Кеншілер командасының тізгінін ұстаған 31 жастағы Әлібек Оразғалиевтің есімі футбол саласына үш қайнаса сорпасы қосылмайды дейтін-ақ маман. Өмірі доп теуіп көрмеген, бұл салада қандай да бір қызмет атқармаған. Бірақ облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Наталья Сухорукованың айтуынша, Әлібек Сәкенұлы қаны жерге тамбайтын қаржыгер екен. «Қаржыны бақылау – дәл қазіргі уақытта біз үшін соңғы іс емес», дейді ол. Яғни Сухорукова ханымды «Шахтердің» алдағы маусымдағы шабысы мен табысы емес, ұжымның тиын-тебенді үнемдеп жаратқаны көбірек толғандыратын сияқты.
«Шахтердің» биылғы бюджеті 2 млрд теңгені құрайды. Басқа амал жоқ, клуб осы қаржыға ілдебайлап күн көруі қажет. Тіпті Сухорукова ханым команданың алдына ақша табуды үйрену керек деген міндет қойып отыр. Былтыр жоғары топтан «ұшып» кете жаздап, әупіріммен аман қалған, биылдың өзінде шалажансар жаны бар «Шахтер» оны қайдан, қалай табатынын жергілікті спорттың басшысы білмесе, өзге жұртқа беймәлім...
Иә, кезінде «Шахтер» қатарынан екі дүркін ел чемпионы болып, Еуропа кубоктарында табысты өнер көрсеткенде бюджеттен аянбай бөлінген көл-көсір ақшаның астында қалды. Қарны тоқ, киімі көк болған соң футболшылар да аянбай ойнады, «Шахтердің» құрамында өнер көрсетуге мықты деген легионерлердің өзі құлшынып тұрды. Бір өкініштісі, сол кездері ақшаны оңды-солды шашқан басшылар ұстанған теріс саясаттың кесірінен команда әлі күнге дейін қаржылық мәселесін оңалта алмай келеді.
Енді «Шахтердің» бас бапкерлігіне келген Беларусь маманы туралы аз-кем айтсақ. Обалы нешік, жаңа жаттықтырушының ойыншы һәм бапкер ретіндегі өткеніне қарап отырсақ, бірталай белесті бағындырған екен. Владимир Журавель 1989 жылдан 2005 жылға дейін жасыл алаңда қорғаушы ретінде доп тепкен. «Динамо» (Ереван), «Хапоэль» (Иерусалим), «Динамо» (Минск) және «Жемчужина» (Сочи) сынды командалар сапында өнер көрсетіпті. Қол жеткізген табысы да аз емес: Беларусь елінің бірнеше дүркін чемпионы, ел кубогының иегері және Израиль кубогының финалисі. Бапкерлік қызметті 2005 жылы УЕФА-ның жаттықтырушылық лицензиясын «Pro» дәрежесі бойынша алғаннан кейін Беларусь командаларында бастаған.
2010 жылдан 2014 жылға дейін Кишиневтің «Дачия» командасын жаттықтырып, ел чемпионатында бірнеше дүркін күміс жүлде алды. Былтырғы маусымда «Динамомен» (Брест) бірге Беларусь чемпионатында «Үлкен үштікті» (БАТЭ, «Динамо» (Минск), «Шахтер») ғана алға жіберіп, турнир қорытындысында төртінші орынға табан тіреген. Бұған қоса команда 10 жыл үзілістен кейін ел кубогын жеңіп алып, Брест қаласына сыйға тартты.
Қазіргі таңда Түркияда оқу-жаттығу жиынында жүрген «Шахтердің» құрамына жергілікті 12 футболшы енген. Ал легионерлердің тағдыры әлі белгісіз. «Мұны ақша шешеді. Кім оларға жақсы жағдай ұсынады, олар сол жаққа тартады. Сондықтан былтыр команданың негізгі құрамын жасақтаған ойыншыларды биыл алаңнан көрмейтін боламыз. Мәселен, Юлиус Сзоке мен Марко Станоевич командамен қош айтысты», дейді бас жаттықтырушы.
Алдағы уақытта команда құрамына шақырылатын легионерлерді жаттықтырушылар штабы шешпек. Жаттықтырушылар демекші, Журавель Беларусь елінен жалғыз өзі келді. Оған өткен маусымда командада жаттықтырушылық қызмет атқарған Андрей Финонченко мен Игорь Солошенко көмектесетін болады.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы