – таби­ғаттан үйренеміз» көрмесі экология мәселелерімен айналы­сатын­дарға ғана емес, сондай-ақ қоршаған орта проблемаларына бейжай қарамайтын адам­дарға, сондай-ақ, көрме қазақ және орыс, неміс тілдерінде ұсынылғандықтан неміс тілін үйренушілерге де қызықты әрі пайдалы болмақ.

Көрмені тамашалайтын әрбір адам қоршаған ортаны қор­ғау ісіне қалай жеке үлес қоса алатындығын түсінуге мүмкіндік ашады деп білеміз.Төрт құдірет туралы таны­мыңыз да өзгеріп сала береді. Таң­ғажайып төрт құдірет… Жер… От… Ауа… Су…

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ