Бағдарлама еліміздің ертеңгі темірқазығы болғандықтан онда негізгі өзекті мәселелер қолға алынады.
ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсенің басшысы Бақытжан Әшірбеков осы жайлы толығырақ баяндады. Мәселен, облыста қасиетті жерлердің тізімін қалыптастыруға ұсыныстар әзірлейтін өңірлік жұмыс тобы құрылып, киелі жерлердің өңірлік картасының жобасы жасалды. Қазіргі таңда «Қасиетті Қазақстан» орталығымен жалпы республика бойынша 100 нысан іріктеліп алынса, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысынан 25 нысан енгізілген болатын. Облыс көлемінде бағдарламалық мақаланың басымдықтарын жүзеге асыру бойынша «Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасын ерекше атауға болады. Мұның аясында 40-тан астам шара өткізілді.
– Облыста «Туған жер» арнайы жобасы бойынша 50 жоба дайындалып, 150-ден аса іс-шара жүзеге асырылуда. Сондай-ақ кәсіпкерлер мен демеушілердің қатысуымен 31 млрд 467 млн теңгені құрайтын 577 өңірлік жоба жүргізіліп келеді. Оның ішінде 2017 жылы 6342,8 млн теңгеге 473 нысан аяқталып, пайдалануға берілді. Жалпы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы енді жаңа жобалар бойынша жүргізіледі, – деді Бақытжан Әшірбеков.
Сонымен қатар облыс басшысы Жансейіт Түймебаевтың қолдауымен тарихи-мәдени мұраларымызды насихаттап, жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериялы телехикая, «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау», «Күш атасы – Қажымұқан» атты анимациялық және «Ұлы Жібек жолындағы ескерткіштер» сынды деректі фильмдер түсіріліп, ел назарына ұсынылды
Бұл ретте облыстағы «Сақ» киностудиясының өнімді еңбегін атап өтуге болады. Бірнеше халықаралық байқауда жеңімпаз атанған киностудия анимация саласында жақсы дүниелер ұсынып жүр.
Халықаралық сарапшылар «Сақ» студиясы туындыларының негізінде патриоттық рухтың басымдығын, оны бір ұлтқа телінбейтін, дүние жүзіндегі барлық халықтарға рухани қазына екендіктерін айтқан. Яғни, бағдарламада айтылған отаншылдық идеясы кинокомпания өнімдерінде көрініс тауып жатыр.
Бұл бағыттағы жұмыстар облыста кезең-кезеңімен жыл бойы жаңа жобалармен толығады.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы