23 Қараша, 2011

Қасиетті жерден қуат алды

371 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Оңтүстік Қазақстан облысында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы облыстық филиалы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп, оған партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин қатысты. Саяси кеңес отырысында пар­тияның алдағы Парламент Мә­жі­лісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауы бойынша іс-қимыл жос­па­ры, сайлауалды тұғырнама жобасы талқыланып, XIV съезд делегат­тары сайланды. «Шырайлы оңтүстік» атанған еліміздің оңтүстігі, ұлы ғұламалар дүниеге келген, талай таланттарды қанаттандырған, қазақ дәстүрінің қаймағын сақтаған еліміздегі ең іргелі де қасиетті жер. Бұл қазақ­тар­дың ұлттық руханиятының аса ма­ңызды орталықтары Арыстан баб­тың, Қожа Ахмет Ясауидің кесенелері орналасқан, бүкіл еліміздің мәдени астанасы атанған киелі Түркістан. Сондықтан отырыста сөз алғандар «Нұр Отан» партия­сының жауапты науқан алдындағы алғашқы сапарын осы жерден бас­тағандарын орынды қадам деп ба­ғалады. Бұл «Нұр Отан» партиясының елдікті, ұлттық мүддені, береке-бір­лікті, ынтымақты бәрінен жо­ға­ры қоятын шын мәніндегі халық­тық партия екендігінің басты белгісі болса керек. Сондықтан алдағы сайлауда елін, жерін құрметтейтін әрбір азаматтың таңдауы «Нұр Отан» партиясы болуы тиіс. Партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин: «Біз Елбасымыз, партиямыздың Төр­ағасы Нұрсұлтан Әбішұлы На­зарбаевтың стратегиялық міндеттерін орындаудың арқасында бүкіл халық білетін, ел сенімін ақтаған, еліміздегі ең ірі саяси күшке ай­налдық. Сондықтан біздің бұл жолғы басты мақсатымыз –сайлауда партиямыздың әділ әрі шынайы жеңісін қамтамасыз ету. Себебі, біздің сайлауалды тұғырнамамыз – ол бүкілхалықтық тұғырнама, бү­кілхалықтық бағдарлама», – деді. Қазіргі уақытта Оңтүстік Қа­зақ­стан облысы – әлеуметтік-эко­но­микалық көрсеткіші жоғары, жыл сайын қарқынды дамып келе жатқан еліміздегі ірі орталық­тар­дың бірі. Облыста тұрмысы төмен азаматтар саны 30 пайызға дейін төмендеп, тек биылғы жылдың өзінде 17,6 мың адам жұмысқа орналасып, әлеуметтік жәрдемақы алатындар саны 23 мыңнан асты. Ал, осы жылдың соңына дейін 100-ден астам жаңа білім нысандары мен денсаулық сақтау орындары іске қосылмақ. Облыстың осындай ірі жетістіктерге қол жеткізуіне 88 мың мүшесі, 303 бастауыш ұйымы бар «Нұр Отан» партиясы об­лыстық филиалының қосып отырған үлесі өте зор. – Партиямыздың ұсынып отыр­ған сайлауалды тұғырнамасында барлық салаға қолдау көрсету мә­селесі толық қарастырылған. Оның барлығының шешімін табатынына сенемін. Себебі, біз – әрқашан Ел­ба­сы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың страте­гия­лық міндеттерін жүзеге асыру арқылы жыл сайын өсіп-өркендеп, абыройымыз артып, қарқынды да­мып келе жатқан елміз. Сон­дық­тан, алдағы сайлауда облыстық кә­сіподақ мүшелерінің тек «Нұр Отан» партиясы атынан түскен үміткерлерді қолдап, партияның мақсатын жүзеге асыру үшін жан аямай еңбек ететініне сенемін, - деді сөз алған облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Досыбай Шерімқұлов. Ал жастар атынан ойын ортаға салған Сарыағаш аудандық жастар одағының директоры Жадыра Жү­сіп партияның сайлауалды тұғыр­на­масын бір адамдай қолдауға шақырды. Өйткені, бұл – білімді де білікті жастарды қолдау, оларға оң бағыт беру, жалындаған жастардың өмірлік қажеттілігін қамтамасыз ету мәселелерін көздейтін бағ­дарлама. Жиын соңында облыс атынан съезге қатысатын делегаттар сай­ланып, алда атқарылатын жұмыс жоспарлары бекітілді. Маңызды шешімдер қабылданды. Дәл осы күні республикалық штабтың мүшелері Отырардағы Арыстан баб пен Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенелеріне барып, ата-баба рухына тағзым етті. Оңтүстік Қазақстан облысы.