Аймақтар • 14 Ақпан, 2018

Бәрекелді: Асауды ауыздықтайтын азамат

738 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазір бас білмейтін асауларды үйретуді былай қойып, атқа мінетін адам көрсек қуанатын жағдайға жетіп қалғандаймыз. Бүгінгінің балалары тай үйретуге емес, ұялы телефон ішіндегі шетелдің құбыжықтарын күйретуге құштар екендігін де ешкім жоққа шығара қоймас. Не десек те, қазақтың қылқұйрықтыдан ажырап бара жатқаны рас. Көңілдің осылай кірбің тартқан кездерінде өздері ат төбеліндей аз болса да бабадан қалған бағлан өнерімізді насихаттап, асаулармен алысып, желмен жарысқан қазақтың марқасқа жігіттері жайында айта бергің келеді. Асаулармен алысып демекші, шын мәнінде жүген, құрық тимеген жылқыларды ырқына бағындырып, талай дүбірлі додаларға қатысып жүрген тақымы мықты шабандоздардың бірі Ерасыл Диқанбаев Үржар ауданының Қарабұлақ ауылында тұрады. 

Бәрекелді: Асауды ауыздықтайтын азамат

Ерасыл 2016 жылы Астанада асау үйретуден өткен «Астана жұлдызы» республикалық турни­рінде күміс жүлде иеленсе, былтыр Көкшетауда жалауы желбіреген «Алаштың алтын шаңырағы» этно­фестивалінде асау үйретуден ел чемпионы атанған-ды. Жақында Үржар ауданына жол түскенде асаулардың арынын басқыш азаматпен аз-кем әңгімелесудің сәті түскен. «Қазақтың хас батыры Қабанбай бабамыздың 300 жылдығы тойланған кезде дүниеге келгендіктен есімімді Ерасыл деп қойыпты. Өзімнің туып-өскен жерім айдынды Алакөл баһадүр батырдың да кіндік қаны тамған мекені. Сондай топырақта өніп-өскеннен кейін атқұмар болмау мүмкін емес шығар. Асау үйре­туге аударыспақ арқылы кел­дім десем де болады. Туған ағам Құрманғазы аударыспақтан аудан­ға, облысқа, республикаға белгілі азамат. Венгрияда өткен әлем біріншілігінде чемпион атанған. Әкем де жылқыны жақсы көреді. Атқа деген құштарлық сол кісі­лерден дарыған болу керек. Қазір республикалық жарыстарға белгі­лі атбегі, ұстазым Тәттімбет Кәпұлы­ның қолдауымен, баптауымен қатысып жүрмін», дейді шабандоз. 

Ерасылдың былтыр Көкше­тауда өткен чемпионаттағы асау үйреткен сәттегі көз ілеспес жыл­дам­дығы, астындағы асау ағаш қоршауға барып соғылған кезде асқан шапшаңдықпен екінші қапталға ытқып шығып, қайтадан қарғып мініп алғаны сайысты тама­шалаған елдің делебесін қоз­ды­ра түсті. Алайда Ерасыл жұрт көңіліне жаққан мұндай тама­ша көріністердің ар жағында қан­шама қиындық пен төгілген тер жатқанын айтады. «Сол сәт әлі есімде. Асаудың мойнына шалманы өзім тастадым.

Аттың төрт аяғы көктен кеп омақаса құлағанда мініп үлгердім. Тұрды да қоршауға тігінен шауып қабырғаға соғылды. Сол кезде сақтық үшін екінші қапталға секіруге тура келді. Қоршаудан алыстағаннан кейін қайта мініп алдым. Меніңше, асауға шалманы өзімнің салып мінгенім ерекше көрінді ме деп ойлаймын. Төрешілер менің өнерімді осы тұрғыдан бағалаған секілді», дейді Ерасыл.
Оның айтуынша, асау үйрету жарыстарының өзіндік тәртібі бар. Шабандоздың өнері тек шалма салып, асауға мініп, тас кенедей жабысып ат үстінен түспей қоюмен ғана бағаланбайды. Асауды үй­рету барысындағы қамшы басып, жылқының қытығына тиіп, көкке шапшытып, тулату секілді қан қыздырар сәттерге төрешілер жоғары ұпай береді екен. Ал осындай үлкен турнирлерге қатысар алдында шабандоздар асауға мініп жаттығудан бөлек, тынысын ашу үшін кәнігі спортшылардай жүгіретін көрінеді. 

Азамат ҚАСЫМ, 
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы,
Қарабұлақ ауылы