Қостанай педагогикалық институтының физика-математика факультетін тәмамдаған соң балалық бал мекені өткен Қамысты ауданындағы Клочков ауылына қайта оралған қаршадай қыз өзі оқыған ауыл мектебінде еңбек жолын бастады. Иван Петренкодай қатал басшының қарамағында қатаң тәртіпке үйреніп қалған жас маман әлі ел астанасы болып жариялана қоймаған Ақмола қаласының №26 орта мектебіне ауысып келгенде өзін өте білікті мұғалім санайтын. Өйткені ауылда бір мезетте 5, 6, 7, 8-сыныптарға сабақ жүргізе беруші еді. Алайда кезекті бір семинарда Любовь Ананкинамен кездесуі жас мұғалімнің көзқарасын түбегейлі өзгертті. Өйткені Л.Ананкина өткізген ашық сабақ Гүлнараның жан-дүниесіне қатты әсер еткен еді.
«Оқушылардың тапсырманы орындауы мен баяндауы, білімпаздығы мені таңғалдырды. Өзімнің сабақ беруге әзір емес екенімді түсіндім. Новосібір мемлекеттік университетінің түлегі Любовь Николаевнаның математиканы білу деңгейі мен сабақты түсіндіру шеберлігі ғажайып саз секілді, тыңдай бергіңіз келеді», дейді ол. Осыдан кейін ол өзі үлгі тұтқан білікті педагогтың сабағына үнемі қатысып тұруға келіседі. Мектеп әкімшілігі де жас мұғалімнің Л.Ананкинаның шеберлік сағатына ынтасы ауғанын ескеріп, жұмыс кестесін қайта қарайды.
Осы мүмкіндікті пайдаланған ол төрт жыл бойы Любовь Николаевнаның сабағына қатысып, 8-11 сынып бағдарламасы бойынша шебер педагогикалық мектептен өтеді. Бір жылдан кейін Л.Ананкина №9 лицейге жұмысқа шақырғанда, ұстаз ұсынысын екі етпейді. Осы мекемеде он бір жыл табан аудармай жұмыс істеген оның оқушылары білімге ынталы болатын. Әр сабаққа түбегейлі дайындық пен салмақты методикалық база керек. Интернет қолданысқа енбеген, толымды кітап дүкені кездеспейтін сол тоқсаныншы жылдардың соңында ізденімпаз мұғалім әріптестерімен бірге Новосібір қаласынан кітап тасыды. Жанкештілікпен жинаған кітаптары математикалық кітапхананың негізгі қоры болып осы күнге дейін қызмет етіп келеді. Әрине, бірыңғай дарынды балалармен жұмыс істеуге әріптестері де қызыға қарайды. Бірақ кілең олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері отырған сыныпқа тайсалмай кіру үшін соған сай ізденіс, сабақты қызықты жүргізу, ынталандыру тетіктері керек.
Бұл жолда Гүлнара Кенжебайқызының ұйқысыз өткен түндері аз емес.
Білім – даму кілті. Он жыл бұрын Елбасы бастамасымен жаңа типтегі мектеп құру ісі басталды. Г.Әпеева Астана қаласындағы тұңғыш физика-математика бағытындағы зияткерлік мектепте алғашқы күннен бастап еңбек етіп келеді. Дербес білім беру ұйымы басшыларының бірі Светлана Испусинованың шақыруымен келген алғашқы кезде қиындықтар кездеспей қалған жоқ. Бұл жөнінде «Әрине, қорқынышты сезім болды. Өйткені сол кездегі ахуал біз үшін жыланның алдында тұрған қояндай еді. Бірге келген мұғалімдер екіұдай ойда болдық. Бұрынғы жұмыс орнымызға да көңіл толатын. Бірақ Светлана Бағитқызы бізді сендіре білді. Ол құрылып жатқан мектептің келешекте Сингапурдан да мықты болатынын жиі айтатын», деп еске алады.
Жаңа жүйенің аты жаңа жүйе. Қасаң қағидалар қақ бөлінді. Педагогикалық инновациялар мен сәтті жүзеге асқан әдістемелер енгізіліп, топтық, жұптық жұмыстар тәжірибеде қолданыла бастады. «Жетінші сыныптағы оқушылардың бей-берекет айқай-шуы жүйкеме тиюші еді. Алғашқы кезеңде осы шуды тыю керек деп шештім. Сол оқушылар тоғызыншы сыныпқа келгенде сабағыма қатысқан әріптестерім таңданыстарын жасырмады. Әрине, балалардың топтық жұмысты түсінуі үшін біршама уақыт қажет болды. Сол сияқты бағалау да басқаша еді. Бағалаудың жаңа жүйесі оқушыға оқу нәтижесіндегі жауапкершілікті, оны мұғаліммен бөлісуді сезінуге үйретті. Енді оқушы жақсы баға алу үшін жүйелі еңбек ету керектігін біледі. Қазір балалар баға үшін емес, білім үшін еңбектенеді. Ең бастысы – осы», деді Г.Әпеева.
Мұғалімнің пайымынша, бала – барлық кезде бала. Бүгінгі балалар өте ашық әрі мейірімді. Ең басты артықшылығы, жаңа ақпараттық технологияларды жетік меңгерген. Ал өмірдің жеңісімен бірге жеңілісі де болатынын білуге, күресуге дайын болуға баулу – ұстаздың міндеті. Сондай-ақ авторларды таңдау өзгеше өріс алғанымен әлі де әдеби кітап оқуға қызығушылықтың сақталуы қуантады. Математикадан кіл бестік алу да шарт емес. Егер бағаға қанағаттанбаса өзді-өзі жұмыс істеуі тиіс. Бүгінде ұстаз еңбегінің нәтижесін Назарбаев университетінде және басқа да қазақстандық, шетелдік жоғары оқу орындарында оқып жатқан түлектерінің көптігінен көруге болады. Кейіпкеріміз жаһандану жақсы қасиеттерді ұрлап жатқанына өкініш білдіреді. «Қазақты ерекшелендіріп тұратын ұлттық қасиеттер бар. Мәселен, бұрын туған-туыстар жетім көрсе жебеп жүретін. Қазір қайырымдылық шаралары өріс алып келеді. Балаларды қасындағы нақты адамға қол созуға үйреткен абзал. Сондықтан мектепте қайырымдылыққа көп көңіл бөлінеді. Бұл еш жарнамасыз жүзеге асырылып келеді», деді Г.Кенжебайқызы.
Осы орайда оқушыларды кез келген ақпаратқа сыни көзбен қарап, талдау қабілетін ашуға оқытудың маңызы зор. Сонда шамамен бір жылдан соң өздігінен жұмыс істеу дағдысы қалыптаса бастайды. Нәтижесінде жоғары сыныптарда материалдың тек 30 пайызын түсіндірсе, қалғанын оқушылар оқулықтан-ақ меңгеріп ала қояды. Сыни ойлау мен өздігінен жұмыс істеу дағдысы – сәттілік пен келешектің кепілі.
Ұжымдастары оның ойлау жүйесі оқшау екенін айтады. Мәселен, пәнді таңдау еркіндігіне байланысты «Бұл әлі қабылданбайтын дүние. Біз «миды сатып алатындай» бай ел емеспіз. Математика басқа пәндерге қарағанда үлкен күшті қажет етеді. Сондықтан оны оқытудан бәрі жаппай қашады. Мәселен, конструктор Королевті шығару үшін ерекше кәсіби зияткер орта құру, яғни 300 мың инженер даярлау керек болды. Олардың ортасынан бір дананың шықпауы мүмкін емес еді. Осылай жұмыс істемесек, бізде кулибиндер, поповтар, менделеевтер қайдан шығады?» дейді.
Бірнеше жыл бұрын Г.Кенжебайқызы ағылшын тілін үйренуге ден қойды. 2012 жылы Назарбаев зияткерлік мектебіне шетелдік оқытушылар келгенде, оған өте шыдамды, сонысына орай талапшыл оқытушы кез болды. Бұл сабақты ағылшын тілінде өткізуді мақсат еткен мұғалімнің пайдасына шешілді. Бүгінде ол оқушыларға математиканы ағылшын тілінде түсіндіреді.
«Мен үшін тұтас әлем ашылғандай болды. Ағылшын тіліндегі әдебиет пен интернет ресурстар, мәдениеттің тұтас бөлігі жақындай әрі түсінікті бола түсті. Кейбір жандар үштілділікті іске алғысыз етіп, оған елдің дайын емес екенін айтады. Ал қашан дайын боламыз? ХХІ ғасырдың екінші онжылдығы да аяқталып келеді. Мамандар жетіспейді. Менің ойымша, ауылдағы жастарға екпін беріп, жағдай жасау керек. Бұл бастамадан бас тартпауымыз қажет», дейді ол.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»