14 Ақпан, 2018

Қалтафондағы қауіпті қосымша

481 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бұған дейін хабарлағанымыздай, өткен аптаның соңында Ақпа­рат және коммуникациялар ми­нистр­лігі «Дербес деректер және олар­ды қорғау туралы» Заңға қай­шы келгені үшін GetContact мобильді қосымшасының еліміздегі қолданысына шектеу қой­ған еді. Бірер күн бұрын Әзер­бай­жан да қосымшаға тыйым салған бола­тын. Қазақстандық қалтафон қол­дану­шылары бар болғаны бір ғана күн пайдаланған бұл қосымша несімен қауіпті еді? Жеке ақпаратты саудалайтын мұндай қосымшаларға төтеп беруге бола ма?

Қалтафондағы қауіпті қосымша

GetContact қосымшасының жұртты еліктіретіні – кез келген байланыс нөмі­рін енгізгенде өзгелердің ол нөмір­ді қалай сақтағанын көре алу мүмкін­дігі. Мәселен, қызмет көрсету орталық­тарында ұялы телефонға мені Дархан клиент деп, кәсіби қызметте я Дархан журналист, я Дархан саясаттанушы деп сақтауы мүмкін. Егер сіз белгілі бір қызметті үйге алдыртып жасатар бол­саңыз, әлгі қызметті көрсетуші сіздің аты­ңыздың жанына тұратын үйіңіздің атын және пәтеріңіздің нөмірін жазып қояды. Егер кімде-кім әлгі қосымшаға сіздің телефон нөміріңізді теретін болса, осы ақпараттың бәрі оның құзы­ретінде болмақ. 

Қосымшаның авторлары жеке ақпаратты қолжетімді етуді көздемедік, бар ойымыз бейтаныс нөмірден қоңы­рау не хабарлама түскенде кім екенін білу мүмкіндігін ұсыну болды дейді. Олардың айтуынша, қосым­ша алаяқтардан қорғайды және сөй­лескіңіз келмейтін адамның қажетсіз қоңырауына байқамай жауап беру­дің алдын алады. Ниет дұрыс-ақ, алай­да адамдар бағдарламаның мүм­кін­дігін асыра пайдаланып, өзге адам­дар­дың нөмірлерін ермекке теретін болды. Бір-бірін аңдитындар да табылды. Әзербайжандық гинеколог қосым­шаның кесірінен көптеген науқас­тар қиын жағдайға тап болды дейді. Өйт­кені ол науқастардың есімінің жаны­на аурудың атын қоса сақтаған екен. Пәленше аборт, түгенше гонорея деп кете береді. Дәрігердің көме­гіне жүгінетін жалғыз әйелдер емес. Ден­саулық проблемалары көп адамда кездеседі, алайда көбі ондай жеке мәліметтерді жасырын ұстағысы келеді. 

Жасөспірімдер арасында қауіп еселене түседі. Тұрмысы төмен отбасының баласы сабақтан тыс уақытта ата-анасына көмектесемін деп сауда жасап, көлік жуып немесе даяшы болып ақша тауып жүреді. Оң-солын әлі толық танымаған жеткіншектер әлгі құрбыларын келеке етуі әбден мүмкін. Тіпті, ешкім мазақ­тамаса да, әлгі бала өзін кемшін сезі­неді. Кейбіреулері бәзбіреуден кек ала­мын деп оның телефон нөмірін қаса­қана жаман сөздермен сақтауы мүм­кін. Бұл – мәселенің этикалық және пси­хологиялық жағы. Мұндай мысалдарды шексіз келтіре беруге болады. 
Қауіптісі – қосымшаның алаяқтыққа жол беретіндігі. Мекенжайыңыз, қыз­метіңіз, бала-шағаңыздың, жары­ңыз­дың аты-жөні секілді мәліметтер­дің бәрі үшінші тарапқа қолжетімді бол­мақ. Ұрлықтан бастап, түрлі алдап-арбау, қорқытып-үркіту – осының бәріне жол ашылмақ. 

Әдетте адамдар мобильді қосым­шаны орнатарда пайдалану шартына мәтінін оқымастан келісім береді. Мысалы, GetContact шартында сіздің дербес деректеріңіз үшінші тарапқа бері­луі мүмкін деп жазылған. Осы күн­ге дейін қосымша 1,8 млрд байланыс нөмірін жинап алса, соның қазақ­стандық бөлігін бағдарлама иелері елі­міздегі компанияларға сатуы ғажап емес. Нәтижесінде сіздің телефон нөмі­ріңіз көптеген компаниялардың базаларында тұрады. Онда тұрған не бар деуіңіз мүмкін. Айтайық. Телеарнадағы немесе интернеттегі жарнамадан шар­шап жүргенде, қалтафондағы жарна­ма­ға тап боласыз. Спам хабарламалар мен қоңыраулар көптеп келсе, таңғалмаңыз. 

GetContact – адамның жеке мәлімет­терін жинайтын жалғыз бағдарлама емес. Google мен Facebook сияқты кор­­по­рациялар қосымшалары арқылы сіз­­дің қай жерде жүргеніңізді, кіммен сөй­л­ескеніңізді, қандай тамақ жеп, қан­дай киім алғаныңызды сақтап отырады. Осы арқылы бұл корпорациялар сіздің таңдауыңыз бен талғамыңызға әсер етіп, сізді ақпараттық вакуумда ұс­тай­ды. Егер қосымшаны орнату шар­тында сіз микрофоныңыз бен пер­нет­ақтаңызға рұқсат берсеңіз, сіздің сөйлесуіңіз жазы­­лып, перне­­тақта­да не тергеніңіз сақ­­талып отырады. Қалтафоныңыз ар­­­қылы жеке пош­­та­ңызға кірсеңіз, не бол­­маса онлайн банкинг қызметін пай­да­­лан­­саңыз, құпия сөз­дері­ң­іздің бәрі үшін­ші тарапқа мәлім болмақ.

Не істемек керек? Ақпараттық тех­но­логиялар артықшылықтармен бірге қауіп-қатер де төндіреді. Бұл ақ­па­рат­тық технологиядан бас тарту ке­рек­ті­гін білдірмейді. Біз қаласақ та, бас тар­та алмаймыз. Қолымыздан келетіні – жеке мәліметтерді қалтафонда мейлінше сақтамай, орнататын қосымшалардың шартын мұқият оқып отыру. 

Дархан ӨМІРБЕК,
«Егемен Қазақстан»