09 Ақпан, 2010

ӘЛЕМ ӨТКЕН АПТАДА

1072 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
РУМФЫНИЯДА ЗҚҚ ОРНЫҒАДЫ Өткен бейсенбіде Румыния президенті Траян Бэсеску елдің қор­ғаныс жөніндегі жоғарғы кеңесі өз аумағында АҚШ-тың зымы­ранға қарсы қорғаныс (ЗҚҚ) қон­дырғыларын орналас­тыру жөнін­дегі ұсынысын қабыл­даға­нын жариялады. АҚШ мемлекет­тік хатшысының көмек­шісі Филипп Кроулидің айтуын­ша, аталмыш қондыр­ғылар Қара теңіз аква­ториясында да орналас­ты­рылуы мүмкін. Оның түсін­діруін­ше, олар Ресей­ге емес, Иран­ға қарсы бағыт­талмақ. ГЭС-ТІ ХАЛЫҚ ҚАРЖЫСЫНА САЛМАҚ Тәжікстанда салынып жатқан Рогун су электр стансасы халық­тан жинаған ақшамен қаржылан­дырмақ болып отыр. Қаңтардың басында басталған шараға бай­ланысты бір айға жуық мерзімде халыққа 700 миллион самани, яғни 160 миллион доллардай ГЭС акциясы сатылыпты. Осынау ГЭС салынып бітсе, бұл ел электр энер­­­гия­сы тапшылы­ғынан бір­жола құтылмақ. Құрылыс кешегі КСРО кезінде басталып, аяқсыз қалған. Жақында оны салуға Ресей де уәде беріп еді, олар да тайқып кетті. Ел басшы­лығы енді халыққа қол жайып отыр. Бірақ сол халықта да күй жоқ. Талай тәжік азаматтары күнкөрістің қамымен шетел асып кеткен. Олардан қар­жы сұрау да қиын. Басқадай амал қалмаған соң үкімет соған барып отыр. БҰРЫНҒЫНЫ ҚАЗІРГІСІ КІНӘЛАЙДЫ Словакияның премьер-ми­нистрі және “Бағыт социал-демо­кратия” партияның көсемі Роберт Фицо өзінен бұрынғы премьер “Демо­кратиялық пар­тия­ның” көсемі Микулаша Дзурин­­даны жемқор­лық­пен айналысты деп айыптады. Айып­тағанда, қылмыс­тары­ның түрін түстеп, нақты факті­лерді кел­тіреді. Ал Дзурин­да өз атына айтылған айып­тарды мойын­дамағанмен, алдағы пар­ламент сайлауына қатыспайты­нын мәлім­деді. Рас, оны айыптау­дан қорық­қандықтан емес, сайлау науқаны кезінде өз партиясын жамандауға жол бермес үшін деп түсіндірді. ШЕЙІТТЕРДІҢ ЖОЛЫНДА ШЕЙІТ БОЛҒАН Ирак астанасының шет жа­ғын­­­да Кербала қаласына қарай Мұхаммед пайғамбардың немересі Хусейннің әруағына мінәжат етуге бара жатқандардың маңында жасалған лаңкестік әрекеттен 54 адам қаза тауып, 120 адам жарақат алыпты. Әдетте Хусейннің өліміне арналған 40 күндік аза тұтудан кейін Арбаин мерекесі өтеді. Биыл бұл мереке 15 ақпанда бол­мақ. Ол шараға қарсылар да бар. Лаңкестік әрекет – соның бір көрінісі. Мереке кезінде Кербала­да жұрт тыныштығын 25 мың құқық қорғау қызметкерлері күзетпек. НӘПАҚАСЫН СЫРТТАН ІЗДЕЙДІ Шетел ақпарат құралдарының хабарлауына қарағанда, Қырғыз Республикасында 800 мыңдай адам жұмыс іздеп шет елдерге кет­кен көрінеді. Халқы аз қыр­ғыз елі үшін бұл тым көп. Бұрна­ғы жылы қырғыз мигранттары туған еліне 1,2 миллиард доллар қаржы аударыпты. Бұл Қырғыз­станның ішкі жалпы өнімінің 27 пайызын құрайды екен. Соған қарағанда, елде қалғандардың өндірген өнімі де, тапқан табысы да мардымсыз екенін аңғару қиын емес. Әрине, елде жағдай жақсы болса, ешкім де сырттан нәпақа іздемейтіні белгілі. ЖҮГЕРІДЕН ЖҮРЕК АЙНИДЫ Бір тамақты күнде жей берсе, адам одан шығады. Ал жұғым­сыздау тамақ одан да жаман. КХДР-да адамдардың негізгі тамағы жүгері болып отыр. Мұны ел көсемі Ким Чен Ирдің өзі мойындап, алдағы уақытта оны бидай және күрішпен алмас­тыруды жоспарлап отырған­дарын елдің бас басылымы “Родонг Синмун” хабарлады. Көп жерде түсімі мол жүгері – малға жем-азық. Оны басқа дақылмен алмас­тыру да оңай бола қоймас. Онсыз да бұл елдің халқы азық-түлік жетімсіздігінен көп қиналып, шеттен көмек сұрайды. ПИКАССОНЫҢ БІР СУРЕТІ – 13 МИЛЛИОН ДОЛЛАР Лондонда өткен импрес­сионистер мен модернистердің шығармалары аукционында Пабло Пикассоның және оның жолын қуушылардың картина­ларына сұраныс күшті болды. Пикассо­ның кездейсоқ көрсе кей адамның үрейін ұшыратындай “Әйелдің басы (Жаклин)” карти­насы 13 миллион долларға баға­лан­ған. Алғашқы ұсыныс бағасы 5-6 мил­лиондай екен. Голланд сурет­шісі Кеса ван Донгеннің 1910-1911 жыл­дарда жазған “Сыған қызы” картинасы 11 миллион 284 мың долларға бағаланыпты. Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.