Қазақстан • 13 Ақпан, 2018

Аграрлық ғылымға артылар міндет ауқымды

463 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісі Аграрлық мәселелер комитеті  Ақмола облысының Шортанды ауданында көшпелі отырыс өткізді. А.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында болған шарада Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында алға қойылған міндеттерді орындау тетіктері жан-жақты талқыланды. 

Аграрлық ғылымға артылар міндет ауқымды

Жиынға Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божко бастаған депутаттар, яғни осы палатадағы «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы Әлеуметтік және Өңірлік саясат пен мәслихаттармен жұмыс жөніндегі кеңестер мүшелері, Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев, ауыл шаруашылығы, білім және ғылым министрліктерінің, сондай-ақ Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Сол­түстік Қазақстан облыстары әкім­діктерінің, қоғамдық бірлес­тіктер мен бизнес ортаның өкіл­дері қатысты. Бүгінде аграр­лық ғылымды дамыту мен оны өндіріске кеңінен енгізу кемшін соғуда. Бұдан басқа, саланы ком­мер­цияландыру мәселесі де оң шешімін таппай отыр. Агро­өнер­кәсіп кешеніне кадрлар даяр­лау ісі де күн тәртібінде тұр.

Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Арман Евниев саланы дамыту бойынша 9 бағытта жұмыс атқарылып жатқандығын айта келіп, Жол­даудағы Елбасының 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын кем дегенде 2,5 есеге арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау жайын сөз етті. Бірінші вице-министрдің пайымынша,  бұл межеге қол жеткізуді осы салада жұмыс істеп жүргендердің санын қысқарту арқылы емес, қайта еңбек өнімділігін арттыру жолымен жүзеге асырған жөн. Әсіресе егіс алқаптарын өң­деуді жақсарту және мал тұ­қымын асылдандыру өте орынды қадам. Әрине бұдан келіп, рыноктардың ашықтығы мен экспорт мәселесін шешу, салық салуды жетілдіру мен технология­ның қолжетімділігі және де бизнес­тің сұранымына қарай ғылымды өрістету қажеттігі туындайды. Мәселен, АҚШ-та, Канадада және Аустралияда ғылым мен өндірісті ұштастыру заңнамалық тұрғыда өз шешімін тапқан. Атап көрсетсек, жергілікті фермерлер әрбір гектардан жинал­ған центнер астықтан немесе әрбір сауылған литр сүттен түскен табыстың белгілі бір бөлігін аграр­лық зерттеулер қорына арнайы салық түрінде аударып отырады. Ал ауыл шаруашылығы саласында зерттеулер жүргізетін институттардан келген мамандар фермерлермен немесе фермерлер комитетімен кездесулер өткізіп, өздерінің зерттеу жұ­мыстарын ұсынады. Сол жерде фермерлер өздеріне қажетті зерттеулер жүргізетін институттар­ға ақшаларын бағыттау туралы шешім шығарады. Былайша айтқанда, фермерлер қай инс­титут зерттеу жүргізуге лайық немесе қайсыбір ғалымның жобасы тартымды болса сонымен байланыс орнатады.

Қазақстан жағдайында ауыл шаруашылығы өнімін өндіру­шілердің осылайша жұмыс істеу мәселесі әлі де пысықталу үстінде.

А.Евниев өз сөзінде аграр­лық ғылымды бюджеттен қаржы қарастырып, субсидия арқылы немесе қосымша қаржылан­дыру жолымен қолдау мәселесі шешімін күтуде екендігін тіл­ге тиек етті. Қазіргі таңда атал­ған қаржылық қолдау тетіктері заңнамалық өзгерістерде көрініс табатындығы жайы да аталмай қалмады.

Осы орайда аграрлық білім беру сапасы көңіл көншітпей келе жатқандығын атай кеткені­міз жөн. Оны ауыл шаруашылы­ғы мамандарын даярлайтын колледждер мен институттардың материалдық-техникалық базалары ескіргендігімен түсіндіруге болады. Білім ордасынан оқып шыққан түлектердің өндіріске келгенде барлығын басынан бас­тайтыны қосымша уақыт пен қаржыны талап ететінін несіне жасырамыз. Сондықтан да оқу бағдарламаларын агробизнес сұранысымен үйлестіру жайы күн тәртібіндегі өткір мәселелердің бірі саналады.

Жиында ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша грантқа түсушілерді оқуын аяқтаған соң 3 жыл қатарынан осы салада жұмыс істеуге мәжбүрлеу жайы да аталмай қалмады.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті АҚ басқарма төрағасы Ақылбек Күрішбаев саладағы жағдай­­ды түбегейлі өзгерту қажеттігіне тоқталды.

Талқылау барысы көрсет­кендей, Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін аграрлық ғылым­ды өндіріспен байланыстыруда білім беру ісіне көптеген өзгерістер қажеттігі ерекше аталды. Ғылыми ізденістер мен жобаларды қарауда, ғалымдар­дың жұмыстарын баға­лауда да көзқарас түбірімен өз­геруі тиіс. Бұл орайда дамыған ел­­дердегі ғылыми-зерттеу орта­лық­­тарының жетістіктерінің тәжі­рибесін қолдану да уақыт талабы. Осылайша ортаға салынған көп­теген ұсыныс-пікірлер екшел­іп, олар тиісті органдардың құзы­ры­на ұсынылатын болды.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы