Руханият • 15 Ақпан, 2018

Алаш қозғалысы және Ғұмар Қараш

1299 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы­ның Жәнібек ауданында «Рухани жаңғыру: Алаш қозғалысы һәм Ғұмар Қараш» атты ғылыми-тә­жі­­ри­белік конференция өт­ті. 

Алаш қозғалысы және Ғұмар Қараш

«Жарық жолға бастаушыға ереміз бе,

Ақ жүректі шын ерлерге сенеміз бе?

Таза қанды, кірсіз жанды қазақ жұрты

Өз алдына ел болғанын көре­міз бе?» –

деп өткен Алаш­тың асыл тұлғасы Ғұмар Қараштың қысқа ғұмырында жасап кеткен істері көп-ақ. Жалпы, Жәні­бек өңірі ғұмар­тану ісінде біраз шара атқарып үлгерген. Ақын әрі ағартушы шы­ғар­машы­лығы мен өмірін зерт­теу, насихат­тау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. 1992 жылы ақын­ның кіндік қаны тамған Борсы ауылындағы орта мектепке Ғұмар Қараш есімі берілсе, 2006 жылы Жәнібек ауылындағы орталық кө­шенің бірі Ғұмар Қараш атындағы көше деп аталды. Сол жылы Жәні­бек ауылындағы орталық алаңға біртуар азаматтың кеуде мүсіні орнатылды. Борсы ауылында 2000 жылы туғанына 125 жыл толуына орай «Ғұмар Қараш – ғұлама дарын» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілсе, 2016 жылдан аймақтық «Ғұмар Қараш оқулары» шығармашылық бай­қауы ұйымдастырыла бастады. 2017 жылы маусым айында Борсы ауылында Ғұмар бабамыздың өмірі мен шығармашылығына арнал­ған «Қараңғылықтың түне­гін түр­ген шамшырақ» атты аудан­дық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Есімі 1990 жылдардан бері ғана ашық айтылып, әлі күн­ге дейін басына қарапайым қоршау­дан басқа ештеңе орнатылмаған арыстың басына сәулетті кесене тұрғызылатын болды. Жәні­бек ауданының әкімі Азамат Сафималиевтің айтуына қараған­да, кесене қаржысын аудан тұр­ғын­дары, шаруа қожалығының жетек­­­шілері, кәсіпкерлер көтеріп алмақ.

Конференция жұмысына Ба­тыс Қазақстан инновациялық-техно­логиялық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кан­­­дидаты, Ж.Досмұхамедов атын­­дағы «Қайраткер» қоғамдық қоры­­ның президенті, алаштанушы Дә­меткен Сүлейменова, «Ғұмар Қараш. Қоғамдық-саяси қызметі» атты монографияның авторы, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, ғұмартанушы Бақтылы Боранбаева, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Самат Құрманалин, Ма­хам­бет Өтемісов атындағы Ба­тыс Қазақстан мемлекеттік уни­верситеті «Қазақстан тарихы және өлкетану» ғылыми орта­лы­ғының жетекшісі, доцент, тарих ғылымдарының кандидаты, облыстық рухани жаңғыру са­рап­шылар комиссиясының мү­шесі Жаңабек Жақсығалиев, тағы басқа ғалымдар мен зерттеу­шілер қатысып, ақын өмірі мен шығармашылығы, тарихи қызметі туралы ойларын ортаға салды.

Конференция кезінде «Ұлы­сын ұлықтаған Ғұмар елі» атты жинақтың тұсауы кесілді. Мұнда жергілікті ақындардың Ғұмарға арнаған жырлары мен Ғ.Қараш шығармашылығына арналған ғылыми конференция материалдары топтастырылған.


 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы